КӘСІПКЕРДІ ҚОЛДАУ — ӨРКЕНДЕУ НЕГІЗІ
Президент Шавкат Мирзияев Өзбекстан халқына жаңа жылдық құттықтауында кіріп келген 2024 жылды “Жастар және бизнесті қолдап-қуаттау жылы” деп жариялады. Сондай-ақ экономикамызға шетелдік инвестицияларды тартуды, кәсіпкерлік пен жекеменшік үшін кең мүмкіндіктер жасауды одан әрі күшейтеміз деген үндеуі жалпы кәсіпкерлердің және халықтың ыстық ықыласымен қарсы алынды.
Кәсіпкерді қолдап-қуаттау ортақ міндетке айналғанда ғана елде өркендеу болады. Себебі, Өзбекстан әлемдік өркениет көшінен өз орнын алуы үшін отандық өнімдеріміз барлық жағынан талапқа сай болуы қажет. Ол үшін отандық кәсіпкерлерді, оның ішінде жас кәсіпкерлерді барынша қолдау керек. Қазірде елімізге әлеуеті күшті, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін кәсіпкерлер қажет.
Соңғы жылдары елімізде жергілікті ауыл шаруашылық өнімдеріне сұраныс артып келеді. Бұл жақсылықтың бастамасы. Себебі ұлттық өнімді қолдана отырып, еліміз кәсіпкерлерін қолдап, Өзбекстанда шығарылған тауарларды қолжетімді бағада сатып ала аламыз. Осыған орай елімізде “Өзбекстанда жасалған” бренді қалыптасуда. Ірі сауда орталықтарының сөрелерінде “Өзбекстанда жасалған” деген жазуларға көзіміз түскенде мақтаныш сезімі пайда болады. Менің ойымша, отандық өнімді тұтыну отансүйгіштіктің белгісі болып табылады. Сондықтан өнімнің сұранысқа ие болып, бәсекеге қабілетті болуы да өз қолымызда. Барынша ұлттық өнімдерді пайдаланып, еліміздегі шағын, орта бизнес иелеріне қолдау көрсете аламыз. Ал бизнес иелері еліміздің бюджетіне өз үлестерін қоспақ.
Бірнеше жылдардан бері ел экономикасына зор үлесін қосып отырған отандық бренд, орта ғасырлардан бері бағасы мен қадірі түспей келе жатқан ерекше өнім шафран жайлы баяндауды жөн көрдік.
2020 жылдан бастап Жызақ облысының тумасы, кәсіпкер Бегзат Маматқұлов “BMB” “HOLDING” және “FIN.OPERA s.r.l.” (Италия) компаниялары, “BMB-OPERA ZAFFERANO” біріккен кәсіпорны Жызақ облысының Бахмал ауданында 304,5 гектар аумақта шафран өсіру, өңдеу және экспорттау бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырған. Жоба сенімді ақтады. Бүгінге дейін 470 мың тұрақты, 50 мыңға жуық адам маусымдық жұмыспен қамтамасыз етілген.
Бүгінде Бахмалдың кезінде қараусыз жатқан қыр-адырлардың 400 гектар жерінде алқызыл шафран гүлдері жайқалып тұр. 2020 жылда Италияның “ОПЕРА СРЛ” шіркетімен шафран плантациясы серіктестікпен ашылған. Италиялық кәсіпкер Паоло де Анжелис ұсынған жобаның бағасы 20 миллион долларды құрап, 400 гектарға жетістіру көзделген. 1 килограмм шафранның бағасы халықаралық базарда 8 мың мен 30 мың еуро аралығында белгіленген. Бүгінде дүниеде оған талап артып жатқаны сыр емес.
2020-2022 жылдары Италиядан 70 миллионнан астам түп шафран өсірілді. 2023 жылы шафран пияздарын кезекті отырғызу есебінен бұл екпелердің жалпы көлемі 400 гектарға жетті. Сондай-ақ жоба аясында шафран кластерінің айналасында аспаздық, фармацевтикалық және басқа да салаларға арналған қосымша өңдеу нысандарын салу есебінен облыста мыңдаған қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл қанша отбасының тұрақты табыс көзі болады деген сөз.
“ВМВ Зафаран” плантациясы мен цехы адырда орналасқан. Себебі гүлінен ажратқанда құнын жоғалтып алмауы керек. Ыстық өлкелердегі сияқты күнге кептіріп алуға да болады, бірақ дәрумендігін жоғалтып алу коэффициенті жоғары. Сентябрь-октябрь айларында гүлдері өніп шығады. Терімшілердің көмегімен біртіндеп абайлап теріледі. Оларды гүлінен айырып алып, 80 мың долларға сатып алынған ламинар цехына жіберіледі. Сосын қадақталып, экспортқа шығарылады, — дейді бас директордың орынбасары Мирғула Усмонов.
“QC LAB McCormick France” (Франция) және Чонг Кининсон (Корея Республикасы) зертханаларында екі кезеңді тереңдетілген тексеру жүргізіліп, ISO 3632-1/2011 халықаралық стандарттарына негізделген талдау нәтижесінде, түс, иіс және дәм көрсеткіштері бойынша I санатты сапа сертификатын алды. Сондай-ақ АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) “BMB Zafaron” брендімен Өзбекстаннан АҚШ-қа шафран өнімдерін әкелуге рұқсат берді.
“BMB” шафран өнімдерінің экспорт көлемін арттыру мақсатында Италияның Милан қаласында “ORO ROSSO Milano” Италия-Өзбекстан біріккен кәсіпорны құрылды. Бұл брендпен шафраннан паста (макарон) өнімдерінің 20 түрі, зәйтүн майы, тәттілер, алкоголь және кремдер өндіріліп, АҚШ және Еуропа базарына экспортталады.
Әрине, кез келген салада табыстың маңызды факторы тиімді маркетингтік саясатқа байланысты. Осы тұрғыда “BMB HOLDING” Еуропа базарында “ORO ROSSO Milano” брендін ілгерілету мақсатында итальяндық “Милан” және “Монца” футбол клубтарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Өткен жылы Жызақ қаласында “BMB Zafaron” қонақүйлері мен мейрамханалар желісі ресми түрде ашылды. Олардың желісін кеңейтіп, Ташкентте де ашу жоспарланған.
Иә, “BMB Zafaron” брендімен шафран өнімдері ішкі және сыртқы базарда күннен-күнге танымал болып келе жатқанын мойындау керек. Қазір компанияның экспорт әлеуеті Италия, Австрия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Тәжікстан және Сауд Арабиясы сияқты елдерді қамтиды. Жобаның бір бөлігі ретінде, 2020 жылы 1,8 миллион еуроны, 2021 жылы 4,2 миллион еуроны, 2022 жылы 5,7 миллион еуроны құрады. Яғни 2020-2023 жылдары 11,7 миллион еуродан асатын 2 тонна шафран өнімдері экспортталды. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті 10 миллион еуроға жеткізу жоспарлануда.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияевтың 2023 жылдың 8-9 июнь айында Италияға ресми сапары барысында 80 миллион еуроны құрайтын инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаны іске асыру аясында 2020-2023 жылда 32,4 миллион еуро инвестиция жұмылдырылса, биыл бұл көрсеткіш 8,4 миллион еуроны құрайды.
Алға қойған мақсаттар айқындалып, алдағы уақытта атқарылатын міндеттер талқыланды. Өйткені халықтың ықыласы мен Президенттің жоғары бағасы холдинг ұжымына жеткілікті жауапкершілік жүктейді, бұл да ертеңгі жарқын күндерге үлкен үміт ұялатады. Осы ірі халықаралық инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Жызақта, Бахмалда ғана емес, дүние жүзінде ең ірі шафран плантациясы құрылуда. Біздің ойымызша, Өзбекстан бұл өнімді өндіру және экспорттау бойынша халықаралық базарда лайықты орын алады.
— Ағайындай болып кеткен үш дос Бегзат, Мирзамурот, Ботир бірге бұл бизнесті бастағанда дөңгелетіп кету де оңайға соққан жоқ. “ВМВ” аталуы да сол достардың есімдерінің бас әріптерінен алынған. Үш достың достық рәмізіне айналып “ВМВ” бүгінде оларды жетістікке жеткізді десек артық айтқан болмаймыз.
— Өмір бәсекелестіктен, тәуекелшіліктен, күрестерден құралған. Жүресің, құлайсың, тағы да тұрасың. Бизнесте шығын болмай, кіріс болмас, деген жазылмаған қағидалар да бар. Кез келген жағдайда да менің ұраным — “энергияны ізгі істерге жұмсау”, — дейді шафранның негізін қалаушы, холдинг Бақылау Кеңесінің төрағасы, 2022 жылғы “Фаол тадбиркор” төсбелгісінің, сондай-ақ 2023 жылғы “Дустлик” орденінің иегері Бегзат Маматқұлов.
Иә, өз атымен, кәсіпкерлік қызмет — тәуекелге бел буып жасалатын экономикалық әрекет жауапкершілік және үлкен мүмкіндік. Жаңа жылда барлық қәсіпкерлерге қала берсе, кәсіпкерлікке бел буып тұрғандарға ақ жол тілейміз. Елімізде кәсіпкерлер, отандык өнімдер, брендтер қатары көбейіп ел абыройы асқақтай берсін дейміз.