October 19

Ханафи мәзһабы бойынша түшкірген адамға жауап беру мәселесі 

Имам Мухаммад айтты: «Әбу Ханифа Хаммадтан, ол Ибраһим (ән-Нәхәғиден): «Егер адам түшкіргеннен кейін: «Әлхәмдулилләһ» («Аллаһқа мақтау болсын») деп айтса, оған: «ИәрхамунАллаһу уә ийәәк» («Бізді және сізді Аллаһ рақымына бөлесін»), - деп айт. Ол: «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» («Бізді және сізді Аллаһ ғапу етсін») деп айтады» («әл-Әсар», 208 бет).

Ибн Әбу Шәйбә өзінің «әл-Мусаннаф» (6\171) жинағында әл-Ағмаштан, ол Ибраһим (ән-Нәхәғидің) мына сөзін жеткізеді: «Егер адам түшкіргеннен кейін Аллаһқа мадақ айтқаннан кейін (және адамдар оған «ИархамукАллаһ» дегеннен кейін), «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» деп айтатын».

Және ибн Шәйбә (6\171) әл-Харистен, ол ол Ибраһим (ән-Нәхәғидің) мына сөзін жеткізеді: «Абдуллаһ (ибн Масғуд) түшкіріп, Аллаһқа мадақ айтқан кезде (адамдар оған «ИархамукАллаһ» дегеннен кейін): «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» деп айтатын».

Әл-Бухари өзінің «Әдәбу әл-Муфрад» (933 бет) кітабында Мәликтен, ол Нәфиғтен, ол Абдуллаһ ибн Омар түшкіріп, оған «ИархамукАллаһ» дегенде, ол: «Иархамуна уә ийәкум» немесе «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» дейтін.

Абдур-Раззақ өзінің «әл-Мусаннаф» (19677) жинағында Әбу Әләәу ибн Абдуллаһ ибн Шәхирдің былай айтқан сөзін жеткізеді: «Бір адам Омар ибн әл-Хаттабтың құзырында түшкіріп айтты: «Әссәләәмуәлейк». Омар оған: «Уәғалейк уә әлә уммик! Түшкірген кезде не айту керек екенін білеме? Егер түшкірсе: «Әлхәмдулилләһ», - деп айтсын. Қасындағы адамдар оған: «ИархамукАллаһ», - десін. Ол: «Иәғфируллаһу ләкум», - деп жауап берсін»».

Әбу Дәуіт (5031) және ат-Тахауи өзінің «Шарху мағани әл-Әсар» (4\301) кітаптарында Һиләл ибн Иәсәфтың мына сөзін жеткізеді: «Сәлим ибн Ғубайдпен бірге болған кезде бір түшкірді (кейін жоғарыда келтірілген сөздерді келтіреді)...» Бұндай асарды және Абдур-Раззақ әс-Сәбиқ жеткізеді, бірақ тізбекті Пайғамбарға ﷺ жеткізбейді.

Имам ат-Тахауи айтты: «Ғалымдар бұл сөзді айтуды дұрыс көріп айтты: «Түшкірген адам жоғарыда келген хадиске сай айту керек және түшкіргенді естіген адамдарда солай жауап беруі керек (яғни: «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» деп). Әбу Ханифаның, Әбу Юсуфтың және Мухаммадтың, Аллаһ оларды рақымына алсын, мәзһабтары осы»».

Шейх Нуруд-Дин Итр әл-Ханафи өзінің әйгілі «Булуғ әл-Марам» кітабына жазған «Иғләму әл-Әнәм» (4\480) кітабында біздің мәзһаб неге «Иәһдикумуллаһу уә иуслиху бәләкум» («Аллаһ сіздерді тура жолға бастасың») деген дұғаны таңдамағаның түсіндіре келе айтты:

«Ханафилер: «Иәғфиру-Ллаһу ләнәә уә ләк» сөзін таңдап және дәлел ретінде әл-Хаким, мен ат-Табарани Ибн Масғудтан келген хадисті ұстанды. Әбу Дәуіт пен әт-Термизи Әбу Муса әл-Әшғариден: «Яһудей Пайғамбардың ﷺ қасында оның ﷺ «ИархамукАллаһ» деп айтуын дәметіп түшкіргенде, Пайғамбар ﷺ оған: «Иәһдикумуллаһу уә иуслиху бәләкум», - деп айтты. Хадисті имам әт-Термизи «хасан-сахих» деді».

Қорыта айтсақ, басқа мәзһаб иелері таңдаған «Иәһдикумуллаһу уә иуслиху бәләкум» сөзі асылында адасқан өзге дін иелеріне қатысты айтылған, ал мұсылмандар тура жолда. Сондықтан мұсылман тура жолдан гөрі көбірек Аллаһу Тағаланың ғапуына, рақымына мұқтаж (ибн Хаджар әл-Әсқаләни, «әл-Фәтху әл-Бәрри», 1\609).