ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ
Өзбекжәнеқазақхалықтары — ежелдентілі, діні, салт-дәстүрлеріөзараұқсас, мәдениеті, тарихыменбүгінібірегізхалықтар. Бүгінгі таңда Өзбекстан және Қазақстан Республикалары мемлекет басшыларының жүргізіп жатқан сындарлы саясаты екі бауырлас халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, өзара қарым-қатынасы мен тұрақтылығын арттыруға, халықтар арасындағы достық байланыстарды дамытуға бағытталуда. Түбі бір, тағдыры тоғысқан, келешегі кемел достас мемлекеттер арасындағы байланыстар барлық салада дәйекті жалғастырылуда.
Соңғы жылдары еліміздегі оқу-ағарту жұмыстарындағы реформалар білім берудің сапасы мен нәтижелілігін арттыруға, оқушылар мен студент-жастарда заманалық білім мен дағдыларды қалыптастыруға, білім берудің үздіксіздігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде елімізде жасайтын әрбір ұлт өкілінің өз ана тілінде білім алып, оқып үйренуі, шығармашылықпен кеңінен айналысуы үшін барлық мүмкіндік жаратылған. Елімізде өмір сүретін қазақ халқы да бұл реттегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Өзбекстанның өркениеті жолында аянбай еңбек етуде. Республикада жасайтын қазақ халқының бұл реттегі қызметінің бір қыры да Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетімен тікелей байланысты деуге болады.
2023 жылғы 15 ноябрьде Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде “Қазақ тілі және әдебиеті” кафедрасының 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде атап өтілді. Оған Низами атындағы ТМПУ-дың ректоры Абдуғаффор Қирғизбоев, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Жасұлан Исқақов, академик жазушы Қалдыбек Сейданов, профессор Анаргүл Қалдыбекова, “Нұрлы жол” газетінің бас редакторы Ғұламзәкір Юсупов, “Халқ сузи” және “Народное слово” газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов, Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, аудармашы Ақан Ташметов, журналист Гүлнара Байжанова, тағы басқалар қатысты.
Шара барысында “Қазақ тілі мен әдебиеті” бөлімінің іргетасы қаланған күннен бастап осы уақытқа дейінгі тарихы сөз болды. Бүгінгі күнде марқұм ағартушылар жайында көптеген естеліктер айтылды. Университеттің Тарих және филология факультеті құрамында 1953 жылы қазақ тілі және әдебиеті бөлімі ашылған болатын. Тарихы мол бұл бөлім жемісті жетпіс жыл барысында кемел ұрпаққа білім беру жолында абыройлы жолдан өтті.
— Университетімізде нәтижелі жұмыс жүргізетін “Қазақ тілі және әдебиеті” кафедрасы құрылғанының 70 жылдығы кеңінен атап өтілді. 1953 жылы университетіміз құрамында қазақ тілі және әдебиеті алдымен бөлім болып құрылып, 1972 жылға келіп жеке кафедраға айналған, — дейді Низами атындағы ТМПУ-дың ректоры Абдуғаффор Қирғизбоев. — Жемісті жылдар ішінде кафедраның профессор-оқытушылары мыңдаған кадр дайындады. Осы бөлімді бітірген білікті мамандар республикамыздағы қазақ тілінде білім берілетін оқу орындарында жұмыс жүргізеді. Бұдан тыс, бұл кафедра педагог-кадрларды дайындап қана қоймай, Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарымен университетіміз арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық байланыстарын жалғастыруда. Атап айтсақ, біріккен бағдарламаларды ашу, академиялық ұтқырлық, профессор-оқытушылардың тәжірибе алмасуы, сондай-ақ ғылыми-іс жүзіндік конференцияларды өткізу бойынша ынтымақтастық жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Бұлардың барлығы өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық байланыстарын нығайтуға қызмет етеді.
Кафедраның негізгі міндеті — республикамыздағы оқу қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептерге қазақ тілі және әдебиеті пәнінен білім беретін оқытушыларды дайындап жеткізу. Бүгін осы шараға қатысқан Алматыдан, Шымкент қаласынан, сондай-ақ республикамыздағы білім беру мекемелерінен келген өкілдер осы кафедрада жүргізілген жұмыстарды тілге тиек етіп, әріптестік байланыстарды дамытуға орай жасалуы тиіс жұмыстар жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бүгінде мемлекетімізде түрлі ұлт өкілдері жасайды екен олардың діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударылуда. Низами атындағы ТМПУ-да аталған бөлімнің жұмыс жүргізуі де міне осы реттегі мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан сындарлы саясаттың бір көрінісі деуге болады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі Ерғали Қыстаубаев газет оқырмандарына берген сұхбатында былай дейді: — Бүгін осы Өзбекстан Республикасындағы ең үлкен және үздік оқу орындарының бірі — Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының 70 жылдық мерейтойына қатысып отырмыз. Мерейтой аясында біз қазақ тілі және әдебиетін дамытудағы Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды өз көзімізбен көріп, жасап жатқан игі істеріне куәгер болдық. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы еларалық және халықаралық достастықты, сенімді серіктесті нығайтудағы жүргізілген жұмыстардың өте маңызды және жемісті екенін көрдік. Достастығымыз ары қарай жалғаса берсін және де бұл кафедра ұжымына Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұловтың атынан өз ризашылығымызды білдіріп, кафедраның профессор-оқытушылар құрамының алдағы жұмыстарына сәттіліктер тілейміз. Олардың осында жасап жатқан жұмыстары алға басып, әрқашан үлкен белестерден көріне берсін деген өзіміздің ізгі тілегімізді білдіреміз.
Бүгінде кафедрада мамандық және кәсіптік пәндер бойынша оқу-әдістемелік, рухани-ағартушылық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, оның құрамында ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау үшін қайта дайындау курстары мен “Қазақ тілін жедел үйренеміз” оқу орталығы жұмыс істейді.
— Аталған бөлімнің Өзбекстандағы қазақ тілі мен әдебиетін, баспасөзін дамытуға қосқан сүбелі үлесі мол. Өйткені осы жердегі басылымдарда, түрлі мекемелерде қызмет етіп жүргендердің көбісі осы филология факультетін бітірген кадрлар. Мен де солардың қатарындағы түлектердің бірімін. Бала кездегі арманым журналист болу еді. Осы арманыма филология факультетін бітіру, ұстаздарымнан алған тәлім-тәрбие арқылы қол жеткіздім. Соның нәтижесінде Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі болдым. Біздің жолымызды осында оқып жүрген жастарға берсін, кафедраның абырой-беделі арта берсін, — дейді журналист Гүлнара Байжанова.
Аталған бөлімнің тарихына тоқталар болсақ, 1953 жылы Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және филология факультетінің құрамында тұңғыш рет қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі құрылды. 1972 жылдың май айында филология факультеті құрамында “Қазақ филологиясы” кафедрасы ашылды. Кафедраға алғаш тәжірибелі ұстаз Н.Базарбаев шақырылды. Кейінгі жылдарда оны филология ғылымдары докторы, профессор Т.Айдаров, филология ғылымдары кандидаты, доцент Қ.Сейданов және филология ғылымдары кандидаты, профессор Т.Қалдыбаевтар басқарған. Бүгінгі таңда профессор Е.Абдувалитов кафедра меңгерушісі лауазымында осы бөлімді басқаруда. Профессор Е.Абдувалитов 2020 жылы “Жалпы орта білім беретін мектептерде туысқан халықтар әдебиетін салыстырмалы үйрену (білім өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ және түркімен тілдерінде жүргізілетін мектептердің V-IX сыныптары әдебиет сабақтары негізінде)” тақырыбында докторлық және де Н.Абдувалитов 2021 жылы “Жалпы орта білім беретін мектептерде әлем әдебиеттерін оқыту методикасын күрделендіру” тақырыбында диссертацияларын сәтті қорғады.
Қазіргі таңда кафедра мүшелерінен жоғары оқу орындары үшін дайындалып жатқан бағдарлама және оқулықтар, оқу қолданбалар және монография дайындауда кафедраның профессор-оқытушылары жанкештілік танытып келуде. Мысалы, “Фольклор және балалар әдебиеті”, “Қазақ әдебиеті сынының тарихы”, “Қазақ халық ауыз әдебиеті”, “Әдебиет теориясы”, “Қазақ әдебиетін оқыту методикасы”, “Қазіргі қазақ әдеби тілі”, тағы басқа оқу қолданба мен оқулықтар баспадан шықты. Кафедраның жетістігі ретінде айта кететін болсақ, профессор Е.Абдувалитов 2022 жылы Өзбекстан Республикасы Президентінің қаулысы негізінде мемлекетіміздің жоғары марапаты “Мехнат Шухрати” орденімен марапатталды.
Өзбекстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 13 марттағы “Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен үйрену және оны насихаттау туралы” қаулысымен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде “Абай және өзбек әдебиеті” деп аталатын тұрақты экспозицияның негізі қаланды. Тұрақты экспозицияда ұлы ақын және ағартушы, халықтар достығының жалынды жаршысы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына және қазақ-өзбек әдеби байланыстары тарихына арналған мәліметтермен толықтырылған.
— Күн шуақты еліміз Өзбекстанның астанасы — Ташкент қаласының қақ төрінде орын тепкен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне студент болып қабылданған 1980 жыл менің жадымда мәңгі бақи жатталып қалған. Мектеп қабырғасында алған он жылдық білімімді одан әрі дамытып, дүниетанымымды кеңейткен сол бес жыл менің де, курстас дос-жолдастарымның да тағдырымызда күрт өзгеріс жасап, бізді заман талабына сай адымдауға үйретті. Филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Тұрап Айдаров, Мақаш Бекбергенов, Мейірбек Оразовтардың, доценттер Әбдірахман Исаев, Қалдыбек Сейданов және Тұрдыбай Қалдыбаевтардың лекция оқыған кездегі жігерлі үндері әлі де құлағымызда жаңғырып тұрғандай. Аталмыш тұлғалардың басым көпшілігі бүгінде арамызда жоқ болса да, олар берген тәлім мен тәрбие, үлгі мен өнеге біздің санамызда өмір бойы сақталып қалды. Бұл кісілердің есімдері жадымыздан ешқашан өшпек емес, — дейді қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 1985 жылғы бітірушісі, Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, аудармашы Ақан Ташметов. — Жалпы алғанда, тіл мен әдебиет оқытушылары арасынан тек баспасөзге ғана емес, жазушылыққа, ақындыққа бейімі барлар да көптеп табылады. Сол себепті бойында талабы мен қабілеті барларды алғашқы курстардан бастап-ақ іріктеп, белгілі бір бағыттар бойынша нұсқау-талаптар қойып отырсақ, орынды болатын сияқты. Әсіресе, “Нұрлы жол” газетінің бетінде бір кездерде оқырмандар сүйіп оқыған “Шұғыла” қосымшасы қайта ашылып, шығармашылыққа ден қойған таланттардың қолжазбалары жарияланып тұрса қанеки! Жас шығармагерлердің өлең-әңгімелері республикалық радио мен теледидардың қазақ тіліндегі хабарлар редакцияларынан да беріліп отырса, қуанышқа-қуаныш қосылар еді. Бүгінгі жиынға қатысып отырғандарды аталмыш университеттің “Қазақ тілі және әдебиеті” бөлімінің 70 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Отан игілігі мен жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбектеріне толағай табыстар тілеймін.
Мерейтойға қатысқан қонақтардан Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты “Қазақ тілі және әдебиеті” кафедрасының меңгерушісі Ырысты Құттымұратова, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университеті “Қазақ тілі және әдебиеті” бөлімінің меңгерушісі Өсербай Байқабылов, Гүлстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Бағдат Оразовтар өз оқу орындарының ректорларының Низами атындағы ТМПУ-дың “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының 70 жылдық мерейтойына орай жолдаған құттықтауларын жеткізіп, естелік сыйлықтарын тапсырды. Шарада сонымен қатар Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов кафедраның белсенді ұжымына алғыс хат тапсырды.
— Тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, 90-жылдары біздің кафедрамыз дүркіреп тұрды. Бүгінгі таңда кафедрамыз жаңа кадрлармен қалыптасты. Ғылыми әлеуетіміз 70 пайызға көтерілді. Бұдан тыс, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Міне осындай байланыстардың нәтижесінде кафедрамыздың беделінің арта түскенін көпшілік конференцияда куәсі болды. Бұл шараға келіп ыстық ілтипаттарын көрсетіп, жылы лебіздерін білдірген баршаға шексіз рақметімізді айтамыз, — дейді профессор Ергеш Абдувалитов.
Заманауи білім, онлайн тренингтер, шетелдік профессор-оқытушылардың лекция сабақтары, халықаралық және республикалық конференциялар, рухани-ағарту, үйірме жұмыстары, ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби байқаулар, мәдени шаралар тұрақты ұйымдастырылатын аталған бөлім ұжымының алдағы жылдары да білім беру саласында биік белестерді бағындыратынына сеніміз мол. Жалпы алғанда, кафедраның 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде атап өтілді. Тіл мен әдебиет саласына қатысты ғылыми мақалалар мен тезистер конференция жинағына қамтылды. Шараға қатысқан студент-жастар да профессор-ғалымдардың тағылымы мол баяндамаларынан, естелік әңгімелерінен тамаша әсер алды.