ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ
1917 жылы Ресейдің патшалық үкіметін құлатқан большевиктер бастаған октябрь төңкерісінен кейін, (одан бұрын да ғасырлап орыс патшалығының бодандығында болған) Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көкірегіне жағымды самал тигендей болып еді, бірақ ол алдамшы үміт екен. Өйткені халық Ресей патшалығының кесірінен көп мүшкіл жылдарды басынан өткізіп жатқан болатын. Көп жәбір көрген Қазақстан мен Орта Азия халықтарының мақсаты — өз алдарына жеке мемлекет құрып, біреуге тәуелді болмай, бостандықта жасау еді. Халықтың оқымысты зиялылары, білікті жол бастаушылары болды, әрине. Солардың бірі — Мұстафа Шоқай.
Түркістан халқының көптеген қоғам қайраткерлері мен білікті оқымыстылары елінің азаттығы үшін күресіп, соңынан Отанынан қудаланып, шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болды. Түркістан халқы дегенде, тек қана қазіргі Түркістан қаласының халқы деп түсінбеу қажет. ХХ ғасырға дейін Түркістан дегенде батыс Моңғолия мен Батыс Қытай, одан әрі солтүстік Үндістан мен солтүстік Ауғанстан және Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің жері түсінілген. Түркістан — Түрік жұрты, яғни түркі тілде сөйлейтін халықтардың жері. Бірақ кейінгі уақыттарда (әсіресе большевиктердің төңкерісінен кейін) Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан деп аталатын болды. Шығыс Түркістан дегенде Қытайда (Шыңжан өлкесінде) жасайтын ұйғыр, қазақ, тағы басқа халық өкілдерін, Батыс Түркістан дегенде Орта Азия мен Қазақстанда тіршілік ететін түркі тілді халықтарды білеміз. Түркі тілде сөйлейтін Әзербайжан, солтүстік Кавказ халықтары мен Түркия мемлекетінің халқын, сондай-ақ Қырым, Қазан татарлары мен Башқұрт халқын қосатын болсақ, жалпы түркі халықтарының саны аз болмайтыны белгілі.
Ресей патшалығының Түркістан жеріне қызығуының басты себебі — оның байлығы. Алғашқы кезде басқыншылықты Батыс Қазақстаннан бастаған орыс империясы көп қарсылықтарға тап бола берген соң, басқыншылық бағытын солтүстік-шығыс Қазақстанға бұрды. Осы орыс патшалығының басқыншылығына қарсы күресте қаншама қазақ халқы зорлық-зомбылықты, сұмдықтарды көрді. Мұндай сұмдықтар Кеңес одағы бой көтерген кезде де толастаған жоқ. Большевиктік партияның М.Фрунзе бастаған қызыл әскерлері Қоқанды, Ташкентті, Самарқант пен Бұхараны, Хиуаны басып алып, Кеңес одағын орнатқанда Түркістан халқының қаншасы қырылды.
Екі ғасырдан астам уақыт Ресей мен Қытайға тәуелді болып жасаған Түркістан халқы, әрине, тәуелсіз ел болуды армандады және сол арман жолында елеулі жұмыстар атқарды. Елінің тәуелсіздік жолындағы қажырлы еңбегімен, алып күштерге қарсы теңсіз күресімен, халқы үшін жасаған ерлігімен, сол зұлым заманның қиыншылықтарына шыдап күресе білген, тәуелсіздік жаршысы деп атауға толық болатын оқымысты, білікті ел азаматтарын қалай жадымыздан шығарамыз? Естен шығару мүмкін емес. Дегенмен КСРО-ның жасанды саясаты бір ғана Түркістан халқының емес-ау, бүкіл көпұлтты империя халықтарының санасына “ұлтшыл”, “Отан сатқыны”, “халық жауы” деген жаман ұғымдарды сіңдіріп қойды емес пе? Елі мен туған жері, Отаны үшін арын алау, жанын жасау етіп, өз дәуірінің от-жалын өтінде шыңдалып, қиын-қыстау белестерден өтіп, болашақ ұрпаққа қалдырған тәуелсіздік жаршыларының өшпес рухы мен жүрек дүрсілін естімегендей, естісек те бұғып-пысып жүрдік-ау... Сондықтан кешегі 1990 жылға дейін Мұстафа Шоқайдай тәуелсіздік жаршысын “халық жауы”, “ұлтшыл”, “Отан сатқыны” деп келгеніміз өте өкінішті, әрине.
Өткен заман тарихына ден қойып, зердеге ой салып, асқан асуларымызға тағы да бір шындық көзімен қарап, келешек жас ұрпаққа ғибрат, өнегесі көп жұмыстың ізін қалдыру, Отанды, туған жерді сүюге тәрбиелеу, адал, арлы болуға шақыру — тәуелсіз елдің жасы үлкен, көзі қарақты азаматтарының негізгі міндеті екендігін жадымыздан шығаруға болмайтынын мойындауға тиіспіз.
Өз ұлтының, жалпы Түркістан халқының бостандығы үшін күрескен азамат, абзал жандар аз болған жоқ. Солардың бірі — қазақ халқының оқымысты интеллигенті Мұстафа Шоқай дедік. Ол 1890 жылдың жетінші январы күні Ақмешітте қазіргі Қызылорда да, (бір кездерде Перовск деп те аталған) туылды. Әкесі — Шоқай би ауқатты, бай адам болған. Оның Шоқай би датқа атануы да бекерге болмаса керек... Шоқай би 1841 жылы дүниеге келген болса, 1913 жылы қайтыс болады. Руы — қыпшақ. Мұстафаның анасы — Хиуа хандарының әулетінен екен. Туған жерінде сауатын ашқан Мұстафа Ташкенттегі орыс гимназиясында оқиды. Гимназияны бітірген соң Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1917 жылғы февраль (буржуазия) төңкерісіне дейін ол сондағы үкімет Думасында қызмет етеді. 1917 жылы апрельде Орынборда өткен жалпықазақ құрылтайына қатысады. Көп ұзамай Ташкентке келіп “Ұлы Түркістан”, “Бірлік туы” атты газеттерді шығаруға жетекшілік етеді. Бұл кезде Ташкентке жиналған Түркістан мұсылмандарының құрылтайы қатысушылары мемлекет басқаруды жергілікті халық қолына беруді талап етіп, қаулы шығарған соң Керенский үкіметі тарапынан ұйымдастырылған “жұмысшылар мен солдат депутаттары советі” және большевиктер бастаған “революциялық советтері” үкімет басқаруында түркістандықтардың қатысуына қарсылық көрсетіп, оларды шеттете берді. 1917 жылдың 21 апрелінде құрылған “Түркістан мұсылмандары Орталық кеңесі” өзінің төрағасы етіп Мұстафа Шоқайды сайлады. Бірақ Ташкентке мекем орнығып алған совет комиссариаты өздерінің қызыл армиясының күшіне сеніп, ұлттық орталықтың жұмыс-әрекетіне тосқындық жасай береді. Сондықтан Ұлттық Орталық өзінің жұмыс-әрекетін Қоқанда тұрып жалғастыру туралы шешімге келеді. Сөйтіп, 1917 жылдың 9 декабрі күні Қоқан қаласында Бүкіл Түркістан төртінші өлке құрылтайы шақырылады да, онда құрылтай өкілдері Ресей демократиялық Федерациясының ішінде Түркістанның төтенше үкіметін ұйымдастыруды мақұл табады. Жаңа ұйымдастырылған үкімет алқасы Мақмұт Тынышбайды (Мұхамеджан Тынышбаевты айтады. — Қ.И.) үкімет бастығы және ішкі істер министрі, Мұстафа Шоқайды сыртқы істер министрі, Әбдірақпан Оразбайды үкімет хатшысы және көптеген салалар бойынша министрлер тағайындайды.
Қоқан төтенше үкіметі 1917 жылдың 27 декабрі күні Петербургтегі Совет үкіметіне телеграмма жіберіп, Ташкенттегі совет комиссариатын тарқатуды және Қоқан үкіметін тануды талап етеді. Сол кезде совет үкіметінде ұлттар істері бойынша комиссар болған И.Сталин Қоқан үкіметінің қолында әскери күш жоқтығын білгені үшін ол талапты “қоқан лоқы” деп санады да, 1918 жылдың 7 январында Қоқан қаласына қызыл әскерлерін жібереді. (Т.Қаххар “Азат Түркістан үшін”, Ташкент, 1994). Көп ұзамай 18 январьда қызыл әскерлердің Қоқанға шабуылы 22 январьға дейін жалғасып, 10 мыңға жуық түркістандықтар теңсіз соғыста қаза болады. Қоқан үкіметінің талай басшылары тұтқындалып, кейбіреулері қашып кетіп аман қалады. Мұстафа Шоқай Орынборға келіп, 1918 жылдың март айында Бакуге барады. Әзербайжанда да большевиктер совет үкіметін орнатқан соң ол Тбилисиге кетуге мәжбүр болады.