ӨЗБЕКСТАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ
Құрметті медицина қызметкерлері!
Бар ғұмырын ұлт денсаулығын сақтау жолындағы игілікті іске арнап келе жатқан сіздерді, ғазиздерді ең алдымен, кәсіби мерекелеріңіз — Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Жаңа Өзбекстанда халықтың құндылығы мен мүддесін қамтамасыз етуді алдымызға асыл мақсат етіп қойғандықтан, халқымыздың денсаулығын нығайту біздің ең маңызды міндеттеріміздің бірі екені заңды.
Осы мақсатта Өзбекстанның денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары түбегейлі реформалануда. Саланың материалдық-техникалық базасы, кадрлық әлеуеті нығая түсуде. Жүйеге озық емдеу-диагностикалық әдістер, инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде.
Осындай іс-әрекетіміздің арқасында алғашқы және білікті медициналық қызметтер халықтың кең ауқымын қамтуда. Мұны биылғы жылы 22 отбасылық емхана, 93 отбасылық медициналық пункт және 394 учаскелік медициналық пункттің құрылып, 2 миллион 100 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық қызмет көрсетудің жақындатылғаны мысалында анық көруге болады.
Бұл туралы айтатын болсақ, 8 миллион 600 мың адам профилактикалық медициналық тексеруден өтіп, олардың 685 мыңы амбулаторлық, 72 мыңы стационарлық емделді, скрининг тексерулері арқылы 167 мың отандасымызда жүрек-қан тамыр, 52 мыңында қант диабеті анықталып, олардың денсаулығын тіктеу шаралары қолға алынғанын айта кету керек.
Атап айтқанда, туа біткен жүрек ақауы бар 2 мың балаға мемлекет есебінен ота жасалғаны өскелең ұрпаққа деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың тағы бір жарқын мысалы болды.
Мемлекеттік медициналық сақтандыру және цифрландыру механизмдерімен қатар жекеменшік медициналық мекемелердің қызметі салаға кеңінен енгізілуде. Ауруханаларды заманауи көлікпен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі күрт жақсаруда.
Осы өзгерістердің арқасында жанкешті дәрігерлердің, жоғары білікті медицина мамандары мен медбикелердің қажырлы еңбегі, жоғары технологиялық хирургиялық операциялар тек астана мен облыс орталықтарында ғана емес, аудандарда да сәтті жасалып, мыңдаған науқастар дертінен айығуда.
Сала қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру, еңбекақыны арттыру үнемі назарымызда болып келеді. Соңғы 7 жылда осы жүйеде жемісті қызмет етіп жүрген 727 жерлесіміз Отанымыздың құрметті атақтарымен, ордендерімен және медальдарымен марапатталды.
Бүгінгі мерекеге орай олардың қатарын тағы да көптеген медицина қызметкерлері толықтырғанын атап өткім келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы жанқияр отандастарымызды жоғары марапаттарымен құттықтап, олардың барлығына зор құрметім мен ізгі тілектерімді білдіремін.
Біз “Өзбекстан — 2030” стратегиясы аясында медицина саласында да орасан зор өзгерістерді жүзеге асыруды жоспарладық. Атап айтқанда, біздің бірінші кезектегі міндетіміз — халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 78 жасқа дейін ұлғайту, ол үшін медицинаға бөлінетін қаражат көлемін 2 есеге арттыру, онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, диабет және респираторлық аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 2,5 есеге азайту, Өзбекстанды туберкулез ауруынан азат елге айналдыру.
Сондай-ақ 350 мың диабетпен ауыратын және 1 миллион 500 мың жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқасты емдеу, медициналық көмекке мұқтаж тұрғындардың өтініштерінің 70 пайызын бастапқы деңгейде шешу, науқастарды гемодиализ орындарымен толық қамту бойынша іс жүзіндік жұмыстарды бастаймыз.
Халық арасында денсаулық кепілі болып табылатын салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене шынықтыру мен спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді.
Құрметті медицина қызметкерлері!
Медицина саласын нағыз халыққа бағдарланған жүйеге айналдыру жолындағы алдымызда тұрған орасан зор міндеттерді бәріміз бірігіп, сөзсіз ойдағыдай атқарамыз.
Әбу Әли ибн Сина сынды ұлы бабаларымыздың дәстүрін жалғастырушы, өз антына, кәсібіне, парызына адалдықпен еңбек етіп жүрген сіздерге, ғазиздерім, осы игі жолға бар біліміңіз бен тәжірибеңізді жұмылдыра беретіндеріңізге сенемін.
Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен тағы да шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, абыройлы да жауапты қызметте табыс пен сәттілік, отбасылық бақыт тілеймін.