ЕҢ АЛҒАШҚЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕС /әңгіме/

🔰 «Бұдан былай мен ағылшын тілі пәні мұғалімімін. Студенттік өмір аяқталды. Бойымда тулаған қуаныш сезімі басылар емес. Мен үшін нағыз өмір енді басталады!!!» Бұл қазіргі сезімімнің қысқаша тәржімасы ғана. Өйткені бір апта бұрын ғана мектепке жұмысқа қабылдандым. Бүгін алғашқы пед. кеңес.

🔰 Әдемі көйлек-шалбарымды киіп алып автобус аялдамасына бет алдым. Бірнеше минутта келіп жеткен автобусқа таласа мініп мектепке қарай бет алдым. Жолда көлігіміз бұзылып қалды. Алдымда екі таңдау. Не автобустың жөнделуін немесе басқа автобустың келуін күту, не болмаса сабырға толы мығым қадаммен мектепке қарай жаяу аяңдау. Екінші жолды таңдадым.

🔰 Төбемнен оңтүстіктің қызуы қатты күні өтіп барады. Мектеп жүрген сайын алыстап бара жатқандай елестеді. Жарты сағаттан астам уақыт жүріп әрең дегенде мектебіме жеттім. Жақын көрінгенімен жаяуға алыс жер екенін өзіме дәлелдегендей болдым.

🔰 Коридорда кездескен бір забіш ағай: «Ооо, бауырым. Алғашқы кеңеске кешігу жақсылықтың нышаны емес» деп күлді. Бойымды күннің ыстығымен қоса үрей де басып барады. «Тезірек барыңыз. Басталып кетті» деді сүйіншісін сұрағандай. Басымды бір изеп, кабинетке қарай бет алдым.

✅ «Кешіріңіз, болады ма? Мына 1ші автобус…» дегенім сол еді, директор мырза «кіріңіз, отырыңыз» деп жымиды. Мен үнсіз ғана бос орынға отыра кеттім. Үрейім қан қысымыммен бірге аздап түсе бастады.

✅ Қызу талқы болып жатыр. Әркім кезегімен өз ойларын жеткізуде. Бір-бірінің пікірлеріне құрметпен қарап, өз ойларын да сыпайы түрде жеткізіп жатқандары мені таң қалдырды. ЖОО-да пед.кеңестің қалай жасалатындығы, мұғалімнің ондағы ролі туралы ештеңе естіген емеспін. Айтылса да есімде қалмапты. Менің түсінігімде пед. кеңес директор немесе оның орынбасарларының орындауындағы кішігірім драмалық қойылым болып көрінетін. Ең жағымды түрі аздап мызғып алатын ұзақ мерзімді лекциядай елестейтін. Ал мына жиналыс бір қызық. Менен басқасының бәрі ойын төгіп жатыр. Ал басшылар болса оларды мұқият тыңдап, кеуде дәптерлеріне керекті жерін түртіп отыр. О, ғажап!

✅ Әр мәселені талқылауға арнайы уақыт бөліп, көп ұзатпай бірлесе шешім қабылдап, кезектегі мәселеге өтіп жатыр. Бәрі өз ретімен, фабрика жұмысы іспетті. Шешімі табылмаған мәселелер болса кейінге қалдырылып, мұғалімдерге келесі жолы бұл мәселені зерделеп келу тапсырылуда. Арасында кофе-брейк те жасалды. Шәй ішіп отырып «жиналысың осылай өтсе, күнде келіп қатысар едім» деп ойлап қоямын.

✅ Шәйді сіміріп отырғанда «Қалайсыз, Аян мырза» деген жылы дауыс елең еткізді. Бұрылып қарасам бағана керемет пікір айтып, білімділігін құнды пікірлерімен дәлелдеп отырған физика пәнінің мұғалімі Қайрат ағай екен. «Мырза» сөзінен аздап қысылғанымды сезді ме тәжірибелі ұстаз сөзін жалғап «қазіргі кезде жастар, әсіресе ерлер ауыр жұмыстың орнына жеңілді таңдай бастады. Мұғалімдік тәрізді ауыр жұмысты толығымен әйел азаматтары көтере бастады» деді. Бұл пәлсапалық тұжырымымен келіскенде ыңғай танытқаныммен нені меңзеп тұрғанын түсінбегендей кейіп таныттым.
«Сіз сияқты тіл білетін жастар басқа жұмыстарға кетіп жатыр. Ал сіз мұғалімдікті таңдадыңыз. Сіз сияқты жастарға құрметім жоғары. Маладетс» деді. Кеудемді абырой оты өртеп жібергендей болды. «Рахмет ағай» деп әрең айттым.

✅ Физик ағай әңгімесін жалғап «байқаған боларсыз, біздің орта сәл бөлек. Бір бірімізге, пікірімізге, еңбегімізге деген құрметіміз ең басты құндылығымыз. Мектеп мәдениеті денгенді осындай қарым-қатынастар құрайды. Сондықтан қалыс қалмаңыз. Пікіріңізді айтып, қатысып отырыңыз. Бұндай кеңесте дұрыс немесе бұрыс пікір деген болмайды. Әрбір пікір өзінше құнды» деді. Пәлсәпаның терең тұңғыйығында шомылып жатқандай сезіндім. Дегенмен не айтқысы келгенін толық ұғынғандай болдым.

✅ Жиналыстың екінші бөлімі басталып кетті. Кезек мектептегі ағылшын тілін оқыту мәселесіне де келіп жетті. Менің «English teacher» әріптестеріме қосылып басқа пән мұғалімдері де пікір айтып жатыр. Мен қалай қарап қалайын. Дауысым дірілдесе де өз ойымды байыбымен жеткіздім.
Қайрат ағай орынынан атып тұрды да «құрметті әріптестер, арамызға қосылып жатқан жас ұстазымыз Аянды алғашқы ұсынысымен құттықтаймыз» деп қол шапалақтай бастады. Бәрі қосылып қолпаштап кетті. Мен аң-таңмын.

✅ Директор мырза: «Ал, әріптестер жас маманымыздың ұсынысына не дейсіздер?» деді. Бәрі бір ауыздан «қолдаймыз» деп шулап кетті. Менің басымнан «мыналар қызық адамдар екен» деген ой кетпей қойды.

✅ Жиналысымызды оң көңіл-күймен аяқтап тарқастық. Директорымыз маған көлігімен үйіме дейін жеткізіп салуды ұсынды, бір айтары да бар екен. Келісіп машинеге отыра кеттім. Жолда директор ағай әрдайым қолдайтынын айтып ағалық кеңесімен бөлісумен болды. Бір сөзін әлі ұмытқан емеспін.
«Біз, мектеп басшылары, сіздердің жемісті жұмыс жасауларыңыз үшін барлық жағдай жасау үшін ғана бармыз. Сіздердің пікірлеріңіз, ойларыңыз сол үшін бізге құнды. Ой-пікірлеріміз ұштасқанда ғана балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие бере аламыз. Ал жақсы ой айта алу үшін ардайым ізденіс ішінде болуың, үздіксіз білім үйренуің керек. Бұны ұмытпа!»

Қолдан кесе ұмытып көр бұндай сөзді!

📌 Бұл оқиға 19 жыл бұрын болды. Жылдар өтіп түрлі басшылық қызметте де болдық, мектеп те басқардық. Әріптестерімнің құнды пікірлері мен оң қолдауларын қажет еткен кезеңде алғашқы көшбасшымның айтқандары көз алдыма қайта оралады.
Алғашқы директорыма деген құрметпен…