ШҰРЫҚ АУЫЛЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ
Бұхара облысының аудан тұрғындары ел тәуелсіздігінің 32 жылдығын лайықты тойлады. Осындай шаралардың бірі Шофиркон ауданының орталығынан 110 шақырым жердегі Қызылқұм кеңістігіне іргелес жатқан Шұрық ауылында өтті. Ауыл тұрғындарын аудандық
медициналық бірлестіктің дәрігерлері медициналық тексеруден өткізді. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың қан қысымы өлшеніп, қант диабетімен ауыратын науқастардың
қандағы қан талдауы жасалып, тиісті ұсыныстар берілді. Сәбилер де медициналық тексеруден өтті. Олардың анасымен сәбилердің дамуы мен тамақтануы талқыланып, дене қызуы тексеріліп, медициналық ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ ауылда сұйытылған газ баллондарына деген қажеттілік зерделеніп, өтініштер тыңдалды. “Шофирконтумангаз” газбен қамту бөлімінің қызметкерлері тұрғындар пайдаланатын сұйылтылған газ баллондарын жаңасына ауыстырды.
Мерекеге орай “Шофиркон диқан базары” жауапкершілігі шектеулі қоғамы өңірде азық-түліктің 16 түрін жеңілдікпен сатуды ұйымдастырды. Бұл жәрмеңкеде тұрғындар қажетті азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алды. Тәуелсіздіктің 32 жылдығына арналған мерекелік шараға Бұхара облыстық ІІБ басшысы Миржамол Миралимов, аудан әкімі Алишер Файзиллоев, қала әкімінің орынбасарлары, мекеме-ұйым өкілдері, сондай-ақ Шұрық ауылының тұрғындары қатысты.
Мерекеде ауыл балалары егемендік туралы тақпақтар айтып, ән шырқап, би биледі, шара жоғары деңгейде өтті. Ұлттық киім киіп, азаттықтың перзенті екенін мақтан еткен бүлдіршіндер ел, Отан, тәуелсіздік, Өзбекстан туралы тақпақтарын оқып, әндер шырқады. Шараға қатысушылар олардың әрбір өнерін қошеметпен қарсы алды. Шарада облыстық ішкі істер басқармасы бастығы М.Миралимов, аудан басшысы А.Файзиллоев, №39 мектептің директоры М.Сулейменова баршаны мерекемен құттықтап, ақ тілектерін білдірді. Еңбек ардагерлері Марал Оразалиева, Айдын Ергешбаева, Ырысты Өрікбаева, Доқтырбай Тұрымқұлов, Өтемұрат Жиенбаев, Гүлнара Тумаеваға естелік сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді. Аудан басшысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған шұрықтық 5 балаға 12 түрлі оқу құралынан тұратын “Президент сыйлығын” табыс етті. Салтанатты шара өнер майталмандарының ән-биіне жалғасты. Мерекелік дастарқан жайылып, ауылдастар бір пиала шай ішу барысында сұхбаттасты.
Бұхараның шалғайдағы елді мекен тұрғындары тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуын, тыныштығымыздың бұзылмауын, отбасының амандығын, дастарқанның берекесін тілеп, дұға бағыштады.
Қазіргі таңда осы ауылдағы апатты жағдайда тұрған №39 мектеп ғимаратының бір бөлігін қайта қалпына келтіру бойынша қысқа мерзімде іс жүзіндік жұмыстар атқарылуда.
Өңір басшыларымен сұхбат барысында шаруашылыққа апаратын жолдың жағдайын жақсарту жайы да сөз болып, атқарылатын міндеттер айқындалды.