November 17, 2023

ТАТАР ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЖЫҢ-ҚАҒЫТПАЛАРЫ  

Татар халқының қазақ халқы сияқты ел аузында айтылып, жұртқа кең тараған қысқа-қысқа күлдіргі, езу тартар шымшыма әңгімелері, әзіл-оспақтары және қалжың-қағытпалары аз емес. Сондықтан оқырмандарға олардың бірнеше

қалжыңын ұсынып отырмыз.

Қара нанның дәмі

Әке ұлына:

— Балам, мен қартайдым, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде. Есіңде болсын, әрқашан да наныңа бал жағып жегейсің, — депті.

— Ондай байлықты мен қайдан аламын? — депті баласы. Сонда әкесі:

— Маңдай теріңді төгіп, еңбек етсең, ерінбей жеген қара наның да балдай тәтті болады,— деген екен.

Сол баяғы бір ұршық

Мақтаншақ әрі жалқау кемпір бір ұршық жіпті бірнеше ай бойы иіреді екен де, шалына:

— Міне шалым, бір ұршық жіп иірдім, — деп бір көрсетіп, арада біраз күн өткен соң оны қайта шығарып: “міне тағы да бір ұршық жіп”, — деп тағы көрсетеді екен.

Кемпірінің бұл қылығына ыза болған шалы:

— Сол баяғы бір ұршық, бітпейтін бұл не қырсық? — депті.

Өдепсіз жігіт

Жасы жүзге жетіп, белі бүкірейген бір қарт көше бойлап келе жатады. Оған кездескен жас жігіт қарттың бүкірейген белін иілген садаққа ұқсатып:

— Қария, садақты қаншаға сатып алдыңыз? — деп әжуалапты.

Сонда қарт:

— Мерзімі жеткенде бұл садақты қарт­тарға тегін береді. Бірақ сенің оған қолың жетпес. Мұндай әдепсіздігіңнен сен иілмей де бүгілмей сынарсың! — деген екен.

Қонақтан қайтқанда

— Қонақта қалай, жақсы болды ма, ұлым? — деп сұрапты әкесі баласынан.

— Өте жақсы болды, әке. Құрметпен қарсы алды, төрге отырғызды. Тек кетер шақта ғана көңілсіз болды, тіпті шығарып та салмады.

— Солай, балам, — депті әкесі. — Киіміңе қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салған ғой.

Өділ бөліс

Үй иесі қаз сойып, оның етін үйіне қонып отырған қонағына бөлдіріпті. Ол алдына келген қаздың әуел басын кесіп алып:

— Үй иесі, әрі үлкен жасыңыз. Жол — сіздікі, міне, ақсақал, басыңыз! — деп үй иесінің алдына қойыпты.

— Болғанда еркегі бас, әйел — мо­йын. Жеңгейім, мойныңызды алып қойың! — деп қаздың мойнын үй иесінің әйеліне сыйлапты.

— Жат жұртқа ұшып баратын, қыздар алсын қанатын! — деп екі қанатты сол үйдің екі қызына ұсыныпты.

— Екі ұлың — екі аяғың, солар жесін аяғын! — деп екі аяқты екі ұл баласына беріпті.

Содан соң:

— Бас емен, мойын емен, қанат емен, амалсыз қалар маған басқа денең, — деп қаздың қалған етін өзі иемденіпті.

Аңқаулық

Байдың әйелі ауырыпты. Көңілін сұрауға келген құрбысы: — Қай жерің ауырады? — деп сұрапты.

— Көріксіз жеріме шиқан шықты.

— Бетіңде шиқанның белгісі көрінбейді ғой, — депті сонда құрбысы.

Пойызда

Орта жасқа келген еркек пен сол шамадағы әйел бір купеде келе жатады. Еркек терең ойға батқан адамның кейпін білдіріп, әйелге тіл қатпай отырады. Бұған іші пысқан әйел:

— Неге үндемейсіз, не туралы ойлап отырсыз? — деп сұрайды.

— Сіз не туралы ойласаңыз, мен де сол туралы ойлап отырмын, — депті ер адам.

Әйел ашуға басып:

— Ой көргенсіз, ой ұятсыз, танысып-білісіп жатпай, әлденені ойлай бастаған екенсіз ғой, — депті.

Сонда еркек:

— Мен келесі станцияда түсіп, тамақ алып келейін деп ойлап едім, оның несі ұят? — деген екен.

Қош бол, Биғайни!

Биғайни деген әйел туыстарына қонаққа барып, ұзақ уақыт жатып алыпты. Апта артынан атпа өтсе де, ол қайту дегенді ойына да алмапты.

Үй иесіне бұл жайлы тимеген болу керек. Содан ол сынықтан сылтау та­уып, базарға барамын деп киініпті. Базарға кетерінде:

— Қош бол енді, Биғайни, мен кеш қайтамын. Мен келгенше сен кетіп те қаларсың, — депті.

Надан кім?

Баласы мектептен “бес” деген баға алып келгенде, әкесі мәз болып:

— “Алма ағашынан алыс түспейді”, ұлым дәл өзіме тартып туған, — деп мақтанады екен.

Енді бір күні сол бала “екі” алып қалыпты.

Бұл жолы ері әйеліне:

— Сендей көкми наданнан қайбір оңған бала туар дейсің? — деп қатты жекіп ұрысқан екен.

Ақымақ қандай болады?

Екі жігіт әңгімелесіп келе жатады:

— Ақымақ пен ақылды адамның арасында қандай айырмашылық бар? — деп сұрайды біреуі.

— Ақылды адам ақылды мен ақымақтың айырмасын сұрамайды, — деп жауап беріпті екіншісі.

Жұмбақ

Мосқалдау адам қасына уыздай жап-жас қызды ертіп келе жатқанда кездескен біреу:

— Қарындасым, жаныңдағы адамды күйеуің дейін десем жасы үлкен. Сонда бұл адам сізге кім болады? — деп сұрапты. Сонда қыз:

— Бұл кісінің анасы менің шешемнің енесі, сонда кім екенін өзіңіз табыңыз, — депті.

Түрлі басылымдардан жинап дайындаған Құлназар ИБРАГИМОВ