ӨЗБЕКСТАН — ҚЫТАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
Ташкент қаласында 5 сентябрь күні Өзбекстан — Қытай ынтымақтастық және алмасу конференциясы, сондай-ақ “Бір белдеу, бір жол” бастамасының 10 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Екі іс-шараның мақсаты — “Бір белдеу, бір жол” мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалануға жәрдемдесу, ынтымақтастықтық артықшылықтарын одан әрі дамыту және Шаньдун провинциясы мен Өзбекстан арасында аймақтық деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кеңістігін ашуға көмектесу.
Шараға Қытай коммунистік партиясы комитетінің хатшысы, Шаньдун провинциясы халық өкілдері Жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Линь У қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде “Бір белдеу, бір жол” мүмкіндіктерін өзара тиімді пайдалануға, ынтымақтастықтың жаңа болашағын бірге құруға шақырды. Сонымен қатар Шаньдун мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың көлемі кеңейіп, оның жемісі одан да артады және болашағы жарқын болады, деді ол.
Конференцияда Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев пен Мәдениет министрінің орынбасары Муроджон Маджиевтер сөз сөйледі.
Өзбекстан мен Қытайды көп жылдық тарихи байланыстар, достық және тығыз қарым-қатынас байланыстырады. 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин “Бір белдеу, бір жол” ұжымдық құрылысының маңызды бастамасын алға тартқан болатын. Өзбекстан ежелгі Жібек жолының маңызды торабы болды және “Бір белдеу, бір жол” бастамасын алғаш қолдаған, сондай-ақ оған белсене қатысқан елдердің бірі саналады.
Шаньдун мен Өзбекстан арасында аймақтық деңгейде тығыз сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынас орнаған. Бұдан 2000 жыл бұрын елімізге Шаньдун өлкесінен керамика, жібек маталар керуендер арқылы келген. Бүгінгі таңда екі ел арасында шығыстан батысқа қарай үздіксіз еуразиялық “Цилу” жүк пойыздары қатынап, жаңа Жібек жолына болат көпір салуда.
Шара барысында Қытайдың бірқатар мемлекеттік мекемелерінің басшылары мен өкілдері сөз сөйлеп, мемлекеттер арасындағы және аймақаралық қарым-қатынастардың жоғары деңгейге көтерілгенін тілге тиек етті.
Конференция аясында жобалар бойынша келісімдерге қол қою және олардың ашылу салтанаты өтті. Оған еліміздің бизнес-ассоциациялары мен кәсіпорындарының, қалалар мен кеңселердің басшылары және Шаньдун провинциясындағы негізгі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.