September 10, 2023

“ӘЙЕЛГЕ БАҚЫТ БЕРІҢІЗ

Қарақалпақстан Республикасы Еллікқала ауданында Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі, Ішкі істер министрлігі, Жанұя және Әйелдер комитеті, Еллікқала аудандық әкімдігімен ынтымақтастықта ұйымдастырылған “Әйелге бақыт беріңіз” тақырыбында IV республикалық әйелдер форумы өтті.

Шара барысында форум қатысушылары алғаш ауданда ұйымдастырылған “Жаңа Өзбекстанда жаңа адымдар” тақырыбындағы суреттер көрмесімен танысты. Бұдан соң “Науаи” ААЖ аумағындағы қыз-келіншектер жұмысбастылығын қамтамасыз ету және саламаттық орталығының жұмысын көрді. Сондай-ақ бұл жерде аудан әкімінің орынбасары, жанұя және әйелдер бөлімінің бастығы А.Юлдашеваның аумақтағы қыз-келіншектердің жұмысбастылығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік жұмысын бастау және кеңейту ниетінде бол­ған әйелдерді қолдап-қуаттау мақсатында өзінің алғашқы нәтижелері мен болашаққа жоспарланған жұмыстардың тұсаукесері өтті.

Форум қатысушылары “Еллік­қала” ААЖ-да жұмыс жүргізіп жатқан қызметкерлер үшін жаратылған жағдайлармен жақыннан танысты. Бұдан соң мәдениет орталығында аудандық медициналық бірлес­тіктің дәрігерлері тарапынан “Әйелдердің репродуктивтік саламаттығы” тақырыбындағы тұсаукесері ұсынылды. Мамандар жиналғандардың қызықтырған сұрақтарына жауаптар берді. Шара барысында қонақтар аудан орталығындағы “Ботаника бағының” жұмыстарымен танысып, “Қызыл кітапқа” енгізілген өсімдіктер әлемін тамашалады.

23 гектар жер алаңда орналасқан бұл бақта әлемнің түрлі аумақтарында жетістірілетін ­ 10 мыңнан астам гүл және ағаш түрлері бар.

Орталық спорт алаңында және №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қатысушылар қыз-келіншектердің спорт жарыстары, аудандағы жастардың, соның ішінде қыздардың спорт саласында қол жеткізген табыстары жайлы пікірлесті. Ол қол жеткізген жетістіктері жайлы мағлуматтар алып, чемпион қыздармен өзара сұхбаттасты.

Шара аудан орталығындағы жайласқан Амфитеатр жанында жастардың “Әйелдер гимні” тақырыбындағы суретшілер көрмесімен жалғасты.

Мәдениет сарайында сөз сөйлегендер Президенттің басшылығында жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде ауданда әйелдерге жаратылған жағдайлар, олардың жұмысбас­тылығын қамтамасыз ету, әлеу­меттік қорғауға мұқтаж әйелдерге жақыннан жәрдем беру, сондай ақ олар арасында қылмыстың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Шара барысында өздерінің белсенділігімен көзге түскен қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғысхат пен естелік сыйлықтар тапсырылды.

ӘЛЕМ БАЗАРЫНА ШЫҒУДА

Бүгінде еліміздің сыртқы сауда айналымында тауарлар экспортының орны маңызды. Өйткені оның экономикалық тұрғыдан өсуі, валюта түсімінде экспортталатын тауарлар ерекше маңызға ие.

Экспортшы кәсіпорындарды қолдап-қуаттау, олардың өз өнімдерін әлем базарларына алып шығуына іс жүзіндік жәрдем беру мақсатында кеден ұйымдарының жауапты қызметкерлері тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қарақалпақстан Республикасы Нөкіс қаласындағы медициналық бұйымдар өндіретін “NUKUS MED TEX” ЖШҚ түріндегі біріккен кәсіпорнын жылына 250 миллион дана бір реттік қолданатын медициналық бұйымдар, яғни 12 түрдегі шприц пен инфузиялық системаларды өндіру қуатына ие.

2022-2023 жылдың өткен кезеңі ішінде үкіметіміздің тиісті қаулысы негізінде Қытайдан әкелінген технологиялық қондырғылар кеден төлемдерінен жалпы 3,3 миллиард сумнан астам жеңілдік қолданылған халде мемлекетіміздің аумағына алып кірілген. Өндірістің ең бірегей заманалық қондырғылар автоматты түрде басқарылуы және оған тәжірибелі мамандарды жұмылдыру нәтижесінде қазірде дерлік 700 мың дана өнім өндіруші аталмыш кәсіпорында 250 жұмысшы, соның ішінде жастар тұрақты жұмыспен қамтыл­ған.

Ішкі базардан артылған өнімдердің тұрақты экс­порты жолға қойылған. 2022 жылдың басынан бері жалпы құны 1,1 долларға тең 38 миллион дана шприц және инфузиялық системалар Армения, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттеріне экс­портталған. Өндірілген өнімдер үшін қажетті шикі заттың 60 пайызы жергілікті өнімдер. Қытай, Иран, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінен импортталған конюла мен гранулалар болса, Қарақалпақстан Республикасы Кеден басқармасына қарас­ты кеден посттарында оңтайландырылған тәртіппен қысқа мерзімде ресімделуде.

КӘСІПКЕР ҚЫЗДАР КӨБЕЮДЕ

Елімізде соңғы жылдарда азаматтар жиындарының құрылымында бірқатар өзгерістер жүзеге асырылып, махаллаларда әкім жәрдемшісі, жастар жетекшісі, әйелдер белсендісі лауазымдары енгізіліп, жаңа тәртіппен жұмыс істеуде.

Әрине, бұл жаңалықтар жер-жерлердегі жұмыстардың сапасын арттырып, аумақтардың дамуына, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына қызмет етуде.

Соның ішінде әкім жәрдемшісінің негізгі міндеті — халықпен араласып, олардың ділгірліктерін үйреніп, тұрмыс дәрежесін жақсарту.

Қарақалпақстан Республикасы Төрткүл ауданы “Марказобод” МАЖ-да 340 отбасы бар, 510 қожалықта 1 867 адам жасайды. Аумақтағы 190 жанұяның жалпы 7,4 гектарлық есік алды жері бар. Еңбекке жарамды 1 141 адамның 711-і жұмыспен қамтамасыз етілген.

Таяуда “Әйелдер дәптеріне” кіргізілген қыз-келіншектерге, соның ішінде Шахида Жұмабаеваға аумақ әкімінің жәрдемшісі Акмалжан Қошкаровтың жәрдемімен несие берілді.

— Елімізде қазірде кәсіпкерлікті, әсіресе жастарды жан-жақты қолдап-қуаттау мақсатында кең мүмкіндік жасалуда, — дейді Шахида Жұмабаева. — Мен де жас кәсіпкерлердің қатарына қосылып, тігіншілік бойынша жанұялық кәсіпкерлігімді жол­ға қойып, өз жұмысымды бастап жатырмын. Әкім жәрдемшісі менің мақсатыммен, болашақтағы жоспарларыммен танысып, “Агробанктің” аудандық филиалынан “Әрбір жанұя — кәсіпкер” мемлекеттік бағдарламасы негізінде 33 миллион сумдық жеңілдетілген несие алуыма жәрдемдесті. Ол үшін оған өте ризамын, — дейді ол.

Мәлімет үшін атап өтетін болсақ, әкім жәрдемшісі бұдан тыс аумақтағы “Әйелдер дәптеріне” тіркеуге алынған 13 қыз-келіншекке бірнеше бағытта жанұялық кәсіпкерлігін жолға қоюы үшін 176 миллион сумдық жеңілдетілген несиелердің бөлінуіне көмектескен.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ КЕМЕЙТУ — БАСТЫ МАҚСАТ

Қарақалпақстан Республикасы Қанлыкөл ауданындағы “Достық” МАЖ-да 4 мың 200-ден астам халық жасайды.

Бүгінде бұл жерде кәсіпкерлікті дамыту, кедейшілікті қысқарту және жаңа жұмыс орындарып ашу бойынша бірқатар істер жүзеге асырылуда.

— Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында 48 азаматтың өтініші негізінде диқаншылық, өндіріс, жанұя­лық кәсіпкерлік және қолөнершілікпен шұғылдануы үшін оларға банктерден 880 миллион 700 мың сум мөлшерінде жеңілдетілген несие бөлінуіне қол жеткізілді, — дейді әкім жәрдемшісі Амандық Бисенғалиев.

— Кондитерлік өнімдер шығаруды жолға қою мақсатында әкім жәрдемшісінің ұсынысымен банктен ­11 жарым миллион сум несие алып, кәсіпкерлік жұмысымды бастадым, — дейді аумақ тұрғыны Ботакөз Данияровна. — Қазірде той-мерекелерге тапсырыс бойынша түрлі тәттілер, торт өнімдерін даярлаудамыз. Өнімдерімізге сұраныс барған сайын көбеюде.

Аумақтағы Қуаныш Құдайбергенов пластик терезелер шығаруды ұйымдастырған. Бүгінде бұл жерде 3 адам тұрақты табысқа ие. Оларға халықтан көптеген тапсырыс түсіп, олардың табысы да барған са-йын артуда.

ХАЛЫҚТЫҢ САЛАМАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДА

Қарақалпақстан Республикасы Тақтакөпір ауданы орталығынан шалғайда орналасқан “Белтау” ауылдық азаматтар жиынындағы “Бөршітау” жанұялық дәрігерлік пункті ғимаратында ірі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды.

Президенттің “Абат ауыл” және “Абат махалла” бағдарламаларына сәйкес аумақтардың жол-транспорт инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникация тармақтары мен әлеуметтік сала нысандарын дамыту негізінде халықтың өркениеті мен тұрмыс дәрежесін арттыруға ерекше назар аударылуда. Тақтакөпір ауданындағы “Белтау” ААЖ аудандағы Қазақстан Республикасымен шекаралас болған ең шал­ғай аумақ. Таяуда бұл жерде іске түскен “Бөршітау” жанұялық дәрігерлік пунктінің жөндеу жұмыстарына 500 миллион сум қаржы бөлінді.

Шарада сөз сөйлегендер, Президент басшылығында жүргізіліп жатқан әділетті саясат негізінде хал­қымызға лайықты тұрмыс жағдайы жаратылып, ең шалғай аумақтардың тұрғындары үшін ділгірлік туындатқан мәселелердің шешімі табылып жатқанын айтып өтті.

ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІЛІГІН АРТУДА

Қарақалпақстан Республикасының Нөкіс ауданында “Қаттыағар-Бозатау” ирригация жүйесі басқармасының “Бессаға” гидроучаскесінде су шаруашылығы нысандарында қосалқы қожалықтарды ұйымдастыру, “Жасыл кеңістік” жалпыұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды талқылауға арналған семинар өтті.

Шарада сөз сөйлегендер, жүйеде қосалқы қожалықтардың ұйымдастыру маңызын ерекше атап өтіп, бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы мағлұматтар берді.

— Нөкіс ауданындағы “Саманбай” ААЖ аумағында 50 сөтік алаңда “Су шаруашылығы министрлігі бағы” құрылды, — дейді Қарақалпақстан Республикасы Су шаруашылығы министрлігінің су кадас­тры инженері А.Хожабеков. — Сонымен қатар әрбір ұйым мен ірі су шаруашылығы ғимараттарының жанынан 20-30 сөтік алаңға мә­уелі ағаштар отырғызу бойынша тапсырмалар берілді. Сондай-ақ Хожейлі ауданы “Піржан Халмұратов” ААЖ аумағындағы 9 гектарлық, Шоманай ауданы “Бекжап” ААЖ аумағындағы 3 гектарлық алаңда “Сушылар бағы” құрылды.

Семинарда министрліктің атқарып жатқан жұмыстарды ресми веб-сайттарда жариялау және олардан аумақтардағы сала ұйымдары қызметкерлерінің хабардарлығын арттыру мәселесі де кеңінен талқыланды.

Шара қатысушылары “Қатты­ағар — Бозатау” ирригация жүйесі басқармасының Нөкіс ауданындағы учаскелерінде ұйымдасты­рыл­ған бақпен, құс, қой-ешкі және балық жетістірілетін қожалықта болып, олардың жұмыстарымен жақыннан танысты.

Тілеухан ШӘМЕКОВА,

“Нұрлы жолдың” меншікті тілшісі.