November 17, 2023

ЗАҢДЫ КӨМЕК КӨРСЕТУ МЕХАНИЗМДЕРІН НЫҒАЙТУ   

Жуырда Әділет министрлігінде “Өзбекстанда заңды көмек көрсету механизмдерін нығайтудың ынтымақтастық жолы” тақырыбында дөңгелек үстел сұхбаты ұйымдастырылды. Онда мемлекет тарапынан қаржыландырылатын заңды көмек көрсетумен байланысты соңғы өзгерістер талқыланды.

Шараға Әділет министрлігінің, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Өзбекстандағы өкілеттігінің, Хельсинки университеті жанындағы Заң үстемдігі орталығының, “Мадад” Беймемлекеттік бейкоммерциялық ұйымы мен басқа тиісті ББҰ-ның өкілдері, сондай-ақ Финляндияның Орталық Азиядағы елшісі қатысты.

Сөз сөйлегендер Өзбекстан БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша келісімшарты аясында өз міндеттерін орындағанын, тегін заңды көмек көрсету жүйесін енгізу мен қолдап-қуаттау бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын, жаңа қабылданған Конституцияда да әрбір адамға білікті заңды көмек алу құқығы кепілденетіні белгілеп қойылғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар 2023 жылғы 16 июньде қабылданған “Мемлекет есебінен заңды көмек көрсету туралы” Заң бұл реттегі маңызды қадам болды. Аталған заң мемлекет есебінен заңды көмек алатын тұлғалар аясын кеңейтуге қызмет етеді, мемлекет есебінен заңды көмек көрсетілетін қызметтердің тізіміне азаматтық және әкімшілік қызметтерді енгізу арқылы азаматтарға тегін заңды көмек алу мүмкіндігін жаратады.

Тұрғындарға біріншілікті тегін көмек көрсетудегі нәтижелі қызметтері үшін “Мадад” беймемлекеттік бейкоммерциялық ұйымының қызметі атап өтілді. Осындай жанасу негізінде төменгі буынға біріншілікті заңды кеңес пен ұсыныстардың барша үшін ашық болуы қамтамасыз етілетіні, ал бұл қоғамдық және құқықтық жүйе арасындағы байланыстарды біріктіруге қызмет ететіні тілге тиек етілді.

Әділет министрлігі БҰҰДБ-ның Өзбекстандағы өкілеттігі ынтымақтастығында “Өзбекстанда заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауды нығайту” біріккен жобасы аясында бұл бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл жоба іс жүзіндік шараларға ғана емес, материалдық тұрғыдан қолдап-қуаттауға да бағытталғанын атап өткен жөн. Оларда арнайы тегін заңды көмек көрсететін субъектілерге техникалық жәрдем беру мен оларға шағын көлемдегі гранттар ұсыну қамтылады. Мұндай техникалық жәрдем оларды қолдап-қуаттаумен қатар өз қызметтерін кеңейтуге әрі заңды көмек көрсетуге инновациялық жанасуға қызмет етеді.

Шара елімізде әділ соттауға қол жеткізу мен білікті заңды көмек алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында тұрғындарға тегін заңды көмек көрсету саласында жұмыс жүргізетін іріктелген беймемлекеттік бейкоммерциялық ұйымдарға ақпарат коммуникациялық технологиялық кұралдарын тапсыру рәсімімен аяқталды. Атап айтқанда, “Мадад” ББҰ-ның Бекабад қаласындағы (Ташкент облысы), Шовот (Хорезм облысы) пен Хужаобод (Әндіжан облысы) аудандарындағы құқықтық кеңес бюролары солардың қаратында. Бұдан тыс, Бұхара облысы “Ойдин нур” жанұяны әлеуметтік қорғау орталығының жанұяда салауатты ортаны қалыптастыру, әлеуметтік тәлім-тәрбие беру бойынша нәтижелі қызметтері, сондай-ақ “Барқарор хает” халықаралық әлеуметтік-ағарту орталығының Наманган облыстық филиалының қоғам мен тұлғаның дамуында маңызды құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кең қамтулы бағдарламаларға қос­қан үлесі елеулі ескерілді. Берілген ақпарат коммуникациялық технологиялық құралдар аталған ұйымдардың тұрғындарға тегін заңды көмек көрсету мүмкіндігін нығайтуға қызмет етеді.

А.ОСПАНҚЫЗЫ