April 15, 2019

РҮН. Өз-өзіңе сенімді бол!

Сіз балаға қандай сөздер айтасыз? Мақтайсыз ба, әлде сынайсыз ба? Көбіне қайсысын көп қолданасыз? Егер біле-білсеңіз, бала естіген сөзге сеніп, соған қарай дамиды.

Барлық ата-ана өз баласына жақсылық тілейді және оның бақытты болғанын қалайды. Онда неге көп балалар өзін қорғансыз, бақытсыз сезініп өседі? Мүмкін біздің, яғни ата-аналардың кейбір қате әрекеттері мен ойланбай айта салған ескертулері баланың өзіне деген сенімсіздігін тудыратын да шығар. Одан кейін барып бала ұяң, үндемей жүретін бала болатын да шығар?! Мүмкін ата-аналар бала тәрбиесіндегі маңызды нәрселерді білмейтін шығар. Ол не?

Төменде келтірілген мысалдан өзіңіз бір нәтиже шығарып көріңіз.

|   Аңыз

Ерте-ерте, ертеде, ешкі жүні келтеде, бір көлдің жағасына кішкентай бақалар жиналыпты. Олар өзара жүгіруден жарыс ұйымдастырады. Жарыстың шарты бойынша, бақалардың барлығы жүгіріп келіп, биік мұнараның басына шығуы керек. Басты мақсаты – биік мұнараның шыңына шығу еді. Бақалардың бұл әрекетін ешкім елемесе де, күлкі үшін көп көрермен жиналды... Ал жарыс басталды...

Көрермендердің ешқайсысы бақалардың мұнара шыңына жететініне сенбегені рас. Көпшілік арасынан мынадай сөздер естіліп жатты: «Бұл өте қиын! Олардың шыңға шығуы мүмкін емес» немесе: «Бәрібір құлайсыңдар! Мұнара өте биік!»

Кішкентай бақалар бірінен соң бірі құлай бастады. Тек күш жинап алғандары ғана жоғары өрмелей берді. Көрермендер сонда да «Бұл мүмкін емес. Олардың біреуі де шыға алмайды!» - деп айқайлай берді.

Бақалардың көбісі шаршап, құлай берді... Тек олардың БІРЕУІ ғана жоғары көтеріле берді...

Сол жалғыз бақа ғана берілген жоқ! Ол ең соңында жалғыз өзі мұнараның ең биігіне шықты!

СОНДА барлық бақалар таң қалып, оның қалай жеткенін білгісі келді. ОЛ күш-қуатты қайдан алды?

Сөйтсек, Жеңімпаз бақаның құлағы естімейді екен! Ол көпшіліктің кертартпа пікірін естімеген.

Міне, сондықтан да өзгелердің кертартпа сөздері мен пікірлеріне құлақ аспай, өз-өзіңе сенімді болуға үйрен! Ежелгі даналарымыз айтқандай: Адамның өзін, оның өмірі мен тағдырын оның өз ойлары мен көзқарастары қалыптастырады. Адамның қандай болуы – өзіндегі ойға байланысты.