September 7, 2023

ШАВКАТ МИРЗИЯЕВ: ТӘУЕЛСІЗ ТАРИХЫМЫЗДА МҰНДАЙ ҚАЛАНЫ АЛҒАШ РЕТ ҚҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ

Президент Шавкат Мирзияев 5 сентябрь күні Жаңа Ташкент қаласының

Бас жоспарының жобасымен танысты.

Бүгінгі таңда Ташкент қаласында жасайтын және жұмыс істейтіндердің саны 5 миллионға жуық адамды құрайды. Көптеген үйлер мен мекемелер салынып жатыр, инфрақұрылым желілеріне жүктеме артып келеді. Соған қарамастан, жылына 20 мың пәтерлі тұрғын үй, 40-тан астам мектеп, балабақша, емхана салуға сұраныс бар. Урбанизация қарқынына сүйенсек, алдағы жылдары халық саны бұдан да артады.

Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып, Ташкенттің даму жоспарын 15-20 жыл алдын айқындау міндетін қойған еді. Осының негізінде қала сыртында заманауи сәулет өнерінің жетістіктеріне негізделген жаңа орталықтың құрылысы басталды.

Үстіміздегі жылдың 20 июлінде Президенттің Жаңа Ташкент қаласын құру шаралары туралы қаулысы қабылданды. Оған сәйкес, Премьер-министрдің басшылығымен Жаңа Ташкент құрылысы бойынша істерді үйлестіру кеңесі құрылып, дирекция ұйымдастырылды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ми­нистрлігіне осы жобаға жауапты орынбасар лауазымы енгізілді.

Бұл үлкен жоба үшін Ташкент облысының Жоғарышыршық және Орташыршық аудандарынан 19 мың 720 гектар жер таңдалып алынды. Бірінші кезеңде 2,5 мың гектар жерге 100 мың адамға арналған тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарын салу жоспарлануда. Дирекцияға жетекші шетелдік компаниялар тартылып, дамыған елдерде сәтті сынақтан өткен тәжірибе негізінде Бас жоспар, салалық жоспарлар мен мақсатты бағдарламалар әзірленуде.

“ТошкентбошпланЛИТИ” мемлекеттік унитарлық кәсіпорнында Бас жоспар жобасының таныстырылымы өтті. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары — “Жаңа Ташкент қалалық құрылыс дирекциясының” директоры аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жолдар мен көпірлер салу, инженерлік, қалақұру және сәулеткерлік шешімдер туралы ақпарат берді.

Жобада жасыл желекке, қолайлылық пен үнемділікке ерекше көңіл бөлінген, белсенді экономика мен әлеуметтік өмір үйлесім тапқан, көлік тармақтары астанамызбен дәйекті байланысқан.

Жалпы айтқанда, Жаңа Ташкент “ақылды” және “бақ қала” болуы керек. Әкімшілік орталықта мемлекеттік мекемелер, Жаңа Өзбекстан университеті, кітапхана, тарих мұражайы, мәдениет сарайлары орналасады. Сондай-ақ қалада бизнес және инновациялық аудандар, білім беру, медициналық және туристік кластерлер болады. 420 гектар аумақта орталық саябақ, массивтер арасында жасанды канал және көлдер, Шыршық пен Қарасу өзендерінің бо­йында саябақтар салынып, халықтың демалуына қолайлы жағдай жасалады. “Ташкенттің жасыл белдеуі” жобасы осы жерден бастау алады.

Бұл құрамдастардың жобасын Сингапур, Англия, Қытай, Германия, Түркия, Нидерланды, Оңтүстік Корея, БАӘ сияқты мемлекеттердің 20 жетекші компаниясы әзірлеуде. Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық салаларды озық стандарттармен үйлестіру қажеттігін атап өтті.

— Біз отыз екі жылдық тәуелсіз тарихымызда алғаш рет осындай қала салып, оған әлемнің жетекші компанияларын тартып жатырмыз. Бірақ біздің салалар мен стандарттар соған сай ма? — деп сұрады Шавкат Мирзияев. — Олар заманауи жобалармен үндес болуы керек. Сондықтан құрылыс, энергетика, коммуналдық шаруашылық, экология, ирригация, көлік сияқты барлық тиісті салалардағы заңдар мен стандарттарды әлемнің ең жоғары талаптарына сай жетілдіру қажет.

Президент Бас жоспар негізінде жыл соңына дейін жобалау жұмыстарын егжей-тегжейлі аяқтап, құрылыстың бірінші кезегі бойынша жобалаушы және құрылысшы кәсіпорындарды анықтауды тапсырды.

— Бұл жобаны неге асықпай қайта-қайта қарап жүрміз? Бұл қала халыққа жүз жылдап қызмет етуі керек. Адамдар бірінші орында болуы керек, болашақтағы құрылыстар ескерілуі керек. Бірінші кезең мінсіз салынса, ол мектеп болады, — деді мемлекет басшысы.

Болашақ ғимараттар мен инфрақұрылымдарды пайдалануды қазірден ойластырып, осы бағытта мамандарды дайындау қажет екені баса айтылды.

ӨзА