әдебиет
March 5, 2021

Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері

Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды. Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.

«Бас қосу турасында»


Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден.

«Ашық хат»


Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс – сырат көпірінен өтпей, жұмысқа айналмайды. Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын.

«Ашық хат»


Қорқамын: жалпы жұрттың қараңғылығынан, басшы боламын деп тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағаннан!

«Саяси хал. Саяси сараптама»


Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған – хайуан тұрмыс салты. Қағушы, соғушы, күзетші хайуандық жолда адасқан адам баласына ғана керек.

«Алаштың талапты азаматына»


Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат.

«Сусағанның түсіне су кіреді»


Еуропа адамшылығымыз мол, мәдени жұртпыз, жетілдік, артылдық деп айтатыны құр мақтаныш болмаса, әлі тағылықтан айрылған жоқ-ау!

«Газеталардан»


Адам баласы сөзін жазып, тасқа басып сақтағаннан бері қанша түзулік, әділдік, жақсылық жол айтқан кітаптар жазылған. Қане, бұл кітаптардың сөзі іс бола қойғаны?! Бұл кітаптар шкафта шаң болып жатқан жоқ па?

«Ашық хат»


Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек.

«Үлгі алыңдар! Данияда кәператип пен ел шаруасы»


Езілген еліне еңбек қылатын, қараңғы көр көзді халқының көзін ашатын, арыстанның өзінен, түрікпеннің төрінен барып білім алып, халқын көгертетін болашақ үмітті азаматтарымыз деп есеп етуге болады. Сондықтан қазақ-қырғыз халқы шетте игілік жолда халық үшін жүрген азаматтарын құрметтей білу зор борыш.

«Студенттерге жәрдем керек»


Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой.

«Бауырым Дінше!»


Егер жергілікті хүкімет іскер, сергек болса, кіндіктен шыққан түрліше заң-закондердің бәрі де орындалып отырады. Егер жергілікті хүкімет іске шабан, ез, керенау болса, кіндік хүкімет тарапынан шыққан заң-закондердің бәрі де іске аспай, аяқ астында тапталып қалып, халыққа пайдалы еш нәрсе істелмей қалады.

«Ел арасына оқу ісін кім жүргізеді?»


Тарих болса, ел өсіп өнеді. Тарих болмаса, ел жоғалады. Бұл – хақ нәрсе.

«Тарих керек»


Оқытушының тұрмысын оңдау – оқу жұмысын оңдау. Жұмыстың оңды болуы тұрмыстың оңды болуына тіркеулі.

«Оқушыдан көмек күттік»


Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һәм ең құрметті айы болған рамазан айы.

«Рамазан айы жақындауға тақырыпты»


Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

«Ұры тию»