November 11, 2023

ӨЗБЕКСТАН МЕН ИТАЛИЯ — СЕНІМДІ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР  

10 ноябрь күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияевтың шақыруымен елімізде ресми сапармен болып тұрған Италия Республикасының Президенті Сержо Маттарелланы ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Резиденция алдындағы алаңда құрметті қарауыл сап түзеді.

Италия Президенті мен оның қызы — елдің бірінші ханымын Өзбекстан Президенті мен оның жұбайы жылы қарсы алды.

Әскери оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының алдынан өтіп, ресми делегация мүшелерін қарсы алды.

Содан соң “Көксарай” резиденциясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияев пен Италия Республикасының Президенті Сержо Маттарелла екіжақты келіссөздер жүргізді.

Кездесу басында мемлекетіміз басшысы жоғары мәртебелі қонақты жылы қарсы алып, Италия Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

Сержо Маттарелла Өзбекстан басшысына шақырғаны және Италия делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін шынайы ризашылық білдірді.

Италия Президенті Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан қайтымсыз реформаларды табанды түрде қолдайтынын атап өтті және еліміздің Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және интеграцияны нығайту жолындағы іс-әрекеттерін жоғары бағалады.

Екіжақты стратегиялық серіктестік пен басым бағыттар бойынша көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейту мәселелері тал­қыланды.

Өзбекстан Президентінің үстіміздегі жылдың июнь айында Италияға ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшылары парламенттер мен сыртқы саяси кеңселер арасындағы белсенді диалогты жалғастыру маңызды екенін айтты.

Стратегиялық диалогтың бірінші жиналысын келесі жылы сыртқы сая­си кеңселер басшылары деңге­йінде өткізуге келісілді.

“Орталық Азия — Италия” диалогы аясында белсенді байланыстар жалғасатын болады.

Биылғы жылдың басынан бері экономикалық ынтымақтастық саласында өзара тауар айналымы 30 пайызға артты. Бірлескен жобалардың портфелі 9 миллиард еуроны құрады.

Сауда қатынастарын одан әрі дамыту мақсатында сауданы ынталандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.

Металлургия, энергетика, электртехника, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жетекші итальяндық компаниялармен табыс­ты ынтымақтастық бар екені атап өтілді.

Еліміздің Италияның озық және жоғары технологиялық компанияларын ұлттық экономиканы жаңғырту жобаларына тартуға мүдделі екені айтылды.

Тараптар Ташкент қаласында өндірістік кооперацияны тереңдетуге қызмет ететін “Конфиндустрия Өзбекстан” өнеркәсіптік бірлестігінің ашылуын құптады.

Үкіметаралық топ аясында жергіліктендірудің жаңа бағыттары мен жобалары бойынша ұсыныстар да­йындауға келісілді.

Италия Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ертерек кіруіне және Еуропа Одағымен кеңейтілген серіктестік туралы келісімнің қабылдануына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Екі елдің өңірлері арасындағы тікелей қарым-қатынасты ілгерілетудің маңыздылығы атап өтілді. Осыған орай Өзбекстан мен Италия аумақтары форумын құру және оның алғашқы жиналысын келесі жылы Самарқант қаласында өткізу ұсынылды.

Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту болашақтары жан-жақты талқыланды.

Ташкенттегі Турин политехникалық университеті филиалының қызметі осы бағыттағы табысты серіктестіктің үлгісі екені атап өтілді.

Осы жетекші жоғары оқу орнының базасында Италияның озық технологиялары трансфертінің орталығы құрылады.

Өзбекстанда итальян тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қанағаттанарлықпен атап өтілді. Біздің мектептерде итальян тілі мұғалімдерін дайындау және оны оқытуды мектептерімізге кезең-кезеңімен енгізудің маңыздылығы туралы бірауыздан пікір айтылды.

Италияда бірлескен бейнелеу өнері көрмелерін өткізу жоспарлары да талқыланды.

Елдерімізде халықтарымыздың бір-бірінің бай және қайталанбас мәдени-тарихи мұрасымен танысуы үшін Өзбекстан мен Италияның мәдениет, кино және туризм күндері өткізіледі.

Самарқант археология институты мен Болонья және Неаполь университеттерінің бірлескен тобы жүргізіп жатқан археологиялық зерт­теулер жоғары бағаланды.

Мемлекет басшылары академия­лық алмасуды кеңейту және бірлескен Білім форумын өткізу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ халықаралық және аймақтық маңызы бар өзекті мәселелер, қауіпсіздікке төнетін ортақ қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде де пікір алмасылды.

Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев пен Италия Республикасы Президенті Сержо Маттарелланың келіссөздері соңында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Мемлекет басшыларының қатысуымен Дипломатиялық паспорт иелерін визалық рәсімдерден босату туралы Үкіметаралық келісімге, сондай-ақ және білім, ғылым, технология және инновациялар, спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қо­йылды.

Өзбекстан — Италия саммиті бағдарламасы аясында Президент Шавкат Мирзияев пен Президент Сержо Маттарелла ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшылары “Көксарай” резиденциясындағы Құрметті қонақтар саябағында бірге шырша отырғызды. Бұл халықтарымыз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар нығаюының және Өзбекстан мен Италия арасындағы көпқырлы ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестіктің кеңеюінің рәмізі болмақ.

Италия Республикасының Президенті Сержо Маттарелла Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен бірге “Жаңа Өзбекстан” саябағына барды.

Мұнда жоғары мәртебелі қонақ Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды.

Үш мың жылдан астам кезең — Отанымыздың аумағындағы ұлттық мемлекеттілік тарихының тамыры соншалықты тереңде жатыр. Монументке назар аударған адам осы бір аласапыран өткеннің әсем көрінісіне куә болады. Қонаққа кешенде кескінделген бұл тарих және оның мазмұны туралы айтылды.

Жоғары мәртебелі қонақтар мен шетелдік ресми делегациялардың елімізге сапары аясында мұндағы монументке гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған.

Делегация мүшелері кешенде кескінделген ғұламалардың, ұлы қолбасшылардың, ағартушы бабаларымыздың бейнелеріне ерекше назар аударды. Бейбітшіліктің, еркіндіктің, ізгілік рәмізі Хумо құсының бейнесі кешеннің ең үздік көрінісі екені танылды.

Жоғары мәртебелі қонақ Ташкент қаласындағы Турин политехникалық университетінің қызметімен де танысты.

Бұл жоғары оқу орнының Италия­ның Турин политехникалық университетімен бірлесіп құрылғанына он төрт жыл болды. Өткен уақыт ішінде оқу орны автомобильжасау, энергетика, сәулет өнеркәсібі сынды салаларда көптеген білікті мамандарды дайындады.

Білім беру жүйесіндегі мұндай жетістіктің негізгі факторларының бірі Өзбекстан мен Италияның оқу бағдарламалары арасындағы айырмашылықтарды сәйкестендіру болып табылады. Сондай-ақ оқу үрдісіне заманауи әдістер қолданылып жатыр деп айтуға болады.

Италия Республикасының Президенті Сержо Маттареллаға еліміздің білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен соңғы жылдары қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат берілді.

Қазір мұнда 2 мыңнан астам жас білім алуда. Бітірушілер бір уақытта екі — Италиядағы Турин политехникалық университеті және Ташкент қаласындағы Турин политехникалық университеті дипломына ие болады.

Мұнда Италияның Турин политехникалық университеті туралы қысқаша мәлімет береміз. Бұл оқу орны 1859 жылы құрылған. Ол Еуропадағы ең озық техникалық университеттердің бірі болып саналады. Оқу үрдісі ғылыми-практикалық зерттеулермен бірге белсенді түрде жүргізілетіндігімен ерекшеленеді. Оның құрамына көптеген ірі автомобиль және бас­қа кәсіпорындар үшін негізгі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын он сегіз факультеттер мен зертханалар кіреді.

Астанамыздағы Турин политехникалық университеті осындай тарихи даму кезеңдері бар оқу орнымен тұрақты ынтымақтастық жасайды.

Өзбекстанда халықаралық деңгейде мойындалған, заманауи талаптарға сай білім беру орталығының ашылуы көптеген жастарымыздың тиісті салаларда өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруы үшін маңызды.

Бүгінгі таңда бұл университетті дамытудың тиісті стратегиясы жасалған. Алдағы уақытта жаңа білім ошақтарын ашып, шәкірттер санын көбейту жоспарлануда. Автомобильжасау, құрылыс және энергетика салаларында заманауи білім мен дағдыларды меңгерген білікті кадрларды даярлау мақсатында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, қосымша факультеттер ашылады.

Білім беру жүйесіндегі реформаларды жаңа деңгейге көтеру бұрын­ғыдан да маңызды деген пікірлер айтылды.

Жоғары мәртебелі қонақ сапар бағдарламасы аясында Самарқант қаласына келді.

Италия Республикасының Президенті Сержо Маттарелланың елімізге ресми сапары жалғасуда.

Зиядулла ЖОНИБЕКОВ,

Икром АВВАЛБОЕВ,

ӨзА-ның тілшілері.

Өзбекстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі суреті.