August 8

Ескі ноутбукты SSD-диск арқылы қалай жылдамдатуға болады?

Бұл мақала 2025 жылдың 16 шілдесінде жаңартылды.

Көптеген ескі ноутбуктарда HDD деп аталатын кәдімгі қатқыл дисктер орнатылған. Ал SSD-дисктер – бірнеше есе жылдам жұмыс істейтін заманауи твердотельді жинақтауыштар. SSD қойылған ноутбук бірнеше секундта қосылады, файлдар тез ашылып, тез сақталады. Тіпті интернеттен жүктеу де жылдамдайды, өйткені файлдар SSD-ге бірден жазылады.

Бірақ бір маңызды нәрсені ескеру керек: SSD компьютердің есептеу қуатын арттырмайды. Ол тек дискпен байланысты операцияларды жылдамдатады — Windows жүктеу, бағдарламаларды ашу және т.б. Егер сізге жұмысқа не оқуға ноутбук қажет болса, ескі құрылғыңызға SSD орнату — керемет шешім.

SSD және оның түрлері туралы толығырақ мына бейнебаянда көре аласыздар.


Сіздер де біз сияқты жаңадан түсініп жатқандықтан, SSD орнатудан тәжірибес болмаған соң, диск таңдауда әрі орнатуда қобалжу болуы мүмкін. Сондықтан бұл мақалада бәрін қадаммен, басынан соңына дейін түсіндіріп шығамыз.

Біз SSD-дискіні 2022 жылдың қарашасында сатып алдық. Оны 2012 жылы 100 мың теңгеге сатып алған Lenovo G580 ноутбугіне орнаттық.

1-қадам: Ноутбукке SSD орнатуға бола ма - оны қалай білуге болады?
SSD-дискілерді көп ноутбуктерге орнатуға болады. Бірақ 100% сенімді болу үшін, алдымен ноутбугіңіздің нақты үлгісін білу қажет. Үлгі арқылы ішінде не барын және не орнатуға болатынын түсінесіз.

Ең оңай жолы — ноутбуктің төменгі жағындағы жапсырмадан үлгі атауын қарау.

Көрінбесе, осы мақалада көрсетілген басқа тәсілдер арқылы үлгіні анықтауға болады.

Сосын Google не Youtube-қа өз үлгіңізді жазып, "SSD" немесе "қандай SSD" деп қосасыз. Мысалы, біз былай жаздық: "Lenovo G580 қандай SSD" немесе "Lenovo G580 SSD". Егер сіздің үлгіңізге арналған мақалалар не бейнебаяндар шықса — демек, SSD орнатуға болады.


2-қадам: Ноутбукке қандай SSD келеді?

SSD-дискілер бірнеше түрге бөлінеді, олардың айырмашылығы — қосылу түрінде. Сондықтан, қай түрі сіздің құрылғыға сәйкес келетінін білу маңызды.

Ескі ноутбуктерде көбіне SATA түрі болады. Жаңаларында — M.2.

Бізде қандай байланыс түрі бар екенін қайдан білдік? Біз Youtube-ке кіріп, қайтадан "Lenovo G580 SSD"деп жаздық. Үш бейне шықты және біз бейне авторлары қандай SSD дискілерін сатып алғанын көрдік. Үшеуі де SATA қосылымының түрі бар SSD-ді ноутбукке орнатыпты (жоғарыдағы суретте сол жақта) - сондықтан біз дәл осындай SSD-ді іздей бастадық.

Мысал ретінде бейнебаяндарға сілтемелер: бірінші | екінші | үшінші.

Айта кетерлік, осы мақаланы жазу барысында біз бұл әдісті тағы екі ескі ноутбукта тексердік — ASUS n56vb (9 жыл бұрын сатып алынған) және HP Pavilion Model 15-cb007ur (5 жыл бұрын). Екеуінде де YouTube-тан оңай табылған 2 бейнеролик арқылы ASUS-қа SATA SSD, ал HP-ға M.2 қажет екенін білдік.

Тағы бір жолы — дәл осы сұранысты Google-ға жазып, форумдарда не жазып жатқанын оқу. Немесе ноутбуктың қақпағын ашып, ішінде не тұрғанын өз көзіңізбен көруге болады.


3-қадам: SSD-ні қайдан және қандай таңдауға болады?

Біз SSD-дискісін Alser-ден Kaspi дүкені арқылы сатып алдық. Kaspi-ге кіріп, "SATA SSD" деп іздеп, «Жоғары рейтинг» сүзгісін таңдадық. Егер сізге M.2 керек болса — "M2 SSD" деп жазыңыз.

Осыдан кейін қаражатыңыз бен жады көлеміне (128ГБ, 240ГБ, 512ГБ және т.б.) байланысты нақты бір модель таңдау қажет болады.

YouTube-тағы бейнебаяндарда де, біздің жазылушылар да жиі ұсынған ең жақсы нұсқа — Samsung 870 EVO. Бірақ бұл арзан нұсқа емес. Kaspi-дегі бағасы: 250 ГБ — 27 000₸, ал 500 ГБ — 37 500₸. Егер қаражатыңыз жеткілікті болса — осы үлгіні таңдаңыз, қателеспейсіз. Кепілдігі — 5 жыл дейді.

Сондай-ақ YouTube-та көп адам WD Blue фирмасының SSD-дискілерін мақтаған еді, бірақ Kaspi-дегі дүкендерде ол туралы пікірлер де, сатып алулар да аз екен.

Егер сізге толығырақ білгіңіз келсе, Youtube-тағы мына бюджеттік SSD-лерді салыстырған бейнебаянды көріп шығыңыз.

Оқырманымыздың кеңесімен және Kaspi-дегі пікірлерге сүйеніп, біз Kingston SA400S37 моделіндегі 480GB SSD сатып алдық (бұрынғы HDD дискіміз 512GB болғандықтан, 240GB бізге аз деп шештік). Сол кезде ол Alser дүкенінде 21 990₸ тұратын, қазір бағасы — 19 490₸.

Біздің таңдаумызға оқырман-эксперттер былай деп пікір білдірді: Kingston SSD көбіне деректерді сақтау үшін ыңғайлы, ал күнделікті белсенді пайдалану оның "ресурсын" тезірек тоздырады. Сондықтан егер SSD дискіңіз 5 жылдан артық жұмыс істесін десеңіз, онда Samsung алған жөн. Дегенмен, Kingston да жаман емес – біздің ноутбукта осы диск үш жылдан бері жақсы жұмыс істеп тұр. Басқа жазылушылар да өз Kingston SSD-дисктері ноутбуктарында 5 жылдан бері қолданыста екенін жазған, әрі еш ақау байқалмаған.

Kingston туралы тағы бір жайт: SSD орнатқан сервис-орталық қызметкерлері Kingston компаниясының 240GB модельдерінде ақаулар көп болғанын айтты (олардың тәжірибесіне сүйенсек, шамамен 25% бұзылған). Біраз уақыт өткен соң диск істен шыққан жағдайлар жиі кездескен екен. Сондықтан дәл осы модельді (240GB) алу қауіпті болуы мүмкін. Ал 480GB туралы олар ештеңе айтпады – біз оларда алғаш рет осындай модельді орнатқан екенбіз.

Және маңызды кеңес: SSD-ні ресми дүкендерден алған дұрыс — Technodom, Sulpak, DNS, Mechta және т.б. Мұндай жерлерде сіз жалған өнімге тап болмайсыз және ресми кепілдік беріледі. Мысалы, Kaspi-дегі беймәлім сатушылардан бұл SSD 16–18 000₸ болған, бірақ біз сәл қымбат болса да Alser-ден алғанды жөн көрдік.


Қандай SSD дискілерді орнантпаған жөн?

• Қызмет көрсету орталығындағы мамандар Apacer маркасын алмауға кеңес берді (бұл брендтің де ақаулы өнімдері көп екен). Сондай-ақ жоғарыда айтып кеткен Kingston 240ГБ моделін де ұсынбайды.

• Оқырмандар Transcend маркасын ұсынбайды (басқа SSD-лерге қарағанда баяу жұмыс істейді).

• Youtube-тегі сарапшылардың барлығы дерлік KingSpec маркасын алмауға шақырады (бұл жерде де ақаулар көп).

Жоғарыда аталғандардан басқа модельдер туралы нақты ештеңе айта алмаймыз.

Келесі маңызды қадам: SSD таңдағаннан кейін, сипаттамалардан оның сіздің құрылғыңызға сәйкес қосылу түрі бар екенін міндетті түрде тағы бір тексеріп алыңыз.

Айтпақшы, SSD сатып алғанда "Флэш-жад түріне"-де назар аударыңыз. Youtube-тағы көптеген бейнебаян мамандары "TLC" түрін таңдауға кеңес береді. Неліктен дәл осы түрі жақсы екенін осы бейнебаянда жақсы түсіндірілген (08:10 минуттан бастап қараңыз).

Келесі қадам — SSD сатып алу.


4-қадам: Ескі қатқыл дискіңіздегі файлдарды сақтап қалу

Егер сіз HDD дискіңізді SSD-ге ауыстыратын болсаңыз, барлық файлдар мен медиа өшіріледі. Бірақ оларды сақтап қалудың бірнеше жолы бар.

Бірінші әдіс: егер ноутбугыңызда дисковод болса, онда SSD-ні HDD орнына орнатып, ал HDD-ні дисководтың орнына қоюға болады. Сонда барлық файлдар сақталады (біз дәл осылай жасадық).

Ол үшін арнайы адаптер — Optibay сатып алу қажет. Түрі мынандай:

Оның екі түрі бар — биіктігіне қарай 12,7 мм және 9,5 мм. Көбінесе ескі ноутбуктарда 12,7 мм тұрады. Қайсысы сізге керек екенін анықтау үшін сызғышпен дисководтың биіктігін өлшеу жеткілікті. Біз мына жерін өлшедік:

Оларды Kaspi-ден сатып алуға болады, бағасы арзан — орташа есеппен 1500₸. Біз 12,5 мм Optibay-ді 1600 теңгеге мына дүкеннен сатып алдық. Kaspi постамат арқылы жеткізуді таңдасаңыз, жеткізу тегін болады.

Айтпақшы, бізге ақыр соңында 12,7 мм Optibay келді, бірақ ол да сай келді.

Екінші әдіс: егер дисководыңыз болмаса, маңызды файлдарды сыртқы қатқыл дискке, флешкаға немесе бұлтты сақтау жүйесіне көшіруге болады.


5-қадам: Орнату

Сіз SSD мен Optibay сатып алдыңыз, енді оларды қалай орнатуға болатыны туралы сұрақ туындайды. Маңыздысы — HDD дискінің орнына SSD орнатқанда, Windows жүйесін де қайта орнату қажет болады.

Енді екі жол бар: өзіңіз орнатасыз немесе сервис-орталыққа жүгінесіз.

Біз екінші нұсқаны таңдадық — білетін адамдарға сеніп, бәрін тезірек аяқтағымыз келді. Бірақ көптеген оқырмандарымыз SSD орнату мен Windows-ты қою — кез келген адам жасай алатын оңай жұмыс деп жазды. Youtube-та да, Google-да да бұл туралы видео мен мақалалар өте көп. Егер «қалтаға жеңіл» нұсқаны қаласаңыз, бәрін 1 күнде өзіңіз-ақ істей аласыз. Бірақ бір нәрсені дұрыс жасамай қалсаңыз, SSD-ді кепілдікпен қайтара алмауыңыз мүмкін.

Мысал ретінде SSD-ны өзіңіз орнату процесі кезең-кезеңімен сипатталған мақалалардың біріне сілтеме қалдыра аламыз. Оқу.

Сондай-ақ, оқырамандарымыздың бірі Windows жүйесін өз бетімен қалай орнатуға болатыны туралы нұсқаулық жасаған. Өту.

Біз Астанада орналасқан, 5 жылдан бері ноутбуктарымызды апарып жүрген сервис-орталыққа жүгіндік — бұл Республика даңғылы, 40 мекенжайындағы ИП Dey (2ГИС-те бар). Бізге ұнайтыны — бәрін ашық айтады, артық жұмыс қоспайды, сапалы жасайды.

Сондай-ақ, Астанада Кабанбай батыр 58б мекенжайындағы Rem Team-ді де айта аламыз. Олар да жұмысына жауапкершілікпен қарайды.

Сіз сондай-ақ өз таныстарыңызға немесе басқа сервис-орталыққа жүгіне аласыз, әсіресе басқа қалада болсаңыз. Қай қалада болсын баға мен сапа тұрғысынан жақсы қызметті қалай табуға болатынын біз осы жазбамызда сипаттағанбыз(2-тармақ).

Бір кезде чатының ішінде Алматыдағы tazaLap сервис-орталығын да ұсынған болатын (бірақ, олар SSD орнатумен айналыса ма - нақты білмейміз).

Сондай-ақ, «Белый Ветер» дүкенінен SSD сатып алғанда, олар оны тегін орнатып береді (бірақ Windows жүйесін өзіңіз орнатуыңызға тура келеді, өйткені ресми орнату әрқашан өте қымбат тұрады).

Біздің жағдайымызға қайта оралайық. Біз ноутбукты сервис-орталыққа таңғы 11:00-де апардық, ал кешкі 16:00-де дайын күйінде алып кеттік. Бағасы келесідей шықты:

• Ноутбукті тазарту және термопастаны ауыстыру — 4000₸. (Бұл процедураны мүмкіндігінше уақтылы жасап тұрған дұрыс — құрылғының жұмысына және қызмет ету мерзіміне оң әсер етеді). Айтпақшы, мұны өзіңізге де жасауға болады.

• Windows 10 жүйесін орнату (Word, Excel және басқа да бағдарламалармен бірге) — 7000₸.

• 8 ГБ жедел жад (ОЗУ) сатып алып орнату — 7000₸ (бұған дейін 6 ГБ тұрған).

• SSD орнату — тегін (жалпы бағасына кірген).

ОЗУ туралы шағын оффтоп: оқырмандардың көбі SSD орнатумен қатар жедел жадты көбейтуді де ұсынды. Бұл құрылғының көп тапсырманы қатар атқару мүмкіндігін арттырады — мысалы, браузерде бірнеше бетті еш қиындықсыз ашып отыра аласыз.

Қазір ноутбугыңызда қанша ГБ жедел жад барын білудің оңай жолы: «Бұл компьютер» → «Қасиеттер» бөліміне кіріңіз.

ОЗУ көлемін көбейту мәселесін (қай түрін алу керек, қайдан алу керек және т.б.) өз бетіңізше түсініп алуға болады, бірақ бұл сәл күрделірек процесс. Сондықтан біз бәрін қиындатпай, сол жердегі сервис-орталықта мамандар ұсынған 8 ГБ жедел жадты бірден сатып алып, орнатып алдық.

Біздің бір оқырманымыз ноутбукке арналған ОЗУ таңдауға арналған шағын нұсқаулық жазып жіберді. Оқу.

Басқа бір оқырманымыздан ОЗУ таңдауға қатысты бір пайдалы кеңес.

Нәтиже:

ОЗУ-ды 8 ГБ-қа дейін арттырып, SSD-ны ауыстыру — ескі Lenovo G580 ноутбугімізге тура мағынасында екінші өмір сыйлады. Бұрын ол толық жүктелуге 4 минуттай уақыт алатын, қазір — небәрі 12 секундта іске қосылады (бұған дәлелді Инстаграмда да салдық). Бұрынғыдай 6-10 минуттай өшіп тұратын ноутбук енді 2-4 секундта сөнеді. Қалталар, бағдарламалар мен браузердегі беттер қазір әп-сәтте ашылады.

Барлығы бізге 40 000₸ түсті. Біздің ойымызша, бұл өте дұрыс шешім болды. Бір ғана өкінішіміз — неге мұны бұрын жасамадық екен.

Жалпы айтқанда, SSD сатып алу — біз үшін бір жағынан тәжірибе болды. Осы тәжірибе арқылы біз осы мақаланы жазып, өз ноутбугы мен компьютерін ауыстыруды ойлап жүрген оқырмандарға арзан әрі тиімді балама ұсынғымыз келді. Бұл көп адамның ақшасын үнемдеуге немесе несие/бөліп төлеуден құтылуға көмектеседі деп сенеміз.

Әрине, біз 500-600 мың теңгеге жақсы ноутбук алып кете алар едік. Бірақ қазіргі жағдайда осындай тәжірибе көпшілікке пайдалы болады деп ойладық. Сондықтан, тіпті біздің SSD 2-3 жыл ғана жұмыс істесе де, бұл шешімге өте риза боламыз.


Мақала "Тиімді Қазақстан" Тelegram парақшасының авторлары мен оқырмандарының қатысуымен жазылды.