November 8, 2023

БІЛІМНІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ  

Тәрбие мен білім — егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі десек артық айтқандық емес. Егеменді еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу — білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр.

Науаи облысы Кенимех ауданына қарасты орталықтан 300 километр қашықтықта орналасқан Үштөбе ауылындағы №3 “Салтанат” мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесі ауыл балаларының тілін дамыту, дүниетанымын арттыру үшін жаңа әдістер мен технологияларды тәжірибеде қолданып, үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттыруда.

Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына 9 педагог, 25 жұмысшы-қызметкер атсалысуда. 93 тәрбиеленушіге педагогтар педагогикалық технологияларды қолдана отырып, бүлдіршіндердің жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер етуде.

Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесінде үстіміздегі жылдың сентябрь-октябрь айларында “Ертегілер еліне саяхат”, “Тілдер мерекесі”, “Алтын күз мейрамы” және “Тапқыр бала” сайыстары өткізіліп, ата-аналармен ынтымақтастық орнатылып, көңілді ертеңгіліктер мен мәдени танымдық кештер өтті.

Күнделікті сабақ барысында бүлдіршіндерге ойын арқылы оқыту, түсіндіру арқылы оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы үйретіледі. Өз кезегінде өткізілген ертеңгіліктер мен мерекелік кештер балаларға мінезін қалыптастыруға, өзара сөйлесу әдебін, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға, дамытушы орта құруға мүмкіндік беруде.

Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесі — барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала — болашағымыз, бала — қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту өзімнің басты мақсаттарымның бірі екенін қуана айта аламын.

Ләззат ҒАЙБУЛЛАЕВА,

№3 “Салтанат” мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесінің меңгерушісі.

Науаи облысы, Кенимех ауданының Үштөбе ауылы.