April 2, 2020

2-күн тапсырмасы:

Ертең - біз үшін ерекше мейрам саналатын жұма күні.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Күндердің ең абзалы – жұма күні. Бұл күні Адам атамыз жаратылған. Және осы күні жаннатқа кіргізілген. Әрі осы күні одан шығарылған. Қиямет те осы жұма күні болады». 

Және бір хадисте жұма күні дұға қайтарылмастан қабыл болатындығы айтылған. Сондықтан ертеңгі күнді барынша дұғаларымызды айтып, көбірек Алладан кешірім сұраумен және мерекелік жақсы көңіл-күймен өткізейік. Әлемге жіберілген қазіргі қиын сынақтан аман-есен өтуімізді тілеп, еліміз үшін де дұға сұрауды ұмытпайық.

КҮНДЕЛІКТІ ОРЫНДАЛАТЫН ТАПСЫРМАЛАР:

🔸1) Таңертең ерте тұру, шүкіршілік дұғасын айту. Чатқа "Қайырлы таң!" деп жазып жіберу (6.00 дейін). 

Фото/видео жіберу міндетті емес!  

🔸2) Құран оқу немесе тыңдау.  

🔸3) Әр намаздан кейін 100 рет кешірім сұрау дұғасын және 100 рет салауат айту.

🔸4) Садақа беру. 

🔸5) Жоспарыңыздағы істерді күні бойы жасап, кешке қанша Бигтаск және қанша 🍅 орындалғанын отчетқа жазып жіберу. 

------------------------------------

Күніңіздің пайдалы істермен әрі берекелі өтеріне сенем!

Үнемі асығып, бір шаруаларды бітіріп тастауға тырысып, жүгіріп жүрумен біз көбінесе өміріміздегі қарапайым қуаныштар сыйлайтын сәттерді ескере бермейміз, Алланың берген сансыз нығметтерін байқамай жатамыз. Кейде өмірімізге шағымданып қоятынымыз да бар.

Аллаһ Тағала шүкіршілік еткен құлдарын жақсы көреді. "Шүкір" деп ауызбен айтып қана қоймай, шын жүрегіңмен сезініп, сол нығметтерді Сыйға Беруші Аллаға алғысыңды білдіру өте маңызды. Дәл қазіргі күйіңе шын шүкір ете білсең, жалпы өміріңе риза болсаң, алдыңнан көбірек жақсылықтар шыға бастайды, ал разы болмасаң, жыламсырап, шағымдана берсең, жағдай одан сайын күрделене түседі. 

Алла тағала Құранда: "Шүкірлік етсеңдер, арттыра беремін" дейді. Шын ниетпен осы өміріңе ризашылығыңды білдірсең, Алла тағала нығметтерін одан сайын арттырып беретінін уәде еткен.

Бір сәт дамылдап, күнімізге анализ жасап, Аллаға осы күніміз үшін алғысымызды білдіріп, махаббатқа толы таза әрі тыныштық тапқан жүрекпен ұйқыға жатқанға не жетсін?! Оны тек сезініп көру керек.

Сонымен,

ҚОСЫМША тапсырма:

🔸 6) Бүгіннен бастап арнайы Шүкіршілік күнделігін жазуды бастаймыз. Кешке күніңізді сараптап, бүгінгі күніңізде орын алған кемінде 3 жақсы нәрсеге шүкіршілік жазасыз. Басында ешнәрсе ойға келмей, қиналуыңыз мүмкін. Бірақ күн өткен сайын шүкірлік ететін нәрселер оңай табыла береді, айналаңыздағы бұрын байқамаған нығметтерді көре бастайсыз. Маңызын түсініп алған соң, өзіңіз жазып отырып, керемет күй кешесіз.

Негізі арнайы дәптер арнаған жақсы. Алайда электронды блокнот ыңғайлы болса, телефонға жазсаңыз да болады.

Мен бастапқыда енді білген кезде телефоныма жаза бастадым (маған да берілген тапсырма болды☺️), кейін шүкірліктің дәмін сезіп алған соң, арнайы дәптер арнадым.

Төменге мысал ретінде өзімнің электронды күнделігімдегі 1 күндік шүкірлігімді келтіремін (суретті жылжытасыз).

🔸 Есепке "Шүкіршілік күнделігін арнап, 3 шүкірлік жаздым" деп жібересіз.