СЕН ОНЫ ҰМЫТПАУҒА ТИІСТІСІҢ!
1943 жылы желтоқсан айында Украинаның Миргород қаласында тұрған 162-ші Түркістан жаяу әскер дивизиясының (командирі генерал- майор, хинди тілінің маманы Нейдермайер) 1-ші полкінің (командирі Харьков әскери академиясын бітірген Қази Қазыбеков) жауынгерлері алдында далалық радио торабы (репродуктор) арқылы Вермахттың Жоғарғы бас командованиесінің Түркістан насихат взводының унтер-офицері шенінде ол [Ғайпен Бейісов] былай депті:
«Сен, мүмкін қараңғы түнде туған шығарсың, сенің бесігіңнің үстіне қайғының қара бұлты төнгенде, қорыққаныңнан көз жасың көктен құйған жауындай жауған шығар. Сол уақытта, сені тыным таппай бейшара анаң жұбатты, сенің жөргегіңді құрғатты. Сенің түзу, берік болып өсуің үшін қызмет етті.
Анаң екі мықыны талып, бүкшеңдеп орақ орғанда, сен іште жатып еңбек күйін тыңдадың. Сен дүниеге келіп көзіңді ашқанда, түнде шатасып жылағаныңда, анаң түн ұйқысын төрт бөліп, көзін талдырып, бесік күйін жырлап, сені тербетті, сен үшін жанын пида қылды. Сенің мазасызданбауыңа тілектес болды.
Сенің тілің шықпай тұрғанда, ең бірінші «ана» деуге тілің келген, сен тіл үйреніп сөйлей бастағанда «Ана» деген сөзден бастағансың. «Ана» деген сөз аз — сен оны ұмытпауға тиістісің.
Анаң басқа ауылға қыдырғанда сені екі елі қасынан қалдырмады. Сенің шүлдірлеп жаңа ғана сөйлеп келе жатқан тіліңді қызық көріп С еркелетті. «Сенің табаныңа қадалған тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп тілек тіледі, бұл сенің денсаулығың үшін, дұрыс адам болып шығуың үшін тілектестігі еді.
Сен даладан жүгіріп үйге келгенде «Қайдан келдің, қарағым?» дейтін анаң, сонда сен еркелеп, тамақ сұрайтынсың. Сонда «не ішесің, қарағым?» деп анаң барын алдыңа ұсынатын. Түсте әкесі сабаннан келгенде, анаң пісірген май бауырсақпен шай ішетінсіңдер, сонда, сен әр нені айтып, анаң мен атаңның ортасында отыратынсың.
Сен жігіт болып өстің, қан майданда жауыңмен алыстың, енді анаңның сүтін ақта! Анаң үшін, Отаның үшін, халқың үшін қызмет ет! Жауыңа қайырымсыз бол! Сенің амандығыңды анаң тілеуде, оның көзінен көл болып, теңіз суындай жастар ағуда. Кеше қан майданда, жауып тұрған қорғасын жаңбырдан аман қалдың, мүмкін анаңның тілегі үшін аман қалған шығарсың.
Сен жігіт болып өстің, қыздарға көз салдың, ғашық оты ерікке қоймады, жастықтың мастығында жүре бердің. Ол жастық сенің басыңды сиқырларша айналдырар, сенің көз алдыңа періштедей ғашық жарың елестер. Тек, сол жастыққа ауаланба, өзінді өзің берік ұстауға тырыс. Бұл саған «жастық дәуіріңді құр өткіз» деген сөз емес, ойнай бер, күле бер, жастықтың мастығында суға жүзген балықтай жүзші, саған ешкім қарсылық етпейді, кімде- кім қарсылық етсе, ол адам өмірді әлі түсініп болмаған адам, ол адаммен шатаспа, көніліңді бөлме, ісінді жалғастыра бер. Анаң саған осылай ақыл айтқан.
Сүюдің де сүюі бар, кейбір жастар махаббаттың мәнісі осылай деп, тоғыз ай көтеріп, омыртқасы үзілген анасын ұмытып, қол ұстасып бір «куыршақтың» соңынан тайып береді. Міне, осындайлардан аулақ бол. Сен бақытсыздыққа ұшырасаң, елден бұрын анаң есіне түседі.
Сенің ата-бабаң Темір, Абылай жау ортасында қол-аяғы шынжыр кісенмен байлаулы қалғанда, ашуы келіп, шынжыр кісенді тісімен үзіп, әлемге атағын шығарып, бар өмірін халқы үшін, ұлты үшін сарп еткен. Сен сол атақты Темір, Абылайлардың ұрпағы екеніңді біл, жадыңнан шығарма, балалық қылма!
Атажұртың сені сол Темір, Абылайлардың жолын куатын қажырлы, қайыспас ержүрек деп біліп, жауына қайырымсыз етіп тәрбиеледі.
Сен ертең қолыңа қару алып, дұшпанға баратындығыңды біл! Егер, сен жау ортасында жараланып калсаң да дұшпанға берілмеуге тырыс. Сол кезде атаң Темір, Абылайдың қайратын есіңе түсір, солардың істегеніндей ерліктер істе! Сонда жау саған ештеңе де ете алмайды. Сонда сенің жас қаның ыршып, қайнай түседі. Сол уақытта ер болғаныңды байқамай да қаласын.
Сағынып күткен елің, асыр салып өскен жерін зарығып, зарданған ұлын көргенше асық. Сол елді, сол жерді, тек қана білектің күшімен, найзаның ұшымен көре аласын, жауыннан босата аласың, сонда ғана сағынған мауқыңды баса аласың. Сенің алдында қол жетпес асу, таудай талап бар, бойды кернеген ашу қайнаған ызалы кекке ұласқанда ғана сол асуды ала алатындығынды біл!
Есінде болсын, әркімнің де анасы бар, әркімнің де анасы осылай өсірген. Баласы анасы үшін, туған халқы үшін, кіндік каны тамған Отаны үшін кызмет етсе, сонда ғана халкын, Отанын, туған анаң саған риза болады. Сенің денсаулығың олар үшін қымбат, сондықтан денсаулығынды күт, оны ақ сүтін берген анаңа, халқына қызмет қылуға арна. Сонда ғана балалык борышыңды ақтаған боласын. Дүннеге келіп байлаулы бұзау болып өтпе, «Халқым», «елім» деген ерлердің біреуі болуға тырыс. Сонда балалық борышыңды актайсың!
Сол кезде бар-жоғы жиырма екі жаста болған жігіттің жүрегінен жарып шыққан жалынды сөздердің мазмұны мен маңызын түсіну бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай.
~ Ғайпен Бейісов, Вермахттың Жоғарғы бас командованиесінің Түркістан насихат взводының унтер-офицері, Аққали Ахметтің "Сен оны ұмытпауға тиістісің!" мақаласынан