ӘРІ ӘНШІ, ӘРІ ОҚЫТУШЫ...
Журналистіккәсібімебайланыстыжер-жерлердетүрлікездесулерге, әдебишараларғақатысамын. Бір күні аудандық орталық кітапханада көп жылдардан бері жұмыс істейтін Дилфуза Қалбаевамен мерекелік кеште кездесіп қалдым. — Ол, әр айдың 15-інде кітапханада “Кітапсүйер аналар” тақырыбында оқушылармен шара өткізеді екен. Осындай шаралардың бірін аудандағы №1 мектептің музыка пәні оқытушысы Гүлзар Жәлімбетовамен ұйымдастырған едім. Ол өзі әнші, оқытушы, сонымен қатар ақын да екен. Біздің кітапханаға өзі жазған “Атқан таң” атты кітабын тарту етті, әдеби кешіміз өте қызықты да көңілді болып, оқушылар үлкен рухани азық алды. Сол апай туралы мақала жазайықшы деп ұсыныс айтты.
Қарақалпақстан Республикасының Тақиатас ауданындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәні оқытушысы Гүлзар Жәлімбетованы өзім де көп жылдан бері жақсы танимын. Үнемі күлімсіреп, жақсы мінез-құлқымен өзгелерге үлгі-өнеге болып жүретін өте кішіпейіл, ақкөңіл жан. Ол 1976 жылы Тақиатас ауданында туылып өсті. Аудандағы №5 мектепті сәтті аяқтап, 1993 жылы Нөкістегі Мәдени-ағарту техникумының (сол кездегі) “Халық саздары” бөліміне оқуға түседі.
— Бұл жерде ұстазым Өсербай Алланазаровтан көптеген саз аспаптарында ойнауды терең меңгердім. Әкем Шағырбай Жәлімбетов (марқұм) негізгі кәсібі жүргізуші болса да, республикамызға танымал Ешан бақшыға қызығып, дутар шертуді өте ұнататын еді. Оның “Еңбек ет” атты әнін шегіне жеткізіп орындайтын. Отбасымызда 6 ұл, 2 қыз болып, біріміз рубаб, біріміз гитара, біріміз дутар шертіп, әр күні үйіміз ән мен күйге толып кететін еді. Бүгінде сол күндерді өте сағынамын. Менің де музыка мен өнерге қызығуыма отбасымыздағы шығармашылық орта себеп болды. Бірақ, менен басқа ешбірі бұл саланы таңдамады.
Мен 1996 жылы оқуды бітіріп, бірнеше жыл аудандағы Мәдениет бөлімінде жұмыс істедім. Өзімнің әріптесім болған Фархат Матқасимовпен көңіліміз жарасып, отау тігіп, бір ұл, бір қызды кемелге келтірдік. Қызым Наргиза біздің жолымызды қуып, үстіміздегі жылы Өзбекстан көркемөнер институты Нөкіс филиалының вокал бөліміне оқуға түсті. Ұлым Атабек Нөкістегі Ж.Шамұратов атындағы көркемөнер мектебінің хореография бөлімін аяқтады. Мектептегі жұмысым жайлы да айтайын. 2008 жылы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің арнаулы музыкалық білім бөліміне сырттай оқуға тапсырдым, 2011 жылы бітірген соң, мектепке жұмысқа орналастым. Мектепте 4-сыныпта музыка пәнінен сабақ берген оқытушым Байрамгүл Казакованың ең алғаш сахнаға алып шыққаны әліге дейін есімде. “Қызым, сенің ерекше дарының бар. Өнеріңді ешқашан тастап қойма, жалғастыр” деген сөздері маған қанат берді. Міне, қазірде өзім де ұстаз болып, оқушыларға өнер сырларын үйретіп жатырмын. 30 жылдан бері оқушыларға аккардеон, фортепьяно, рубаб, домбыра, дутар шертуді үйретемін. Өзім де “Ғәріп ашық” дастанынан Шахсанемнің ариясын, “Біле білмедім”, “Кеңесті тон” күйіне “Жігіттің”, “Кеңес” күйіне “Сені” әндерін орындауды өте ұнатамын, оқушыларға да үйретемін.
— Гүлзар, міне 30 жылға жуық мәдениет, өнер саласында қызмет етіп жатырсыз. Қандай байқау-конкурстарға қатыстыңыз, нәтижелері қандай болған? — деп қызықтым мен.
— Мен әр жылы республикалық көлемде өткізілетін түрлі конкурс-байқауларға тұрақты түрде қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. 1998 жылы “Ең жақсы эстрада әншісі” байқауында Өзбекстан халық әртісі Гүлхатиша Айымбетова 1-орын, ал мен 2-орын жүлдегері атандым. Марқұм Замира Хожаназарованың жадына арналған “Бақсы қыз Хурлиман” атты байқауларда республика көлемінде 3-орын жүлдегері болдым. Бұдан тыс, әр жылы “Өзбекстан — Отаным менің” байқауына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткіздім. Өзім әсіресе, лирикалық әндерді орындауды өте ұнатамын. Марқұм ақын Роза Дүйсемұратованың “Сені сағындым”, “Қыз әні”, Гүлістан Дәулетованың “Сенсіз” атты өлеңдері маған өте ұнайды. Кішкентай бала кезімнен кітап оқуды ұнатамын. Қарақалпақтың кемеңгер ақындары Бердақ, Әжінияз, Күнхожалардың шығармаларын, сүйікті ақынымыз Ғ.Юсуповтың кітаптарын қайта-қайта оқудан шаршамаймын. 1996 жылы техникумда оқып жүрген кезімде ұстазым Өсербай Алланазаров өзі өлең жазып, сол өлеңді нотаға салып ыңылдап отырып, ерекше әуенмен күй жарататын еді. Ұстазымның өзі жазған “Жарым” атты әні Қарақалпақстан Республикасының халық әртісі Базаргүл Каримованың орындауында халқымызға жақсы таныс. Өзім де бірталай өлең жазамын. Өлеңдерімді жинақтап, биыл “Атқан таң” деген кітабымды баспадан шығардым.
2015 жылы ақын Зұлфияханымның 100 жылдық мерекесіне орай ақынның “Лобар қизлар” өлеңіне күй жазып, аудандағы №7 Балалар музыка және өнер мектебі оқушыларының орындауындағы әніміз республика көлемінде Гран-При сыйлығын жеңіп алды. Сондай-ақ, Ташкент қаласында Өзбекстан көлемінде өткен байқауда жүлделі 3-орынды жеңіп алған болатын. Бұл қуанышты хабарды естіп тұрған кезімде анам Ұлжанды мезгілсіз қаза тапты деген қайғылы хабар да қосылып келді. Адамда қуаныш пен қайғы қатар жүреді деген шын екен. Бұл күн менің жадымда осылайша өмірбақи сақталып қалды.
— Қазір ешкімге сыр емес, мектептен басқа той-мерекелерге қызметке барасыз ба? Мәдениет үйінде әнші болу мен мектепте оқытушы болудың арасында қандай ерекшелік бар, — деп қызықтым.
— Той-мерекелерге қызметке баруды кәсіп етпесем де, кейбіреулер “Мен қызымды ұзатып жатырмын, соған сізге “Жар-жар” айтқызуды ниет еткен едім”, деп шақырып қалады. Осындай кезде олардың қуанышына ортақ боп, мерекесін атқарып беремін. Үйде әкеміз де бізге кішіпейіл болыңдар, жалған сөйлемеңдер, ақиқатшыл болыңдар, жаман қасиеттерден аулақ жүріңдер деп құлағымызға құйған. Біз өнер адамдары халықтың көз алдында, олардың назарында жүреміз. Сондықтан да әрдайым өзіміздің мәдениетімізбен, тәртіп-тәрбиемізбен көпке үлгі болуымыз қажет. Өнер адамдары еркін сөйлейді, жарқын киімдерді киеді, шаштарын түзеп, сұлулық салондарына барады. Ал мектепте мүлдем басқаша. Біз бұл жерде педагог-тәрбиешіміз. Сондықтан іс-әрекетімізді, әрбір сөзімізді байқап сөйлейміз. Өйткені біз перзенттеріміздің тәлім-тәрбиесіне, болашақта қандай тұлға болып, кемелденуіне жауаптымыз.
Өзім де жұмыс барысында Гүлзар Жәлімбетованың мерекелік шараларында үлкен шеберлікпен оқушыларды қатыстырып, концерттік бағдарламаны өте қызықты етіп ұйымдастырғанын көргенмін. Мектеп директоры Руслан Атажанов, директордың рухани-ағарту істері бойынша орынбасарлары Гүлбахар Ережепова мен Зұлфия Тілеумұратовалар оны әрдайым мақтауға лайықты ұстаз деп қолдап отырады. Біз де мақаламыздың кейіпкері Гүлзар Жәлімбетоваға сүйікті жұмысында кәсіби биіктерге жетуіне, мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің әрі қарай өркендеуіне үлес қосуына тілектеспіз.