7-КҮН

Аллаға сансыз шүкір: жетінші күнге де жеттік. Алғаш рет мұндай рухани марафонға қатысып жатқандар үшін ең керемет, қайталанбас сезімдер орын алып жатқан шығар. Қасиетті айдың әрбір минутын, әрбір секундын пайдалы етіп өткізу өте маңызды.

Соған орай, БҮГІНГІ ТАПСЫРМА:

  • Бүгін Жұма. Бір хадисте былай делінген: «Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, онда оған екі жұма арасына нұр болады».Кәһф сүресін оқуға тырысыңыз: арабша оқи алсаңыз арабша; білмесеңіз қазақша оқысаңыз да болады. Егер мүмкіндік болмаса, тыңдасаңыз да болады.
  • Бүгін күнделікті садақа құтысынан бөлек, асыр намазына дейін садақа беріп үлгеріңіз. Садақаны қалай беруді, кімге беруді білмесеңіз, Балхия ханымның "Садақа" жайлы эфирін көріңіз.
  • Ата-ана - кімнің болса да ең қатты бағалайтын, құрметтейтін асыл қазынасы. Олардың разылығын алу - жәннаттық болудың бірден бір кепілі. Бүгін ата-анаңызды мәуліт айымен құттықтап, сыйлық жасаңыз. Бағалы әшекей,брендтік зат болмаса да, олардың жағдайын сұрап, бір орамал сыйлағаныңыздың өзі оларды қатты қуантады. Ата-енеңізге де сыйлық жасауды ұмытпаңыз. Жолдасыңыздың туысы - сіздің де туысыңыз. Барлығына бір күнде үлгермесеңіз, ыңғайлы уақытты жоспарлап, кейінгі күндері берсеңіз де болады. Бірақ, міндетті түрде сыйлық жасаңыз.
  • Мына хадисті жаттап алуға тырысыңыз:
«Кімде-кім ата анасын риза қылса, Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса, Алланы ашуландырғаны».
  • Алланың көркем есімдерін жаттауды тоқтатпаңыз:

9. Әл-Азиз – Аса зор, Ұлық, Қуатты, зор кеңшілік Иесі. Онымен ешкім теңесе алмайды. Кімде-кім Алланың бұл көркем есімін таң намазынан кейін 40 рет қайталап оқыса, Алла Тағала оны қаржы мәселесінде басқалардан тәуелсіз етеді.

10. Әл-Жәббар – Аса өктем. Билік пен қуат Иесі. Нені қаласа, соны кімге де болсын істете алады.


Күнделікті орындайтын тапсырмалар:

  • Пайғамбарға (с.а.с) салауат айту.
  • Пайғамбардың (с.а.с) өмірбаянын оқу.
  • Садақа құтысына 100тг салу