«Ашаршылықтың әрбір қазақстандықтың санасына әсер еткендігі сөзсіз»
Саясаттанушы Берікбол Дукеев Қазақстан билігі не себепті 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты геноцид деп танымағаны жөнінде айтты
Жаздың соңғында Астанада жыл сайынғы TEDx шарасы өтті. Биылғы шараға спикер ретінде әртүрлі саланың өкілдері шақырылған. Олардың ішінде әлеуметтанушы, астрофизик, әлеуметтік лингивистика профессоры, перфоманс әртістер бар.
Австралияның Ұлттық Университетінде докторлық дәрежесін қорғаған Берікбол Дукеевтің баяндамасы Ашаршылыққа арналды. Біз одан осы тақырыпта қысқаша сұхбат алдық.
Cаясаттанушы Берікбол Дукеев ашаршылық жайлы ашық талқылаулардың маңыздылығы және тарих жөніндегі оқулықтар мен саясаттың өзара байланысы туралы айтты.
Сарапшының пікірінше, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық әрбір қазақстандық санасына әсер етті, ал оның салдары бүгінгі күнге дейін біздің қоғамның бойында бар. Ашаршылықтың кесірінен 1,5 миллионнан астам адам көз жұмды. Осы апаттан бас сауғалап, миллионнан астам адам шекара асып, Қазақстаннан көшіп кетті. Бұл оқиға қазақтардың тіршілігінің негізі болған, атам заманнан бері айналысып келе жатқан көшпелі мал шаруашылығының жойылуына әкеліп соқты.
Кеңес өкіметі ашаршылық туралы естеліктердің көзін жоюға тырысса, қазіргі биліктің әрекеттері тақырыпты кеңінен талқылауға кедергі жасау, жолын бөгеу. Зерттеуші Сара Кэмеронның айтуынша, Қазақстан билігі Ашаршылық жайлы ұстанымдарды қалыптастырғанда бірінші кезекте Украинаның 2006 жылы Голодоморды геноцид деп жариялғанын және осыдан кейін Украина-Ресей қатынасының нашарлағанын ескерген.
Еске салайық, биыл полиция «31-мамыр» комитетінің төрағасы мен қатысушыларын ұстап, еске алу және қайғы-қасірет шеруін өткізбей тастаған. Шеру қарсаңында прокуратура алматылықтарды заңсыз жиынға қатысқаны үшін 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуға мүмкін екенін ескертіп, жиынға қатыспауға шақырған.
2012 жылы экс-президент Назарбаев Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімі кезінде «тарихты таразылағанда көреген болуымыз керек және бұл тақырыпты саясиландыруға болмайды» деп айтқан болатын. Ал 2021 жылы Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының спикері ретінде «Ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал» деп мәлімдеді.
Берікбол Дукеевтің сөзінше, биліктің ұстанымы адамдардың ашаршылық тақырыбында өзін-өзі цензуралауға алып келуі мүмкін.
Ашаршылыққа қатысты архивтерді зерттеу жүргізіліп, арнайы комиссия құрылса да, ашаршылық туралы биліктің қайталап айтатын негізгі ойы – айтыңыздар, жазыңыздар, бірақ оны саясиландырмаңыздар. Яғни саясиландырма деп нені меңзеп тұр? Бұл адамдардың өзін-өзі цензуралауына әкелуі мүмкін деп ойлаймын, – деді Берікбол Дукеев.
Саясаттың оқулықтарға қалай әсер ететіні жайлы сөз қозғай отырып, Берікбол Дукеев «Сауаттылық, оқулықтар және идеология» кітабынан «мәтіндер - тек қана фактілерді жеткізетін жүйе ғана емес. Оларды нақты мүдделері бар нақты адамдар ойластырады, жобалайды және жазады. Олар нарықтардың, ресурстардың және биліктің саяси және экономикалық шектеулері аясында жарияланады», – деген дәйексөзді келтіреді.
Ашаршылық туралы Қазақстан оқулықтарында:
- аштыққа кінәлілерді анықтау туралы;
- халықтың ұжымдастыруға қарсы көтерілісі туралы;
- Ашаршылықты трагедия немесе геноцид ретінде бағалау туралы қарама-қайшылықтар бар.
Бір оқулықтың авторы зерттеу барысында «ұжымдастыру мен аштық жасырылған, егер ол ашылса, Мәскеудің оларды (ұжымдастыру мен аштық) ұйымдастыруы туралы сұрақтар туындауы мүмкін. Жауапкершілік Мәскеуде болуы мүмкін деген қорқыныш бар», деп оқулықтардың мазмұнына Ресейдің ықпалы барын мойындады.
Оқулықтарда Ашаршылықтың себептері жайында қарама-қайшылықтардың болуының тағы да бір себебі - оқулықтарға кеңестік насихат әсерінің де болуы. Атап айтқанда, кей кітаптарда ұжымдастыру қазақ қоғамының дамуына жағымды ықпал етті деген пікірлер бар. Бұндай оқулытарда авторлар Ашаршылық құрбандары жайлы баяндаумен қатар, колхоздардың құрылуымен ауыл шаруашылығы өнімділігінің қаншалықты өскенін сипаттайды.
Берікбол Дукеевтің сөзінше, бұл оқулықтар ұжымдастыру тәсілдерін сынаса да, оның жалпы мәнін мүлде сынға алмаған. Саясаттанушы аштықтың себептеріне тек тәсілдерді ғана емес, жалпы ұжымдастыру үдерісін жатқызу қажет дейді.
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, Ашаршылықтың себебі — Кеңестік билік социализмды құру мақсатында жүргізген ұжымдастырудың салдары болып отыр. Кеңес Одағы көшпелі қоғамдарды артта қалған қоғам ретінде ғана қарастырды және оны міндетті түрде социалисттік қоғамға айналдыру керек деп сенді. Ұжымдастыру осындай оймен жүзеге асырылды, соның салдарынан Қазақстанға Ашаршылық келді, — дейді ол.
Оқулықтарда аштыққа кім кінәлі екендігі туралы сәйкессіздіктер де бар. Бір оқулықтар бұған бүкіл кеңес жүйесі кінәлі деп санаса, басқалар жауапкершілікті нақты Сталин, Голощекинге артады, ал кейбір оқулықтар Ашаршылыққа қазақ коммунистерін де кінәлайды.
Талданған тарих оқулықтарында кеңестік Қазақстанда 1929-1931 жылдары болған шаруалар көтерілісі және тәркілеу мен ұжымдастыруға қарсы байлар көтерілістерінің қарама-қарсы түсіндірмелері берілген. Бұл айырмашылықтарды Кеңестік және Қазақстан билігінің байлар көтерілісіне қатысты саясатымен байланыстыруға болады. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы 1993 жылғы заң байлар мен басқа көтерілістерге қатысушыларды ақтауға әсер еткен жоқ. 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ғана сот пен тергеусіз атылған көтеріліске қатысушыларды ақтау қарастырылды.
Кейбір оқулықтар ашаршылықты геноцид деп атаса, басқалары мұндай мәлімдемелер жасамайды. Берікбол Дүкеевтің айтуынша, Ашаршылықтың қазақтардың көзін жою үшін әдейі жасалғаны туралы құжаттар немесе дәлелдемелер болмағандықтан ол БҰҰ-ның геноцид туралы анықтамасына сәйкес келмейді. Алайда, Дукеев барлық болған зорлық-зомбылықтың нәтижелерін геноцид деп атауға болатындығын мойындайтын зерттеулердің бар екендігін атап өтті. Сонымен қоса, сарапшы 1992 жылы Жоғары Кеңестің аясында құрылған Ашаршылық пен ұжымдастыруға байланысты коммиссияның Ашаршылыққа «геноцид саясатының негізінде орын алған» деп баға бергенін айтты.
Берікбол Дукеевтің пікірінше, тарих кітаптары ұлттық тұлғаны қалыптастыруда, әсіресе ұлттық тарихты жаңадан ашып, жазуға бейім жаңа тәуелсіз мемлекеттер үшін маңызды рөл атқарады. Тарих оқулықтарындағы келіспеушіліктерді түзеуге қоғам әсер ете алады.
Автор: Акмарал Джакибаева