September 7, 2023

БАРШАСЫ ХАЛЫҚ ҮШІН

Жызақ облысының Мырзашөл ауданында аудан әкімшілігі, аудандық прокуратура, кедейшілікті қысқарту және жұмыспен қамтуды қолдау бөлімінің бастамасымен аудандағы агроөнеркәсіптік-техникалық колледждің ғимаратында “Бос жұмыс орындарының” жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге қатысушыларға қажетті әлеуметтік жағдай жасалып, шағын кәсіпкерлік саласында және үйде жұмыс істейтіндердің ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Өзбекстан Республикасының “Халықты жұмыспен қамту туралы” Заңы мен Еңбек кодексіне сәйкес кеңес бұрыштары мен бос жұмыс орындарының стендтері ұйымдастырылды. Оған аудандағы көптеген жұмыссыз жүрген азаматтар мен жастар қатысты.

Шара барысында “Халықты жұмыспен қамту туралы” Заң және Өзбекстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша жүгінген азаматтарға еңбек заңнамасы бо­йынша іс жүзіндік кеңестер берілді.

Жәрмеңкеде өтініш білдірген 26 азаматтың 15-і өз мамандығы бойынша таңдаған жұмысына орналасса, 9 азамат жолдама негізінде Мырзашөл кәсіптік-техникалық колледжіне жіберілді.

Иә, бұл сынды еңбек жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы халық игілігі мен тұрғындардың қажеттілігіне қызмет етеді деп сенеміз.

Құттыбай ҚҰРБАНҰЛЫ,

Жызақ облысы.