Абай қашан дүниеге келді?
«Абайдың өмір тарихы ақын қайтыс болғаннан кейін жазылып, 1905 жылы орыс тілінде Семей газетінде жарияланды. (Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог), «Семипалатинский листок»).
Осы мақала екінші рет 1907 жылы жарияланды («Записки Семипалатинского»).
Бұл екі мақаланы да жазған Әлихан Бөкейханов, оған Абай өмірі туралы мағлұмат берген Тұрағұл, Кәкітайлар.
1908 жылы Орынборда шығатын татар газеті «Ибраһим Құнанбаев» деп аталған мақала жариялап, Абайдың өмірі, ақындық өнері туралы жақсы мағлұмат берген («Уақыт» газеті, 1908, Орынбор).
Ал, осы күнге шейін «Абайдың туған күні – 10 тамыз» деп аталып келді. Бұл мағлұматты берген адам – Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов.
Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере балаларының біріндей болып өскен адам. Абай дүниеден қайтқан жылы (1904) Әрхам 19 жастағы жігіт болатын.
Әрхам жазбасында Абайдың туған айы, күні, дүниеге келген жері нақтылы көрсетіліп жазылған:
«Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келді... Құнанбайдың бұдан бұрын туып, ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі Күңкеден туған ұлының аты Құдайберді, Ұлжанның тұңғыш ұлының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды», - дейді.
Сөйтіп, Әрхамның берген мағлұматы бойынша Абайдың дүниеге келген жері – Қасқабұлақ, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы совхоздың орталығы, туған күні ескіше 10 август (тамыз), жаңаша – тамыздың 23 болады».
Заңғар КӘРІМХАН,
e-history.kz/kz/news/show/1122/