Айбар Олжай. Қазақтілді PR
Айбар Олжай. Қазақтілді PR маманы. 2024 жылдың наурызынан бастап «Қазақстанның орнықтылық даму қоры» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметінің бас менеджері болып жұмыс істейді. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (ҚОҚ) – қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағдарламаларын іске асыратын және экономиканың дамуына қаржылық қолдау көрсететін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұйымы. Қазіргі уақытта ҚОҚ «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын, банк секторын тұрақты дамыту бағдарламасын және тұрғын үй ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруда. 2023 жылы ҚОҚ «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасының өз бөлігін сәтті аяқтады.
Айбар Олжаев ұлттық коммуникациялар бойынша ОБСЕ кеңесшісі болып табылады. «PR-шы» Клубының мүшесі, 2020-2022 жылдардағы вице-президенті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «ЮНЕСКО және коммуникациялар» кафедрасының «Корпоративтік PR», «Дағдарысқа қарсы коммуникация» пәндері бойынша оқытушысы. AlmaU университетінің Медиа және кино мектебінде «Қоғаммен байланыс» пәні бойынша лектор. Дағдарысқа қарсы коммуникациялар, гудвилді басқару, қазақтілді аудиториямен жұмыс істеу бойынша тренер болып табылады.
Айбар Олжаев кейстері: «7-20-25», «Нұрлы жер», «Баспана хит» бағдарламалары
Айбар Олжаев мемлекеттік даму бағдарламаларына маманданған қазақтілді жалғыз пиар маманы. Айбар Олжаев 2016 жылдан бері корпоративті PR саласында жұмыс істейді.
Корпоративті PR. 2016-2024 жылдар
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. 2016-2017 жылдар
Айбар Олжаев корпоративті пиарға 2016 жылдың ақпан айында келді. Сол кезде ол «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға (қазіргі «Отбасы банк») PR-менеджер қызметіне шақыру алған болатын. Ол кезде ЖССБК «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтап жатты. Және 2016 жылы теңгенің құнсыздануы кезінде депозиттердің жабылу қаупі төнген болатын. Депозиттер кетіп қалмас үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшылығы өз бағдарламасын іске қосуды ұйғарды. Сол кезде «Өз үйім/Свой дом» атауын Айбар Олжаев ойлап тапқан. «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламасы іске қосылмай тұрып, Жарнама және қоғаммен байланыс департаменті «Өз үйім/Свой дом» бағдарламасының маркетингтік және ақпараттық жұмыстарын сәтті жасады. Одан кейін Айбар Олжаев командамен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасы мен тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесін насихаттаумен айналысты.
«Бәйтерек» холдингі. 2017-2018 жылдар
«Бәйтерек» холдингі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (қазіргі «Отбасы» банкі) акционері. 2017 жылдың сәуір айында Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүргізу үшін Айбар Олжаевті өзінің еншілес банкінен шақыртып алды. Сол жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол»-дан жеке бөлініп шыққан еді. Айбар Олжаев холдинг баспасөз-қызметінде алдымен аналитик, кейіннен басшының міндетін атқарушы болып қызмет етті. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасын насихаттау стратегиясын жүргізді және холдингтің еншілес ұйымдарының баспасөз қызметтерінің жұмысына кураторлық етті.
Ұлттық банк. 2018 - қазіргі кезге дейін
2018 жылдың наурыз айында Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «7-20-25» ипотекасы туралы жариялап, оны іске асыруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тапсырды. Ұлттық банк ол үшін шұғыл түрде «Баспана» еншілес ұйымын құрды. 2018 жылдың маусым айында «Баспана» ипотекалық ұйымының басшылығы Айбар Олжаевты жаңа ипотеканы насихаттау мен коммуникациясын жүргізу мақсатында қызметке шақырды. 2018 жылдың 5 шілдесінде алғашқы ипотекалық несиенің берілуімен «7-20-25» бағдарламасы ресми түрде өз жұмысын бастады. Айбар Олжаев қазіргі таңда ең танымал «7-20-25» ипотекасын әу бастан, 6 жыл бойы үздіксіз жүргізіп келеді.
«Баспана» ипотекалық ұйымы 2019 жылдың соңында тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында қолданыста болған үйлерге несие беретін коммерциялық ипотеканы іске қосты. Сол кезде Айбар Олжаев оған «Баспана хит» деген ат ойлап тапты. «Баспана Хит» толық циклін сәтті өткеріп, 600 миллиард теңге ипотека берді және жоспарлы түрде 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды.
2020 жылы «Баспана» Ұлттық банктің басқа еншілес ұйымы – Қазақстанның орнықтылық қорымен біріктірілді. Баспана командасы біріккен компанияға ауысты.
Мемлекеттік PR. 2014-2015 жылдар
2014 жылдың соңында Айбар Олжаев «Алматы» коммуналдық телеарнасы бас директорының орынбасары қызметінде жүрген кезде оны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өзінің баспасөз қызметінің жетекшісі, баспасөз-хатшысы лауазымына шақырды. Ол әкімнің қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, халық алдындағы сөзіне тезистер дайындау, әкім мен БАҚ бас редакторлары арасында кездесулер ұйымдастырумен айналысты.
Телевизия. 2003-2014 жылдар
Айбар Олжаев еңбек жолын студент кезінен бастаған. 2003 жылы 3-курс студенті болып жүріп, «Оңтүстік астана» муниципалдық телеарнасында штаттан тыс спорт журналисі ретінде жұмыс істей бастады. Диплом алғаннан кейін 2005 жылы Айбар Олжаев ресми түрде атын ауыстырған «Алматы» телеарнасына (бұрынғы Оңтүстік астана) жаңалықтар редакторы болып жұмысқа тұрды. 2007 жылы Айбар Олжаев елордалық «Астана» телеарнасының Алматыдағы меншікті тілшісі қызметіне шақырту алды. 2009 жылы «Жетінші арнаның» Алматыдағы бюросына аналитик болып барып, артынан бюро басшысы болды. 2012 жылы Айбар Олжаев «Алматы» телеарнасына бас директордың орынбасары ретінде қайта оралды. «Алматы» телеарнасында ол дербес телеөндіріс, телевизиялық жарнама нарығын зерттеу, хабар тарату желісін бағдарламалау мәселелеріне жетекшілік етті.
Мектеп және студенттік шақ. 1990-2004 жылдар
1990 жылы Айбар Олжаев Алматы қаласы «Ақсай-3» ықшамауданындағы №123 орта мектептің 1-сыныбына барды. 1993 жылы отбасы Сайын көшесіндегі шағын пәтерден «Мамыр-2» ықшам ауданындағы кеңірек пәтерге көшіп, 5-сыныптан бастап Айбар Олжаев «Жетісу-2» шағын ауданындағы №141 орта мектепке ауысты. Ал 2000 жылы орта білім туралы аттестат алып, №141 орта мектепті бітірді. 2000 жылы Айбар Олжаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсуге шешім қабылдайды. Грантқа 3 ұпай жетпей, Олжаев басқа жоғарғы оқу орнына барамын деп ойлаған. Алайда Айбарды дәл осы сәтте әкесі, белгілі журналист Қайнар Олжай қолдап, ҚазҰУ-дағы оқу ақысын төлеу мәселесін өз мойнына алды. Айбар Олжаев «Теле/радио журналистика» кафедрасына бекітілді. 2004 жылы ҚазҰУ-ды бакалавр дәрежесімен бітірді. Әскери билеті және «аға лейтенант» дәрежесімен бірге диплом алып шықты.
Балалық шақ. 1983-1900 жылдар
Айбар Олжаев 1983 жылы 1 тамызда Қазақ КСР-ы Алматы қаласы Медеу ауданында дүниеге келген. Ол журналистер Қайнар Олжай мен Гүлжанат Құстанованың отбасындағы екінші бала. Ағасы - Айдын Олжаев, сіңлісі - Ақнұр Олжаева. 3 жасында әкесі Қарағандыға меншікті тілші болып тағайындалып, отбасымен Қарағандыға көшіп келді. Айбар Олжаев Қарағандыда алғаш рет балабақшаға барды. Қазақ балабақшасы болмағандықтан ата-анасы оны орыс балабақшасына береді. Сол жылы Қарағанды атқару комитеті Олжаевтар отбасына Мира бульварынан пәтер бөліп берді. 1988 жылы отбасы Қарағандыдағы 4 бөлмелі пәтерді Алматыдағы Сайын-Комсомольская (қазіргі Төле би) көшелерінің қиылысындағы ескі бір жарым бөлмелі пәтерге айырбастап, Алматыға оралды. 1990 жылы Айбар Олжаев Алматыдағы №123 мектепке бірінші сыныпқа барды.
Отбасылық өмір. 2005 – қазірге дейін
Айбар Олжаев Алмагүл Олжаевамен 2005 жылдан бері шаңырақ көтерген. Үш баласы бар. Қызы, Олжаева Адел Түркиядағы Эгей университетінде акушер мамандығы бойынша оқиды. Ұлдары Данияр мен Санжар Олжаев 2024 жылғы жағдай бойынша орта мектептің жоғарғы сыныптарында білім алады.