Мықты мектеп моделі қандай?

🔰 Сапалы басқару және қызмет көрсету тұрғысынан мықты мектеп моделінде төмендегідей ерекшеліктер байқалады.

📌 1. Мүдделі тараптарды тарту.
Қазіргі күні көптеген мектеп басшылары өз мектептерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында арнайы даму стратегияларын құрастырып мектепке түрлі жобалар жасауда. Олар жобаларды іске асыру мақсатында көптеген мүдделі тараптарды серіктестікке тартуда. Олар кімдер:
- Ата-аналар. Мектептің тәрбие жұмыстарына қатысты әлеуметтік, тәрбиелік маңызды жобаларына ата-аналарды тарту өте маңызды.
Мыс: Нұр-Сұлтан қаласындағы бір орта мектеп кітапхана қорын ұлғайту, оқушылардың кітап оқу дағдысын арттыру мақсатында ата-аналармен бірлескен түрлі шаралар өткізуде.
- Түлектер. Оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында мектепке түлектердің тартылуы. Олармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, басқа қаладағы оқу орындарына оқушыларды апарып таныстыру жұмыстарына қолдау жасатуға болады. Бұндай жұмыс үшін ресми түлектер қорын ашқан мектептер бар.
- Түрлі бағыттағы (өнер, агро, IT, жаратылыстану, т.б.) мектептер салаларына сай кәсіпорындармен бірлескен жұмыс жасауда.

📌 2. Ғылыми зерттеу жұмыстарына назар.
Көптеген мектеп директорлары оқушылардың ғылыми зерттеу қабілеттерін ерте жастан анықтау, оларға мүмкіндік жасау бағытында біршама жобалар жасауда. Осылайша оқушыларға қызығушылық бағытын ерте анықтап, келешек мамандығын таңдауда қолдау көрсетілуде.
Мысалы: Еліміздің біршама мектеп-интернаттарында жоба негізінде білім беру жобасы қызмет беруде. Оның негізінде балалар әр түрлі салада ұзақ мерзімді зерттеулер жасап, бойларына жаңа дағдылар қалыптастыруда.

📌 3. Жаратылыстану-ғылыми және инженерлік-технологиялық пәндердің басымдығы.
Бұл үдеріске бір сөзбен заман талабы деуге де болар. Күнделікті өмірдегі IT-инженерлік саласының қарқындап дамуы, технологияның өміріміздің маңызды бөлігіне айналуы, мектептерде қосымша жаратылыстану-IT пәндеріне көбірек мән беруге себеп болды.
Мысалы: Көптеген мектептер IT клубтар, робототехника курстары, бионика үйірмелері мен математика-физика факультативтерінің санын көбейтті. Бұның бәрі инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жобалар.

📌 4. Дәстүрлі сабақтардан жобаға бағытталған оқытуға өту.
Жоғарыда да атап өткендей дәстүрлі оқыту жүйесі орынын жоба негізінде оқытуға қалдырып жатыр. STEAM лабараториялар құрылып, оқушылардың өз өнімдерін шығаруына бағытталған оқыту үлгісіне көшіліп жатыр. Оқушыларға күнделікті тұрмыста қолданылатын жобалар құруға бағыт берілуде.
Мысалы: Қарағанды қаласында 3D принтер көмегімен өнімдер жасайтын мектеп бар. Олар қарапайым ойыншықтан бастап мүгедек жандарға протез қол жасаумен де айналысады.
Енді бір мектеп сайттар жасаумен, ал енді бірі болса түрлі телефон қосымшаларын дайындаумен айналысуда.

📌 5. Өңір мүддесіне бағытталған жұмыс
Бұл бағыт балалар бақшасынан бастап, орта, кәсіптік және жоғарғы оқу орнының нақты бағытта, өңір мүддесі үшін жұмыс жасауы болып табылады. Мұндағы мақсат - келешекте өңір өндірісіне қажетті кадрларды дайындау.
Мысалы: Тараз қаласында өңірдегі химия өндірісіне негізделген химия колледжі қызмет беріп жатыр. Бұл салада ЖОО-ы да мамандар даярлауда.
Бұл бағыт елімізде әзірге кенже қалуда. Бірақ келешекте өндіріс орындарының сұраныстары негізінде кәсіпорын мүддесіне бағытталған оқытудың дамитындығына сенімдімін.
Әрбір облыс орталықтарында арнайы IT мектептерінің ашылуы да өңір қажеттілігіне бағытталған.

📌 6. Жеке тұлғаға бағытталған оқыту (индивизуализация)
Дәстүрлі оқыту жүйесінде сынып ішіндегі түрлі қабілеттегі оқушыларға бірдей деңгейдегі білім беріледі. Кейінгі кезде кейбір мектептер оқушылардың жеке дамуына бағытталған білім беру керектігін айтып жүр.
Мысалы: Бұндай оқыту көршілес Ресей елінің кейбір жеке мектептерінде атқарылып жатыр. 4-5 оқушыға бір ментор тағайындалып, балалардың жеке даму троекториясы әзірленіп, ментордың бақылауында сол бағытта білім алуына мүмкіндік жасайды.

🔷 Міне осындай мықты, бәсекеге қабілетті бірнеше мектеп моделімен бөлісіп отырмыз.
Егер сіздің де қосарыңыз болса, мархабат…