April 3, 2020

АЛЛАНЫҢ КӨРКЕМ ЕСІМДЕРІН БІЛУДІҢ МАҢЫЗЫ

✨Алланың көркем есімдерін білу Алла Тағаланы дұрыс танып білуге жол ашады. Сол себепті де Жаратқан Иеміз бізден Өзінің көркем есімдері арқылы Өзіне жалбарынуымызды, түрлі қате сенімге беріліп, адасып кетпеуімізді қалаған. 

▪️Мына аятта Хақ Тағала: «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Ендеше, Оған сол есімдерімен үн қатып, дұға етіңдер!»деген («Ағраф» сүресі, 180).

▪️«Исра» сүресінің 110-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар Алла деп атаңдар, қаласаңдар Рахман деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!», – деп айт» делінген.

-------------------------------------

▫️Айша анамыз (Оған Алла разы болсын) «Біз білетін және білмейтін барлық Көркем есімдеріңмен Өзіңе сыйынамын. Уа, Жаратқан иеміз, Ұлықтардың ұлығы болған есіміңмен Саған жалбарынамын. Кімде-кім Саған осы есімдеріңмен дұға жасаса, сен жауап бересің!» деп дұға жасағанын Алланың елшісі естіген кезде «Дұрыс айттың» деп құптаған. 

▫️Пайғамбарымыз (ﷺ) xадистерінде Аллаx Тағаланың 99 көркем есімін жаттап, соған сай амал еткен адамның жәннатқа кіретінін айтып, осы іске ынталандырған. 

▫️«Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оларды жаттап алса жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Әбу Дәуід).

▫️«Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Жүз бірсіз, кім оларды зікір етіп жүрсе жәннатқа кіреді» (Әл Бухари, Муслим).

Алланың есімдері мен сипаттарын жақсы білсек, иманымыз артып, мінез-құлқымыз да соған сай көркем бола түсері анық. 

🔶 АЛЛАНЫҢ КӨРКЕМ ЕСІМДЕРІН ЖАТТАУДЫҢ ЖЕҢІЛ ЖОЛЫ

🔸Таңертен ұйқыдан тұрғаннан бастап Бесін намазына дейінгі уақыт аралығында бір есімді қайталап жүріңіз!

🔸Бесін-Екінті намазы арасында келесі есімді қайталаңыз!

🔸Екінті-Ақшам намазы арасында келесі есімді қайталаңыз!

🔸Ақшам-Құптан намазы арасында келесі есімді қайталап жүресіз!

🔸Құптан мен ұйқыға жатар уақыттарда келесі есімді қайталайсыз!

✨Сонда күніне 5 есім жаттап аласыз әрі күні бойы зікір айтқандай сауап аласыз!

Дұғаңызға Алланың сол есімдерін қосып сұрасаңыз да жақсы!

✨Алланы еске алған сайын жүрегіңіз тазарып, нұрлана бастағанын байқайсыз.

"Естеріңде болсын, жүректер Алланы еске алғанда ғана жай табады" (Рағыд, 28-аят).

Көлікте кетіп бара жатсаңыз да, немесе кезекте тұрғанда болсын, тіліңізді суландырып, үнемі Алланы зікір етуді әдетке айналдырудың сауабы өте мол. Ең бастысы барлық амалдардың сауабы біздің ниетімізге қарай берілетінін ұмытпағанымыз жөн.

"Амалдар ниетке байланысты" (хадис).