July 12, 2023

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНЕ КӨЗҚАРАС

Бүгінгі ақпараттық технологиялар кезеңінде әлем әдебиетінің ажыралмас бөлігі саналатын шығыс және батыс әдеби дәстүрлерін өзінде жинақтаған көркем туындыларды салыстыра отырып үйрену, түрлі заман мен мекенге қатысты ақын-жазушылардың өзіндік жаңа көзқарастарының, әдеби-эстетикалық танымдарының мазмұны мен мәнін жас ұрпаққа жеткізу әдістемелігін қалыптастыру бүгінгі таңның өзекті мәселелерінің бірі болуда.

Әлемдік білім беру жүйесінде жоғары деңгейде өшпес із қалдырған, өзіндік бағыт пен бағдарға ие сөз шеберлерінің шығармашылық әлемі, автор мен әдеби кейіпкер “менінің” көркем образдағы бейнесін қарастыру және эстетикалық, идеалдық проблемасын жан-жақты үйрену бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Біраз уақытқа дейін әрбір халықтың әдеби үдерісі салыстырмалы түрде тұйық, таза ұлттық сипатқа ие болды. Алайда, әртүрлі елдердің экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени байланыстарының дамуымен тіл алмасу, басқа халықтардың әдебиетімен және өнер туындыларымен танысу күшейді, осылайша біртұтас дүние­жүзілік әдебиет қалыптасты. Дүниежүзілік әдеби үдеріс өзіндік ерекшелігі бар әртүрлі ұлттық әдебиеттердің дамуына байланысты. Халық пен халықтың, адам мен адамның терезесін тең етіп, ортақ мақсатқа жетелейтін алып күш бұл — әдебиет. Әдебиет әрқашан өміршең. Халықтар мен оның мәдениетін, тарихи дәуірлерін және тілдерін бейнелейтін алтын қазына. Бүгінгі таңда шетелдік әдеби шығармалар бұрынғыдан да көп оқылуда және бүкіл әлемге әсерін тигізуде. Шығарманы неғұрлым қарқынды, кеңірек және тиімді оқу әрбір адамның “менін” тануға өз септігін тигізеді. Біз кімбіз? Біздің жеке басымызды қандай құндылықтар мен сенімдер құрайды? Біздің өткеніміз бүгінгі дамуымызға қалай әсер етті?

Әлем әдебиеті ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі әлемнің барлық халықтарының әдеби дәстүрлерінің жиынтығы болып табылады. Әлем әдебиетін оқу бізге адам этикасын, мәдениетін, психикасы мен руханиятын кең мағынада түсініп, осындай тұрақты сұрақтармен күресуге мүмкіндік береді. Әлем әдебиеті пікірталасқа жаңа серпін бере алады. Әр халықтың әдебиетінің өзіндік ұлттық және көркемдік ерекшеліктері бар, бірақ ол басқа елдердің әдебиеттерінің жетістіктерін қабылдайды және олармен өзара әрекеттесіп фактілерді, идеяларды, мотивтерді, бейнелерді, жүйелерді, техниканы, поэтикалық формаларды әрі қарай дамыта түседі.

Еліміздегі әдеби үдерісте әлем әдебиеті үлгілерін мақсатты және жүйелі үйрену проблемасы оқушы тұлғасын жоғары дәрежеге көтеру, білім беру субъектілері арасында педагогикалық ынтымақтастықты жолға қою, тәрбиелену мен білім алуда оқушының талаптары мен қызығушылықтарын, сондай-ақ өзіндік пікіріне сүйене отырып, олардағы шығармашылық пен жаратушылық қасиеттерін қолдап-қуаттау сияқты қағидаттарға сүйену қажеттілігін келтіріп шығарады. Бүгінгі таңда елімізде жалпы орта білім беретін мектептерде әдебиет пән бағдарламасында А.Пушкиннің “Балықшы мен балық” (поэмадан үзінді), “Евгений Онегин”, Даниэль Дефоның “Робинзон Крузо” (романнан үзінді), С.Есениннің “Қорасанда бір дарбаза бар”, “Қарындасыма хат”, Л.Хьюздің “Рақмет, сізге анашым”, А.Дойлдың “Жирен шаштылар” қауымдастығы, О.Уайльдтың “Бақытты ханзада”, Э.Хэмингуэйдің “Шал мен теңіз”, Р.Ғамзатовтың “Менің Дағыстаным”, А.Чеховтың “Хамелеон”, М.Сервантестің “Дон Кихот”, Эрих Мария Ремарк, М.Лермонтов, В.Скотт сынды әлем әдебиетінің ірі өкілдерінің көркем шығармалары көрініс тапқан.

Қорыта айтқанда, әлем әдебиетінен ерекше орын алатын көркем шығармалар жақсылық пен зұлымдық, достық пен адалдық, сүйіспеншілік пен жанашырлық туралы қайғылы, әсерлі әңгімелер қоршаған әлемге таңдануды және қуануды ұмытпаған ересек оқушыларға арналған. Қарапайым ертегі сюжеттерінің астында терең мағына бар: автор адамның іс-әрекетінің сұлулығын жырлайды, кедейлерге жанашырлық танытады және әділеттілікке сенеді. Жазушы пессимист емес, керісінше, ол оптимистік рухты оқырман қауымның жүрегіне ұялатуды арман еткен. Оның шығармалары өмірді сүюге, сұлулықты байқауға, мейірімділік пен қайырымдылықты бағалауға, зұлымдық пен өтірікті жек көруге үйретеді.

Райхан БАЗАРБАЕВА