October 29, 2019

Бизнес сөздік. Кіріс, түсім, пайда жайында...

Түсім

Жұмысын енді бастап келе жатқан кәсіпкерлер кассаға түскеннің бәрін пайда деп ойлап қателеседі. Сатып алушы бөлшек сауда жасап, тауарды алған жерінде төлесе, солай болады да. Бірақ, контрагент-кәсіпорындардағы тауар бағасы мен сатып алушылар арасындағы есеп айырысулар кезінде айтарлықтай айырмашылық байқалады. Мұндай кезде тауардың жүктелу кезінде немесе қызмет көрсетіліп жатқанда төленбегеніне қарамастан түсім белгілі болады.

Сонымен, түсім дегеніміз не? Түсім – жеке кәсіпкерлік субъектісі кепілдік беретін тауарлар, қызметтер немесе өнімдерді өткізгендегі ақшалай жиынтық.

Мәселен, сіз жеткізушіден 100.000 теңгеге смартфон алып, оны басқа сату орындарында 120.000 теңгеден саттыңыз делік. Әрбір смартфоннан қалып отырған 20.000 теңге сіздің түсім болып есептеледі. Түсінікті ғой? Әрі қарай кеттік!

Кіріс

Кәсіпкерге кірістің не екенін нақты түсініп алудың маңызы зор. Кіріс – тауар мен қызмет түрлерінен түскен табыстан олардың өзіндік құнын алып тастағандағы көрсеткіші. Егер қызмет көрсетерде материалға шығын кетпесе, кіріс пен түсім теңеледі. Сатылымнан түскен табыс – белгілі бір уақыт аралығында кәсіпкерлік қызметтен түскен ақшалай қаражат жиынтығы.

Мысал келтірейік: Сіз сауда орнын жалға алғаныңыз үшін 100.000 теңге жұмсадыңыз. 120.000 теңгеден 10 смартфон сатқаныңыз есіңізде болар? Міне, сол түсім 200.000 теңгені құрады (20.000 теңгеден 10 смартфонды есептегенде). Енді, осы сомадан жалға берген ақшаны алып тастасақ, кірісіңіз 100.000 теңгені құрайды.

Пайда

Кіріс сомасынан шығындарды алып тастағандағы айырмашылық пайда деп аталып, осы арқылы кәсіпкер жұмысының нәтижесін көруге болады. Бірақ, мұнда бір жайтты ескерген жөн. Егер түсім мен кіріс әрқашан оң шамада болса, пайдада керісінше, азайып тұруы мүмкін. Мұндай жағдай шығындарын пайдадан асырып алған кәсіпкерде болады.

Егер сізде 10 сауда орны болса, онда пайданы есептеу үшін әрбір сауда орнынан түскен кірісті қосасыз. Егер әрбір орталықтан 100.000 теңгеден кіріс кіріп тұрса, сіздің пайда жиынтығыңыз 1.000.000 теңгеге жетіп тұр. Байқасаңыз, табысыңыз жаман емес, иә?