November 18, 2023

БАЛАЛАРҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДА НЕ ӨЗГЕРДІ?  

Табысы аз отбасыларды қолдап-қуаттау елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік қорғау саясатының құрамдас бөлігі саналады.

Соңғы жылдарда аз қамтылған отбасылар балаларына әлеу­меттік және материалдық көмек тағайындау жүйесі жаңадан жетілдірілуде. Атап айтқанда, жүйеге заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу арқылы адам факторын жою мақсатында 2019 жылдан бастап Сырдария ауданында “Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай реестрі” ақпараттық жүйесі әзірленіп, сынақтан өткізіліп, кезең-кезеңімен 2020 жылдың соңына қарай республиканың барлық өңірлеріне енгізілді.

Нақтырақ айтсақ, осы күнге дейін әлеуметтік төлемдерді махалла төрағаларының басшылығымен үш кезең бойынша комиссия тағайындаған. Бірінші кезеңде комиссия отбасының табысы туралы мәліметтерге сүйене отырып, отбасының әрбір мүшесінің табыс мөлшерін анықтаған. Екінші кезеңде отбасының әрбір мүшесінің орташа айлық жиынтық табысы ай сайынғы төлемнің ең төменгі мөлшерінің 52,7 пайызынан аспаса, отбасының материалдық және мүліктік жағдайы бағаланып, қорытынды жасалған. Үшінші кезеңде тиісті жәрдемақыны тағайындау және төлеу немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған.

Бұл ретте жәрдемақы алатын отбасылардың санына шектеулер белгіленіп, бұл өз кезегінде отбасының жағдайын субъективті бағалауға, ал кейбір жағдайларда сыбайлас жемқорлық жағдайларына себеп болған.

Сондай-ақ, бұрынғы тәртіп бойынша отбасының барлық мүшелерінің кірістері туралы мәліметтер, осы кірістерді растайтын құжаттар, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері талап етілген.

“Әлеуметтік қорғаудың бірың­ғай реестрінің” ақпараттық жүйесіне қатысты министрліктермен және кеңселермен электронды ақпарат алмасу жолға қойылғандықтан, азаматтардан қағаз түріндегі мәліметтер талап етілмейді. Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді.

Сонымен қатар балаларға жәрдемақы және материалдық көмек тағайындау туралы өтініштер АТ “Бірыңғай реестрі” бойынша 16 министрлік пен кеңселерден келіп түскен 53 түрлі электрондық деректер негізінде қаралады.

Ерсейіт БАТЫРБЕКОВ,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.