January 6

“УЗУН” ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сұрхандария облысының Узун ауданында жаңадан салынып біткен “Узун” теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Осыған орай ұйымдастырылған шарада “O‘ztemiryo‘lyo‘lovchi” акционерлік қоғамының бас директоры Шарофиддин Қодиров, “Терміз аумақтық теміржол торабы” унитарлық кәсіпорнының басшысы Фарход Ғиясов, Узун ауданы әкімінің кеңесшісі, “Нуроний” қорының төрағасы Мирбобо Тошбоев, еңбек ардагерлері, теміржол мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Шарада сөз сөйлегендер, осы зәулім вокзал ғимаратын Жаңа жыл мерекесіне орай аудан тұрғындарына жаңа жылдық сыйлық ретінде тарту етілгеніне тоқталды.

Еліміздің ең көрікті, қайталанбас табиғаты бар Узун ауданы теңіз деңгейінен 1 мың 523 метр биіктікте, облыстың әкімшілік орталығы Терміз қаласынан 180 шақырымдай жерде орна­лас­қан. Аумақ тұрғындары үшін теміржол негізгі көлік түрлерінің бірі. “Узун” теміржол вокзалының пайдалануға берілуі осы ауданмен тұтасқан аумақтарда жасайтын халықты еліміздің астанасымен және басқа да облыстармен байланыстыруға қызмет етеді.

Өткен уақыт барысында вокзалда жөндеу жұмыстарының жүргізілмегені және оны пайдаланатын жолаушылар санының жылдан-жылға артуына байланысты халыққа сапалы әрі сенімді қызмет көрсетуде қиындықтар туындаған еді. Сондықтан вокзалды қайта құру, кеңейту мен жолаушыларға жан-жақты заманалық жағдай жасау қажеттілігі бар болатын.

— Бұрынғы вокзал 40-50 жолаушыға ғана қызмет көрсететін, заманауи қолайлылық болмаған еді, — дейді “Узун” вокзалының басшысы Ботир Мирзоқулов. — Мұқият жоба негізінде салынған заманауи вокзалда жолаушыларға барлық жағдай ескерілген. Атап айтқанда, бір мезеттің өзінде 100-150 жолаушыны қабылдай алатын және кез келген ауа райы жағдайында қалыпты температураға ие күту залы, заманалық демалыс бөлмелері, элек­тронды ақпараттық табло, билет кассасы, ана мен бала және медициналық пункт бөлмелері бар. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өткен жылдың 11 декабрінен бастап әр күні “Ташкент — Сариосие — Ташкент” жолаушылар пойызы жолға қойылғаны ауданымыз тұрғындары мен бұл жерге келіп-кетушілерге үлкен қолайлылық жасайды.

“Тоштемирйуллойиха” жауапкершілігі шектеулі қоғамының мамандары да­йындаған жоба бойынша “Узбекистон темир йуллари” акционерлік қоғамының қаржысына салынған бұл екі қабатты вокзал ғимараты өзіндік ұлттық және заманауи үйлесім тауып, сапалы құрылыс өнімдері пайдаланылған. Теміржол вокзалында қазандық, трансформатор станциясы, жолаушы­лар­ға арналған платформа, қойма, автотұрақ салынды. Сонымен қатар теміржол кассасы мен бақылау-өткізу пункті де құрылды. Вокзалдың айналасы, сырты мен ішкі жағы ұлттық салт-дәс­түрімізбен безендіріліп, күту, демалыс және жуыну бөл­мелері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтал­ған. Ең бастысы, зәулім жаңа ғимарат ауданға жаңа көрік берді.

Илхом РАХМАТОВ,

“Янги Узбекистон” газетінің тілшісі.