"Абай жолындағы" тарихи шындық пен өтірік
«Абай жолы» – көркем шығарма. Біз Абайға келгенде тарихи шындық пен көркем шындықты айырбастап алдық. Маған салсаңыз, «Абай жолының» төрт кітабының ішінде бірде-бір өмірлік тарихи шындық жоқ дер едім.
Біріншіден, Қодар мен Қамқа оқиғасы өткен 1834-1839 жылдардың арасында Абай дүниеге келген де жоқ. Дүниеге келмеген Абай ол оқиғаны қалай көреді?
М.Әуезовтің өзі: «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы мүмкін» деп жазады.
Абайдың естігенінің өзіне Әуезов «мүмкін» деп қарайды. Бірақ көшпелі өмірде, қазақ халқының тұрмысында ол оқиға орын алған.Тарихи шындық екені рас. Ал көркем шығармада ол Абайдай кейіпкерді дүр сілкіндіру үшін керек болып тұр. Әуезовтің ұлылығының өзі осында.
Екіншіден, Базаралы мен Абайдың арасына келейік. Базаралы Тәкежанның 800 жылқысын барымталап әкетіп, екі рет жер аударылады. Қаншама сараң бай болса да мал – Тәкежандікі, ұрлап отырған – Базаралы. Сол Базаралыны жер аудартқан Құнанбай емес, Абай. Құнанбай 1851 жылдан кейін билікке қайтып келген жоқ. Аға сұлтан да, болыс та болған жоқ. Жер аудартқан – сол кезде қолына билікті ұстап отырған Абай. Абайдікі дұрыс, өйткені Базаралы – барымташы. Өмірлік шындық осы. Ал көркемдік шындықта бәрі басқаша. Абай мен Базаралының достығы қандай?!
Үшіншіден, Қодар – Қамқа оқиғасынан кейінгі үлкен оқиға – Мұсақұл соғысы. Бұл оқиға 1845 жылғы қыркүйектің 10-16-сы аралығында өткен. Ол кезде Абай – әлі қырқынан шықпаған бала.
Янушкевич: «Құнанбай жаңа туған баласының іші ауырып, маймен сылатып жазып алды», – деп тамыздың 25-терінде жазған күнделігінде айтқан. Ал, қыркүйектің ортасында Мұсақұл соғысы кезінде «Құнанбай ағайындарына әлденеге ширығып, бізбен тез қоштасып кетіп қалды», – дейді.
Ол Құнанбайдың Мұсақұл соғысына кетіп бара жатқан кезі. Қырқынан да шықпаған Абай қалай екі ортаға елшілікке жүреді? Бірақ, бұл – Құнанбайдың басынан өткен оқиға. Әуезов өте күрделі ойлардың өзін қиыннан қиыстырып жазған.
© Тұрсын Жұртбайдың сұхбатынан
adebiportal.kz/kz/news/view/19268