June 6, 2023

Сырттың әсерін жою немесе өміріңізден негативті қалай алып тастауға болады?

Қазіргі таңда бізді қоршап тұрған негативтен өзіңді сақтап қалу қиынға соғып жатады. Ал ғаламтор пайда болғалы шекаралар тіптен жойылды. Соның нәтижесінде адамдар енді тек өз ортасының емес, бүкіл әлемнің негативін жұтуда.

Өзіңізді сол негативтен құтқару үшін ең бастысы өміріңізді немен "толтыратыныңызды" мұқият таңдаңыз. Бұл сіз күнделікті сөйлесетін адамдарға да қатысты, сіздің жұмыс орныңызға да қатысты, тіпті әлеуметтік желіде сіз оқитын блогерлер мен танымал адамдарға да қатысты.

Бастаған істі аяқтаңыз. Бәлкім, тізімдегі ең қиыны шығар. Әйткенмен, ең маңыздысы да. Бітпеген іс біздің энергиямызды алып, бітпейінше арқамызда жүк болып тұрады. "Неге мен ештеңе істемесем де шаршаймын?" деген сұрақтың жауабы да осыда.

Бейтаныс адамдармен сөз таластырмаңыз. Объективті тұрғыда қате пікір болса да, басқаның ойын өзгертуге тырысу - сізге ештеңе алып келмейтін уақыт ысырабы. Ал дүниетанымның ұштаспағаны үшін мүлде ешкіммен сөз таластырмаған жөн. Басқаның ойын өзгерту қиын, ал дүниетанымын өзгерту мүмкін емес десек те болады.

Бәріне ұнауға тырыспаңыз. Кез келген адам түсінуі керек зат: бәріне ұнау мүмкін емес. Ал ұнауға тырысу үшін жұмсайтын уақыт пен энергияны басқа пайдалы іске арнаған жөн.

Нашар фильмді, іш пыстырарлық сериалды соңына дейін қарамаңыз. Сізге түсініксіз немесе қызықсыз кітапты соңына дейін оқымаңыз. Сондай-ақ, сіз күнделікті оқитын жаңалықтардың да сіздің өміріңізде орасан зор әсері бар.

Жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ түрсеңіз, сізде біршама бос уақыт пайда болады. Бос уақыт пен энергияны өзіңізді дамытуға жұмсаңыз. Мақсат: сіздің тәніңіз бен санаңыз бірнеше жылдан соң қазіргі іс-әрекеттер үшін алғыс айтуы.