April 28, 2019

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАПСЫРМА

Бүгін көбімізді елең еткізетін ақша мəселесін қозғаймыз. Тақырыпты ақша табу деп айтсақ дұрыс болмас, сондықтан бүгінгі тапсырманың тақырыбы -

​АДАЛ РИЗЫҚ!

"Ақылды адам ақшаны жүректе емес, басында ұстайды" Д.Свифт

Əлемде ақшаға енжарлықпен қарайтын адам кемде кем. Кейбірі оларды əулие тұтады, кейбірі оларды бар проблеманың негізі деп біліп, жек көреді. Біз екі пікірді де ұстанбай, ақшаны өміріміздің бір бөлшегі ретінде қарастырып, асыл дініміз Исламда ризық туралы айтылған ақпараттармен бөлісеміз.

Ислам - байлыққа теріс қарамайды. Керісінше, байлыққа үндейді. Себебі, мұсылманның міндетті бес парызы зекетсіз толық болмайды. Ал зекетті тек байлар береді. Өзі бай, өзі мұсылман адамның қоғамға пайдасы көбірек.

Ризыққа байланысты Құран аяттары:

  • "Күндізді тіршілік көзі қылдық"​(Нəбə, 11). Яғни, ерте тұрып, ниетін дұрыстап, адал ризық іздеп, əрекетін жасаған адамның күндізгі уақытында береке бар.
  • "Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, қарсы келсеңдер азабым тым қатты"​(Ибраһим, 7). Яғни Аллаға деген шүкірлікті алғысты əр күні, тоқтатпай айта білу керек жəне оны жүрекпен сезіне білу керек.
  • "Алладан азық сұраңдар, Оған құлшылық қылыңдар жəне шүкіршілік етіңдер"​(Өрмекші, 29:17). Яғни ризықты берушің тек қана Алла Тағала екенін үнемі есте сақтау керек.

Ризыққа байланысты Хадистер:

  • "Мұсылман Алладан емес, адамнан сұраса, яғни тіленсе, Алла Тағала оған кедейліктің жетпіс есігін ашып қояды" (​Муслим) - ​яғни ата-анаңыздан, жақындарыңыздан, бай туыстарыңыздан жəне басқалардан тіленуді, сұрануды доғарыңыз! Тек қана Алладан сұраңыз.
  • "Алла Тағала өнерлі мұсылмандарды жақсы көреді"​(Табарани) - ​яғни, мұсылман қабірге дейін білім алып, өнер ізденгені дұрыс. Əсіресе, əйел адамдарға шеберліктің түр-түрін үйренген абзал. Мысалы: торт пісіру, тігін тігу, интерьер дизайны, тіл үйрену, маркетинг, графикалық дизайн жəне тағы басқа.
  • "Саудамен айналысыңдар! Себебі, несібенің оннан тоғызы саудада!" (​Ибрахим əл-Харби).

9-ТАПСЫРМА

  • Міндетті түрде бүгін САДАҚА БЕРІҢІЗ. Садақаны кімге жəне қалай дұрыс беру керек екені жайлы тікелей эфирде айтылды.
  • Құранның ішінен Уақиға сүресін тауып алып, ең болмағанда қазақша аудармасын оқыңыз. (Дəретпен. Дəретті қалай дұрыс алу керектігін білмесеңіз, интернеттен қарауға болады).
  • Ютубтан немесе ғаламтордан РИЗЫҚТЫ АРТТЫРАТЫН ДҰҒАЛАРДЫ тауып, өзіңізге жазып алыңыз.
  • Алла Тағаланың ƏЛ-МҰҒНИ жəне ƏР-РАЗЗАҚ атты көркем есімдерін кемінде 500 рет айтыңыз (мұны күнделікті дағдыға айналдырыңыз).
  • Көптен бері байланыспаған бір туысыңызға қоңырау шалып, жағдайын сұрап, жылы сөздер айтыңыз. Сыйлық берсеңіз тіптен керемет!

Осы білгендеріңіз бен түйгендеріңізді, өз ойыңызды басқалар да білсін деген ниетпен, өз сөзіңізбен пост жазыңыз. Постқа #ƏйелдерОрталығы_марафон хештегін қойып, @almaty.aielder.ortalygy парақшасын белгілеңіз.

Ескерту: ​Марафон материалдарын рұқсатсыз ТАРАТУҒА ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ! ​Бұл - АМАНАТ!