August 10, 2024

Домбыра тартып үйренуге арналған 7 кеңес!

Домбыра – бағзы замандардан бері келе жатқан қазақтың ұлттық музыкалық ішекті аспабы. Ғасырлар өтіп, заман ағымы ауысып, адамдардың өмір сүру салты, стилі өзгергенімен, домбыраның қазақ халқы үшін алатын орны өзгермейді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаса керек-ті. Басқаша айтқанда, «домбыра» мен «қазақ» егіз ұғым. Ал ендеше бастаймыз!

1-ші кеңес. Аспап таңдау

  • Ең алдымен, аспапты дұрыс таңдай білу керек. Иә, бүгіндері домбыраны сатып алғысы келетін адам оны кез-келген базардан, музыкалық аспаптар дүкенінен таба алады. Алайда мамандар ұлттық аспапты арнайы шеберханадан сатып алуға кеңес береді. Домбыраны жасаушылар сізге дұрыс таңдау жасауға көмектесіп қана қоймай, аспапты тез игерудің жолдарына нұсқайды. Одан бөлек, шеберханадан сіз сапасы сын көтеретін нағыз домбыраны қолжетімді бағада ала аласыз. Ал делдалдардың тауардың үстінен ақша қосатынын өзіңіз де білесіз.
  • 2-ші кеңес Үйрену тәсілдері
  • Бүгінгі таңда үш үйрену тәсіл бар. Біріншісі, құймақұлақ арқылы. Яғни, көз-құлақпен қабылдау. Музыкалық ортада мұны «слухпен үйрену» деген бейресми атауы бар. Екіншісі, нота арқылы. Бәрі білетін «до»-мен басталып, «си»-мен аяқталатын 7 нота. Үшінші тәсіл – сандық нота арқылы.Біздің ойымызша, ең дұрысы алғашқы тәсіл. Атам қазақ осылай күйлерін бізге жеткізген. Бұл тәсіл арқылы үйренген күйіңізді ұмыту қиын. Екінші тәсіл – ең қиыны. 7 нота болғанымен әрқайсысы бірнеше түрге бөлініп, өзінше түрленіп кетеді. Аса зер салып, ыждаһаттылықпен қарамасаңыз, берекесі болмайды. Үшінші тәсіл де осының арғы-бергі жағы. Тек нота емес, домбыра мойынындағы пернелердің реттік саны бойынша қағазға жазылып үйретіледі.

3-ші кеңес дұрыс ұстау

  • Домбыраңыз қолыңызда ма? Ендеше аспапты дұрыс ұстауды үйрену қажет. Ол үшін арқаңызды тік, иығыңызды еркін ұстап, оң аяғыңызды сол аяғыңыздың үстіне қойып, аспапты ыңғайластырып қойып алуыңыз қажет. Осындай отырыспен күніне кем дегенде 10-15 минут айнаның алдында отырып жаттыққан абзал дейді домбыра ұстаздары. Осылайша сіз отырысыңызға сырт көзбен қарап, кемшіліктеріңізді түзей аласыз.
  • 4-ші кеңес Құлақ келтіру
  • Ендігі қадам – домбыра құлағын бұрап үйрену. Домбырада оң және сол бұрау түрі болады. Әндер мен күйлердің басым бөлігінде оң бұрау қолданылады. Оған қою үшін алдымен домбыраның үстінен санағанда бесінші пернесін тауып алуыңыз қажет. Бесінші ішектің нотасы астыңғы ашық ішектің нотасымен бірдей болуы шарт. Оны аспаптың құлағын бұрау арқылы іздеп, келтіресіз.
  • 5-ші кеңес Қағыс
  • Келесі қадам – қақтығыстарды үйрену. Төмен қағыс бес саусағыңызды жинақтау арқылы, сұқ саусақтың тырнағымен, білектің салмағымен төмен қарай қағумен жүзеге асады. Жоғары қағыстың бұдан өзгешелігі – ішекті бас бармақтың көмегімен қағасыз. Қағыс түрлерін қолыңыз әбден жаттыққанша қайталаңыз.
  • 6 - кеңес
  • О бастан қиын күй үйренбеңіз. Алдымен кішкентай, оңай шығармаларды меңгеріп алу керек. Бұл дегеніміз сол қол мен оң қолдың техникасын арттыруға және әртүрлі тәсілдерді қолдануға машықтану болып табылады. Кейін қабылдау деңгейіңізге сай, орташа күйлерге көше аласыз. Алғашқы 5 сабақ тек «Еркем-ай» сынды бірнеше әндерді үйреніп алғаныңыз жөн.
  • 7-кеңес. Шыдамдылық
  • «Сабыр түбі – сары алтын». Әрбір жаңа дүниені үйренгенде шыдамдылық керек екені белгілі. Бұл домбыраға да қатысты. Сіз бірден «Адай» не «Ерке сылқым» күйлерін тартып кете алмайсыз. Осыған дайын болыңыз. «Талантым жоқ» деп айтпақ түгіл ойламаңыз да. Домбыраны жақсы деңгейде тарту – тек еңбекпен ғана келетін нәтиже. Және домбыра ойнау миыңызға да (жаңа нейрон жолдары пайда болады) әсерін береді.

Және де біздің онлайн сабағымызға қатысып осы кеңестерді қолдана отырып 2 айда адай балбырауын күйлерін үйрене аламыз . Осы сілтеме арқылы жазылсаңыз болады👇🏻👇🏻

  • ...,...,...........