November 8, 2023

ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ  

Кітап оқудың пайдасы, кітаптың адам сана-сезімінің дамуындағы көзқарасын кеңейтіп, дүниетанымын байытудағы рөлі жайлы бүгінге дейін көп айтылып келген. Ондағы мақсат — оқырмандарды кітап оқуға жұмылдыру екенін аңғару қиын емес.

Алайда, бүгінгі қоғамда, адамға берілген жеңілдіктің жетегінде жүрген жастардың (тек жастар ғана емес, үлкендердің де) кітап оқуға деген қызығушылығы мен ынтасы да шамалы. Себебі телефонның тізгіні адамды арбап, шырмауынан шығаратын түрі жоқ. Мен бір қызықты айтайын. Университетте оқып жүргенде бір оқытушымыз айтқан болатын: Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының тілі ауыр, дегенмен әр оқыған сайын әр түрлі түсінік аласың. Шынында да, сол сөздің рас екенін мен бүгін аңғарып отырмын. Яғни, бір кітапты оқығандағы түсінік уақыт өте сол оқығандағы түсініктен ерекшеленетін көрінеді. Жоқ, сол кітап баз-баяғы кітап. Шкафта көптен бері шаң басып тұрғаны болмаса, ештеңе де өзгермеген. Дегенмен кітапты уақыт өте оқыған сайын адамның ой-өрісі, таным-түсінігі өзгереді. Уақыттың ағынымен адамның көзқарасы дамып, таным-түсінігі де байи түседі. Сол кездегі оқыған кітаптан алар түсінігің, алар пайдаң мүлдем ерек дүние екен.

Жалпы студент кезде мұғалімдердің ұйғаруымен әрі қорытындыны үздік бағаға тапсыру мақсатында Іляс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясын, Мұхтар Мағауинның “Көк мұнар”, Зейтін Ақышевтың “Жаяу Мұса”, басқа да мемуарлық романдарды, ТМД халықтарының әдебиетінен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын, ал өзбек ұлттық әдебиетінен Абдулхамид Шолпанның “Кеча ва кундиз” т.б. шығармаларын оқыдық. Ол үшін сол мұғалімдерге алғысым шексіз. Менің айтайын дегенім, оқыған кітаптарды тәптіштеп санай отырып, мақтану емес, керісінше салыстырмалы түрде ойымды жеткізу. Жуырда түрік жазушысы Фотих Думанның “Мен” атты кітабын оқыдым. Кітаптан алған әсерім ерекше. Одан тек рухани санамды дамытатын ойлар ғана емес, одан басқа да маған түрткі болған кейбір тұстарымен бөліспекпін. Шыны керек, кітапты алған соң үйде біраз жатты. Оқырман үшін ең қиыны бір кітапты бастау шығар... Дәл сол сияқты менде де бұл жағдай шеттеп қалған жоқ. Әне-міне деп біраз уақыт жүріп алдым. Бірақ маған осы кітапты оқуды ұсынған абитуриент қызға, яғни кітаптың иесіне қайтаруым керек деген оймен ақыры оқуға кіріс­тім. Шынында да, жақсы кітап. Тәрбиелік мәні, рухани тұрғыдан алатын азығы, алар үлгісі өте көп. Оқып болған соң, бір әпшемізге де оқуға ұсыныс жасадым. Иесіне қайтара отырып, кешіктіріп бергенім үшін айып­қа бұйырмауын, ал кітап үшін үлкен алғысымды білдірдім. Жалпы сол кітапты оқи отырып, өзімдегі сыртқы өзгерістерді сіздермен бөліскім келді.

Біріншіден кітапқа, ондағы оқиға желісіне қызыға отырып телефонды тіткілеуден әжептәуір тыйылғанымды байқадым. Екіншіден, қазіргі күнде санамды салғылаған сан түрлі ойлардан арылып, ой-пікірімді жинақтауға қол жеткіздім. Әрине адамның басындағы ұшқыр қиялға тосқауыл болу қиын-ақ. Адамды шырмауынан шығармайтын ойлар уақыт таңдап отырмай, кез келген жерде санаңды жайлап алады. Бұларды ысырып тастау үшін оқып жатқан кітаптағы сөйлемді немесе абзацты бір рет оқу жеткіліксіз. Қайта-қайта оқу арқылы мұқияттылыққа қол жеткіздім дей аламын. Тағысын жоғарыда айтқандай, уақыт өте оқыған кітаптан алған түсінік бүгінгі ойыңмен үндесіп, таным-түсінігіңе де, ой тұжырымыңа да оңды әсер етуін байқадым. Бастысы, біраздан бері сөнуге шақ қалған кітап оқуға деген құмарымды қайта оятқандай болды. Әрине бұл менің жеке пікірім. Ал қазіргі уақытта кітап оқудың пайдалы тұстары туралы мынадай қызықты фактілерді келтіріп өту артышылық етпес. Яғни, кітап оқу жүйкені тыныштандырады, ұйқысыздықтан арылуға жәрдем береді, мидың қызметін жақсартады, күйзеліске қарсы күресуге жәрдем береді, өмірдегі мақсатты сезінуге және қиындықтарды жеңуге жәрдем береді, жады мен пікірлеу қабілетін жақсартады, сөз байлығын арттырады, шығармашылық қабілетін арттырады, шет тілін тезірек үйренуге жәрдем береді, альцгеймер ауруына шалдығудың алдын алады, ал бірге кітап оқу ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасын жақсартады, қаржылық қиыншылықтарды жоюға жәрдем береді, көп кітап оқитын балалар сабақты жақсы меңгереді, бір сөзбен айтқанда, кітап оқу адамды жақсылыққа үндейді.

Иә, тобықтай сөздің түйінін айтқанда, кітап оқуға уақыт емес (себебі оқимын деген адамға уақыт жеткілікті), өзімізде күш табайық. Бойдағы кертартпа қасиетті жеңуді үйренейік. Бұл баяғыдай мұғалімдерден қорқып немесе баға алу үшін ғана емес, өзімізге, алдымен жеке басымызға, сосын айналамызға да септігін тигізетінін естен шығармаған жөн.

Гүлжамал ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ