ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕРЛЕР ҰМЫТ БОЛДЫ МА?
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы болуы керек, қай жылы екенін анық айта алмаймын. Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының “Қазақ тілі филологиясы” факультетінде ұйымдастырылған “Найзағай” үйірмесі жайлы естігенде қуанғаным шындық. Өйткені мектепте оқып жүрген кезімнен әдебиетке, тарихқа қызығушылығым күшті болды. Теледидардан Өзбекстан Республикасының қазақ тіліндегі “Замандас” бағдарламасының бас редакторы осы үйірме жайлы хабар тарқатқан Сүлекеңнің Алматы баспасынан шыққан “Алтын алқа” повесін оқығанмын. Сонда Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің де шығармалары Алматы баспаларынан жарық көреді екен-ау деп таңқалғаным рас.
Геолог болған соң әдебиет естен шыққандай. Ғылым құйыны үйіріп, ішіне тартып кеткен жылдар ғой ол өткен жылдар... Еліміз тәуелсіздік алып, көкірекке самал тиіп те қалды. Қазақ тіліндегі газетіміз шығатын болды. Бірақ бұл жағдай кеңес одағының шіріп біткен кезеңі екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Қалай болғанда да 1991 жылдың 10 январынан бастап (тәуелсіздік алғаннан 9 ай бұрын) республикалық “Достық туы” газеті шыға бастады да, әдебиетсүйер қауымның қуанышында шек болмады. Соның бірі мен едім, әрине.
Газетті ұйымдастыру кезеңінде теледидардан жарнама арқылы газет редакциясына жұмысқа тарту үшін хабарнама жарияланды. Өзбекстан Республикасының қазақ мәдени орталығының референті Дәмір Қалдыбаевқа телефон шалу қажет деген соң телефон соқтым.
— Алло, Дәмір Қалдыбаев па екен?
— Мен жарнама бойынша сізге телефон соғып тұрмын. Қазақ газетіне “байқау” ұйымдастырылыпты, соған... — дей беріп едім, Дәкең:
— Иә, иә, құлағым сізде, айта беріңіз. Қай жерде тұрасыз, өзіңіз кімсіз, мамандығыңыз, біліміңіз қалай? — деп сұрақтарды үсті-үстіне жаудырып жіберді. Сасып қалдым. Аты-жөнімді қайда тұратынымды, мамандығымды, білімім қандай екенін айттым.
— Біліміңіз жоғары болғаны, Ташкентте тұратыныңыз жақсы ғой, бірақ геолог болғаныңыз сәл “дұрыс” емес екен, — деп қалғанда, мен:
— Неге олай дейсіз, геолог болсам не болыпты? Ақын Олжас Сүлейменов те геолог болған екен ғой, — дедім.
— Жо-жоқ, мен ол жағын айтып тұрғаным жоқ, бірақ геолог атаулының баршасы Олжас бола бермейді ғой.
Тым құрыса педагогика институтын аяқтағандарды жинап жатырмыз.
— Корректорлыққа да болмас па екен? — дегенімді білемін, арғы жақтан Дәкең:
— Болмайды, басқа біреулер телефон соғып жатыр, жауап беруім керек, уақытты алмаңыз, — деген соң көкке қалықтай бастаған үмітімнің қанаты сынып, жерге топ етіп түскендей сезіндім. Бірақ газетке жазылған соң, үйге келетін оның әр санын оқып, тырысқан денем жазылғандай болды. Алматыдан шықпаған шатпақтарым мұнда шығар ма екен деген оймен, “Алдыңғы дөңгелек” (әзіл-шыны аралас), “Зуылдақ” (сықақ) және “Тойлар туралы ойлар” (мақала) деген шатпағымды жіберіп едім, олар газетте жарық көрген соң сөне бастаған үмітім қайта жандана бастады.
Телефон шыр ете қалды. Редакциядан екен.
— Мен — Файзулла деген ағаң боламын. Газеттің әдебиет бөлімінде тілшімін. Бөлім бастығымыз Мекембай деген ақын жігіт, білсең керек. Редакторымыз бостандықтық Ақан Ташметов: “Ақа, сол кісіні шақырыңыз, сөйлесейік” деген соң саған қоңырау соқтым. Жіберген сықақтарың тәуір екен, қалам тигізбей сол күйінде жібердік. Мен өзім сатирик болған соң ба, Мекембай маған беріп: “Мыналарды көріңіз, дұрыс сияқты” деген еді. Редакцияға кел, танысайық, Ақанмен сөйлес, мүмкін жұмысқа алар, — деді.
Файзекеңнің сол қоңырауынан соң тағдыр екен, Ақан, Мекембай, кейінірек “Нұрлы жолда” сыншы ғалым, жазушы, академик Қалдыбек Сейданов ағамен бірге 10 жылдай жұмыс жасадық. Қалекең бас редактор қызметін атқарды. Оның орынбасары марқұм Амангелді Сейдахметов бірге: “Құлеке, Сүлекеңнің үйіне барайық, жүріңіз, әңгіме-дүкен құрамыз” деген соң жоқ дей алмадым. Бірақ. Сүлекеңнің үйі Ташкенттегі “Балалар әлемі” орналасқан ғимараттың үшінші қабатында екен, “ауымыз жүрді”. Көп уақыт әңгімелесіп отырдық. Бір кезде Амангелді:
— Сүлеке, сіз Жазушылар одағындағы қазақ әдебиеті кеңесін басқарсаңыз болмай ма? — деп сұрақ қойып еді, ол:
— Жоқ, өзімнің “Замандасымнан” қолым босай қоймас, одан да кейде түнделетіп қағаз қарайтқаным дұрыс болар, — деп жауап берді.
Сол кезде Сүлеймен Бұхарбаев Жазушылар одағының мүшесі де емес екен. Себептері белгісіз. Бірақ ол кейін зейнетте болса да тағы 2-3 романын баспадан шығарған қаламгер. Оның қалдырған әдеби-көркем шығармалары өз оқырмандарын әліге дейін таппағаны өкінішті, әрине. Өзбекстандық қазақ халқына қалғаны оның “Замандас” бағдарламасын басқарғаны және халықаралық айтыстарды бірнеше рет ұйымдастырғаны. Сүлекең секілді тамаша туындылары болса да, көпшілік назарынан тыс қалған қаламгерлер өкінішке орай, әлі де бар. Оған басты себепкер — өзіміз әрине. Өзіміз дегенде біздің қазақтардың басы қосылмайтынын айтып тұрмын. Сол жаман “аурудан” айықпай-ақ қойдық. Осындай жаман әдеттің салдарынан назардан тыс қалған кенимехтік Серік Шұқын, Жоғаршыршықтан Файзолла Жұмақұлов, Боран Қыдыров, тағы басқаларды көруге болады. Олар жұрттың есінде қалды ма екен? Серік кезінде “Ара” журналы мен “Қазақ әдебиеті” арқылы бүкіл Қазақстанға әйгілі болғаны шындық. Бірақ өзінің елі оған құрмет көрсете алды ма? Назарға ілді ме? Жоқ. Оған кім кінәлі? Фәйзекең де солай. Ол “Арада”, Талдықорған облыстық газетінде жұмыс жасаған сатирик ақын. Ақын Боран Қыдыров Жазушылар одағына мүше болу “асуынан” аса алмай тұнжыраған бойы әлемнен озды. Бірақ оның досы ақын Мекембай Омарұлы еске алу кешін ұйымдастырғаны көңіл көншітерлік жұмыс болғаны рас.
Иә, “шымшықтан қорыққан тары екпес” қаламгерлер құдайға шүкір, елімізде баршылық. Кезінде кеңес одағы “қасқыр” секілді айбат көрсеткендіктен көп азамат, солардың ішінде көптеген қаламгерлер солақай саясаттың құрбаны болғанына куә болдық. Мына жаңа заманда “қасқырдан” қорқу деген пиғыл адамдарда, әсіресе ақын-жазушылар мен журналистерде жоғала бастағаны қуанарлық құбылыс.