August 26, 2023

ӘРБІР КҮН — БҰЛ МҮМКІНДІК, ӘРБІР КҮН — БҰЛ БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ  

Тәуелсіздік — ең жоғарғы игілік! Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізілген жетістіктерге қуану, нұрлы болашақ, сарқылмас бақыт, шексіз қуаныш сыйлаған тәуелсіздік үшін шүкіршілік ету, Тәуелсіздікке жеткен күнді еске алу әрбіріміздің отансүйгіштік борышымыз.

1990 жылы 20 июньде Өзбекстан КСР Жоғарғы Кеңесінің II сессиясында Өзбекстан тарихындағы маңызды құжат — Тәуелсіздік Декларациясы қабылданғаны белгілі. Тәуелсіздік декларациясы іс жүзінде 1991 жылы 31 августа Өзбекстан Республикасының “Мемлекеттік тәуелсіздік негіздері туралы” Заңды қабылдауға, еліміздің тәуелсіз даму жолын таңдауға негіз салды. Әлем картасында Өзбекстан Республикасы — жаңа егеменді және тәуелсіз мемлекет пайда болды.

Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің отыз екі жылдық мерекесін өзбек хал­қы маңызды саяси оқиғалармен қарсы алу алдында тұр. Еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиғалармен, атап айт­қанда, 2023 жылғы 30 апрельде референдум негізінде жаңартылған Конс­титуциямыздың қабылдануы, 9 июль күні мерзімінен бұрын Өзбекстан Республикасы Президенті сайлауының өтуі еліміз Жаңа Өзбекстанды, Үшінші Ренессанс іргетасын құруға бағытталған реформаларды жан-жақты қолдайтындығын растады.

Әлемдегі күрделі саяси және экономикалық жағдайға қарамастан, осы реформаларды дәйекті жалғастырып, Отанымыз тәуелсіздігінің отыз екі жылдығын Жаңа Өзбекстанның бүгінгі даму дәрежесіне, мәртебесіне сай өткізу және жоғары деңгейде тойлау мақсатында ағымдағы жылғы 27 июль күні “Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің отыз екі жылдық мерекесіне дайындық жасау және оны өткізу туралы” Өзбекстан Республикасы Президентінің ПҚ-241 Қаулысы бекітілді.

Президенттің қаулысында жер-жерлерде тәуелсіздік мерекесін отандастарымыздың талаптары мен тілектеріне сүйене отырып, бүгінгі дәуірге сай тойлау мақсатында бірқатар мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігі белгіленіп, “Әрбір күн — бұл мүмкіндік, әрбір күн — бұл болашақтың іргетасы” — атты өміршең ұранның мәні мен мағынасын ашу мәселесі өте маңызды болып отыр.

Бүгінгі таңда тәуелсіздігіміз және жүргізіліп жатқан дәйекті реформалар жастар үшін шексіз мүмкіндіктерге, болашағымызға негіз болуда және Өзбекстан жастары барлық салада жоғарыда аталған ұранның өміршеңдігіне куә болып отыр.

Атап айтқанда, Жаңа редакциядағы Конституцияда жастар мәселесінің жеке тарау деңгейіне шығарылуы Жаңа Өзбекстандағы жастар саясатының басымдық болып табылатындығының айқын дәлелі.

Конституцияның 79-бабында мемлекеттің жастарды зияткерлік, шығармашылық, физиологиялық және моральдық тұрғыдан қалыптастыру және дамыту, олардың білім алуы, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселесі, жұмыс­қа орналасу, жұмыспен қамту және демалу құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау міндетін айқындау жоғарыда аталған ұранның өміршеңдігін іс жүзінде растайды.

Жастарды зияткерлік, шығармашылық, физиологиялық және моральдық тұрғыдан қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуына, тә­уелсіздігіміз, олардың құқығы мен бос­тандықтарын іс жүзінде қамтамасыз етуге негіз қалағанын атап өткен жөн.

Әсіресе соңғы жылдары жүргізілген дәйекті реформалардың нәтижесінде жастар реформалары қарқын алды. Бұл Өзбекстанның жан-жақты және қарқынды дамуы, әлемдік еңбек базарында бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды шетелдік оқу орындарына тарту және Өзбекстанда кадр­ларды кәсіби даярлауды қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылғы 25 сентябрьдегі Өзбекстан Республикасы Президентінің “Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанынан мамандарды шетелде даярлау және отандастармен қарым-қатынас жасау туралы, “Эл-юрт умиди” қорының қызметін ұйымдастыру туралы” ПҚ-5545-сан­ды Жарлығы, 2021 жылғы 11 февральдағы “Мемлекеттік қызметшілер мен мамандарды шетелде даярлау және олардың әлеуетін одан әрі арттыру жүйесін түбегейлі жетілдіру іс-шаралары туралы” ПҚ-6168-санды Жарлығы, сондай-ақ 2021 жылғы 13 июльдегі “Жастарды жан-жақты қолдау және олардың әлеуметтік белсенділігін одан әрі арттыруға қатысты қосымша іс-шаралар туралы” ПҚ-6260-санды Жарлығы қабылданды.

Осы құжаттардың негізінде жастардың мүмкіндіктері одан әрі кеңейіп, “Эл-юрт умиди” қорының байқауларында жоғары балл жинап, стипендиат деп танылған үміткерлердің алдыңғы қатарлы шетелдердің оқу орындарындағы оқу шығындарын толығымен мемлекет қаржыландырады.

Бұл ретте мемлекеттік бюджет есебінен 2021 жылғы 1 октябрьден бастап немесе топ-500 беделді халықаралық рейтингтік ұйымдар тізіміндегі шетелдік жоғары оқу орындарын (бакалавриат, магистратура) бітірген немесе оларда ғылыми дәреже (PhD және басқа да баламалы ғылыми дәреже) алған жас мамандардың жалақысы бойынша базалық есептің 15-тен 75 есеге дейінгі мөлшерінде қосымша үстемеақы төленеді.

Мемлекет жастар үшін жасаған мұндай мүмкіндіктер “Әрбір күн — бұл мүмкіндік, әрбір күн — болашақтың іргетасы” өміршең ұранының өзекті дәлелі болып табылатынын атап өткен жөн. Бұл мүмкіндіктердің ағымдағы жылы Конституциялық деңгейде белгіленгендігі елдегі жастардың тәуелсіздігі кепілдіктерінің одан әрі нығаюын айғақтайды.

Бұл реформалар өз кезегінде жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан қазіргі заманғы білім мен дамудың биіктерін иемдену, өзінің практикалық жұмысымен, бастамаларымен, ынта-жігерімен еліміздің дамуына лайықты үлес қосу, адал бала болу әрбір жастың, тәуелсіздік перзентінің басты мақсаттарының біріне айналуы тиіс.

Шоира АЛАМОНОВА,

Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Заң шығару және құқықтық саясат институтының жауапты қызметкері.