November 18, 2023

КЕПТЕЛІСТЕГІ КЕЙБІР ОЙЛАР...  

Бүгінде елімізде, жалпы бүгінде ғана емес, біраз уақыттан бері адамдардың арасында жиі айтылып жүрген жолдардағы кептеліс мәселесі ең өзекті әрі соңы көрінбей келе жатқан мәселелердің қатарында тұр. Оның салдары адамның тәуліктік жоспарына, яғни уақыт жоғалтуына кедергі келтіруімен қатар қоршаған ортаға да кері әсерін тигізіп келеді.

Мәліметтерге қарағанда, қазірде қаладағы кептелістер экологияның ластануына себеп болуда. Қала көшелеріндегі көлік ағымын нәтижелі басқару жүйесінің жоқтығынан кептеліс уақытында автокөліктердің қозғалыс жылдамдығы 7 км/сағатқа дейін түседі екен. Ал бұл тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын екі есе ұзаруына әкеп соғады. Сондай-ақ кептеліс кезінде әдеттегіден гөрі жай жүріп жатқан автокөліктердің артықша жанылғы жұмсауы және одан бөлінетін улы газдардың көлемі де артады екен. Бұл үлкен экономикалық жоғалтулардан тыс, экологияға кері әсер етіп, атмосфераның ластануын одан әрі күшейтуде. Айта кетерлік жайт, күніне 15 литр жанылғы жұмсайтын автокөлік орташа 9 кг көміртегі диоксидін, қарапайым тілде айтқанда, карбонат ангидрид шығарады екен.

Әрине жолдардағы кептелістер бүгінде автокөліктер санының көптігінен немесе кейбір жолдардың талапқа жауап бермейтінінен, кейде жол жөндеу жұмыстарынан, ал кейбір жағдайларда бағдаршамдардағы ақаулықтардан да туындап жатады. Мұндай кептелістердің бұрын-соңды болмағанын, бұрындары үлкен жолда бірен-саран ғана жүк немесе жеңіл машиналары көрініп жататынын, қазіргідей көліктердің ұзыннан-ұзақ тізілмейтінін аға буын өкілдері жиі айтады. Шынымен-ақ, ұзақ уақытқа жалғасатын кептелістерді бұрындары шетелдің фильмдерінен немесе ақпараттарынан көріп, естуші едік.

Осы орайда айта кетерлік бір қызықты факт. Әлемдегі ең ұзын кептеліс 2010 жылы Қытайда бол­ған көрінеді. Оның жалғасымдылығы 12 күнге созылған екен. Шынында да, таңданарлық жағдай ғой. Мұндайды бізде болудан сақтасын. Дегенмен кептеліс ділгірлігі қазіргі уақытта өзімізде де белең алған. Әсіресе үдемелі, таңертеңгі және кешкі уақыттарда ушығып отырады. Таңертең жұмыстың басталуына дейінгі және аяқталуынан кейінгі уақыттарда қала көшелерінде немесе қалаға кіреберіс жолдарда автокөліктердің, қоғамдық көліктердің қаз-қатар тізіліп тұруы азаматтардың жұмысқа, оқуға, тағы басқа да жерлерге кешігуіне (көп жағдайда басшы мен қызметкерлер арасындағы түсінбеушілікке де) себеп болуда. Үйден жолға шығарда жолдың қашықтығы мен көліктің интервалын шамалап шыққанмен, жолдағы кептелістің салдарынан әудем жерге де әлден уақытта жетіп баратын кездер де болады. Бұл тұрғындардың жиі наразылығын тудырғанымен күннен-күнге үйреншікті әдетке айналып жатқан ділгірлік. Яғни көпшілік мүмкіндігінше таңертеңгі кептеліс уақытын шамалап, көп уақытын жолда өткізбей, күнделікті жоспарлы уақытын алға қарай жылжытуға тырысуда. Алайда мұндай жағдай әрдайым да бола бермейді.

Қызықты факт, әрі қорытынды шығарарлықтай жағдай. Жуырда еліміздегі саяси-экономикалық жағдайға байланысты қала көшелерінде (әрине барлық көшеде емес) мерзімді кептеліс жағдайы туындады. Екі күнге арналған бұл кептеліс туралы алдын ала телеарналарда, әлеуметтік желілерде хабарландырулар берілді. Сондай-ақ мұндай қолайсыздықтар үшін тұрғындардың айыпқа бұйырмауы да айтылған болатын.

Өз басым кептелістің кесірін оқта-текте болмаса күнде көріп жүрмегендіктен бұл мәселеге анау айтқандай, дау-дамай ретінде қарамайтынмын. Дегенмен алдын ала айтылып жүрген кептелістің екінші күнгі күйін көрдім. Әрине әдейі емес, “ештеңе етпейді, әлі уақыт бар ғой, жұмысқа жетіп аламын”, деген оймен автобусқа отырдым. Автобус күндегі жылдамдықпен ешбір кедергісіз жүріп жатты. Әлден уақытта тоқтап, сәл кідіріп жүруді бастады. Бұл жағдайдың қайталануы жиілей бастады. Кейбір жолаушылар жүргізушіден сол кездің өзінде-ақ есікті ашуын айтып, түсіп қалып жаяу жүріп кетті. Бір аялдама мен екінші аялдаманың арасындағы уақыты 15 минуттай уақытты құрап отыр. Тіпті екінші аялдаманың дәл тұсына да жетіп барған жоқ. Автобустағы жолаушылар саны да азая бастады. Жолдың екі тұсында қалып, қаптаған үлкен-кіші жолаушылар ары-бері жүріп ағылуда. Жұмысқа дейін баратын жол біршама алыстау. Оның үстіне “қашан жетіп барамын, жолдағы жағдайды айтармын” деген ойда отырмын. Арадан тағы да біраз уақыт өтті. Екі жақтан өтіп бара жатқан жолаушылардың соңы көрінбейді. Мен отырған автобустың алдыңғы және арт­қы жағында да қолмен реттеп қойғандай көліктер бірізділікпен тұр. Әлден уақытта автобустағы жасы үлкен кондуктор әйел жолаушылар­ға қарата жүруге жол жоқ екенін, кері қарай кететінін айтты. Бағанадан бері өз ойыммен отырған мен де амал жоқтан түстім де екі тұста кетіп бара жатқан жолаушылардың қатарына қосылдым. Жұмысқа де­йін әлі төрт-бес аялдама бар, дегенмен төтелеп шығу арқылы жолды аз да болса қысқартуға болады. Басқа амал да жоқ. Анадай жерден жабылған жол жаққа қарай жүріп отырдым. Үлкен жолдағы кептелістің кесірі мұндағы көліктерге де өзінің кері әсерін тигізбей қоймапты. Көпқабатты үйлердің арасындағы жолдарда да көліктер тізіліп кезегін күтіп тұр.

Бір оқығаным бар еді. Айтылуынша, жапондар таңертең жұмысқа жетпей, бір аялдама бұрын түсіп жаяу барады, ал кешкісін үйге қайтқанда да дәл олай істейді екен. Яғни жаяу жүруді күнде осылай жоспарлайтын көрінеді. Олардың ең көп шұғылданатын спорт түрі бұл — жаяу жүру екен. Сондықтан да жапондар ұзақ өмір сүретін халық ретінде тілге алынатын көрінеді. Ал жаяу жүрудің пайдасын білген адамның дәрігерге де ісі түсе бермейді. Сондай-ақ тұрақты түрде жаяу жүру — қан қысымын нормаға келтіріп, көңіл күй мен ағзаның жалпы жағдайын жақсартады. Бұдан тыс, қан қысымы мен холестерин мөлшерін де нормаға келтіреді екен. Мұнда әсіресе, таңертеңгі уақыттағы жаяу жүрудің пайдасы өте-өте көп екені де айтылуда.

Иә, бүгінгі қаптаған қалың кептелістің салдарынан өмірі жүріп көрмеген көпқабатты үйлердің арасынан өтіп келе жатып, осындай мәліметтерді ой елегімнен өткізіп келдім. Мамандардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда әр азаматтың тәулігіне 5 мың адым жүруі керек деп жиі-жиі айтып жататын сөздері есіме түсіп, бұл да бір салауатты өмір салты екен ғой деп қоямын. Сондай ойлардың жетегінде жұмысқа да жеттім.

Қорыта келгенде, жоғарыда айтып өткен күнделікті болып жатқан, біз көліктің ішінде отырып-ақ жолдағы кептелістерден, оның үстіне қоғамдық көліктерде жолаушының көптігінен туындаған қысылыстардан әрі жұмыстан кешігіп жатқанымызға шеке-басымыз тырысып, іштей жақтырмай отыратын жайттардың бүгінгі жағдайдың алдында түкке тұрмайтынын түсінгендеймін. Ал екіншіден, ұғынған негізгі түсінігім — бұл өмірде кейде біз ұнатпайтын, ауырсынып қарайтын тұстардың екінші жағын, адамға тигізер септігін де аңғартып тұрғандай сезіндім. Бір сөзбен айтқанда, бұл жағдайлар жоғарыдағы келтіріп өткендей, бізге қайшылық боп көрінген жағдайларды кінәртпай, оған өмірдің, күнделікті тұрмыстың жазылмаған ережелері ретінде қарап, адам өзінің күн тәртібі мен жоспарын өзгертуі немесе қайтадан бастау қажеттігін үн-түнсіз, айнадай етіп ұқтырып жатқан секілді...

Гүлжамал БАЙТӨРЕЕВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.