Жан дүние
April 25, 2019

Әйелдің бақытты болуы – өзін бақытты сезінуінде!

«Әр жүректе бір арман. Иә, мен де осы арман мен қиялдың жетегіне еріп, өзімді бақытсыз сезінетінмін», - деді құрбым. «Ал, қазір бәрі де мүлде басқа, мен бақыттың не екенін түсіндім. Әркім бақытты әрқалай түсінеді ғой. Менің түсінігімдегі бақыт туралы мынау күнделігімді оқысаң білесің», - деп ол шағын ғана қойын дәптерін қолыма ұстатты. Содан соң «Қысқартып жазып, көпшілікке ұсынсаң да болады. Рұқсат! Мүмкін, кейбір әйелдердің бақытқа деген көзқарасын менің күнделіктегі күндерім өзгертер» деген еді құрбым Жібек.

Жібектің күнделігін бірге оқиық. Ол не жазыпты?

...Сабағымды да намысқа тырысып жүріп, үздік бітіріп, білімімнің күшімен оқуға түстім. Оқуды да бітірдім. Жақсы маман болатыныма көзі жеткен декан мені сол университетке жұмысқа алып қалды. Осы жерде жүріп амалын тауып, мектеп оқушыларын оқуға дайындайтын курс ашып, қосымша жұмыс істедім. Ақша деген жан-жақтан ағылып келіп жатты. Жинап жүріп екі жылда бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Әке-шешеме де көмектесіп, өзімнен кейінгі бауырларымды да оқуға түсірдім. Олар ақысыз бөлімде оқыды. Ауылдағы төрт бөлмелі үйді толық күрделі жөндеуден өткізіп, ағамның үйленуіне әрекет жасадық. Бұл кезде менің астымда көлігім де бар еді.

Мен алдыма қойған армандарыма біртіндеп жетіп жаттым. Ұйықтамай жұмыс істеп, кейде не нәрсеге де тек өз күшіммен ғана жету жазылған тағдырыма налып, жылап та алатынмын. Ал, біреуге бай әкесі пәтер сатып алып берген. Біреуге ағасы көлік сыйға тартқан. Тағы бір құрбым нағашысы басшылық ететін мекемеге оңай қызметке орналасып, алты айда-ақ бөлім бастығы болып алды. Ал, мен ше, тек өз еңбегіме сендім. Мейлі, ол күннің барлығы артта қалды.

Зымырап өтіп жатқан уақыт емес пе, мен өзімнің екінші жартымды тауып, босаға аттадым. Балаларымды босанғаннан кейін үш айдан кейін-ақ қайта жұмысқа шықтым. Балаларыма енем қарайды. Жолдасыма қарауға уақыт жоқ. Мен отбасымнан гөрі қызметімді көбірек ойладым. «Барға» қанағат етпедім. Адам өзінің бақытты екеніне сенбесе, өзін бақытты адамдай сезінбесе, барлығы жеткілікті болса да тұнжырап, мұңлы күй кешіп жүре береді екен.

Бүгін кітап сөрелерін реттеп отырып, бірнеше жыл бұрын жазған күнделігімді тауып алдым. Түгел оқып шықтым. «Бақыт – сен қандайсың? Құйынбысың, құмбысың? Сағымбысың, желмісің? Таптым ба сені, таппадым ба, білмеймін. Сондықтан да мен сенің іздеушіңмін! Сәт сапар тіле маған, жебеушім» деген сөздер күнде өзіме «бақыттымын ба?» деген сұрақты қойдыратын болды.

Бақыттымын деп айта алмайтын сияқтымын. "Өзімді бақытсыз сезінетін сәттерім көп.... неге? Сонда мен бақытсызбын ба?" деп бастаппын ғой күнделігімді. Өзімді бақытсыз сезініп жүргенімде жазғанмын ғой. Бірақ, соңында өзімнің нағыз бақытты әйел екенімді түсіндім.

***

...Бүгін жұмыстағы әріптесімнен «Бақыттысың ба?» деп сұрадым. Ойланып қалды. Біраз үнсіздіктен соң «Сүйгеніме тұрмысқа шыққанымда өзімді бақыттымын дегенмін. Бірақ, бес жыл құрсақ көтере алмай жүрдім. Бақытсызбын дедім сол кезде. Жүкті болдым. Шекесі торсықтай ұл тудым. Өзімді шын бақытты сезіндім. Балам бақыттың не екенін сездірді. Иә-иә, қазір шын бақыттымын», - деді ол.

Мен де анамын. Үш бірдей ұлым бар. Бірақ, өзімді шын бақытты сезіне алмаймын. Неге?

***

...Сәлем, күнделігім! Қолыма қалам алмағалы бір айдан асып кетіпті. Мен әлі шын бақыт неде екенін білмей жүрмін. Бүгін ағайынды аға-жеңгеміз қызының туған күніне шақырды. Сөз сөйлеген қонақтар «Қарсыластарыңды жеңіп депутат мансабын иелендің. Ұлың шетелде оқып жатыр. Ақылды әйелің, асықтай ұлдарың, қызың да бар. Сенде бәрі бар, өте бақытты еркексің ғой» деді көбісі.

Соңғы сөзді ағам сөйлеп, туған күнді қорытындылады. «Әрине, бақытты Құдай жібереді деп қарап отыруға болмайды. Адам нені бақыт деп тауып, сол үшін күрескенде ғана бақытты бола алады. Шынымды айтсам, мен депутат болып сайланғанымда өзімді аса бақытты сезіне алмадым. Халықтың сенімін ақтай аламын ба деп толғандым. Мен отбасымның тыныштығына және жанашыр достарымның бар екеніне қуанам, осындай сәтте нағыз бақытты сезінемін» деп қысқа қайырды. Ал, мен ше, қандай сәтте өзімді бақытты сезінемін? Білмеймін.

***

...Әр облыс бойынша бірқатар мұғалімдерді республикаға шақырғанын естідім. Олардың қатарында әпкемнің қайынбикесі де бар. Құрметті атақ алып қайтқан құдағиға телефон соғып құтықтадым. Ол «Білім министрінің қабылдауында болдым. Бұл барлық мұғалімге бұйыра бермейтін бақыт қой. Арманым орындалды. Бақыттымын. Тәубе!» деді қуанып. Мектепте ұзақ жыл еңбек еткен құдаша өмірінде бір рет Алғыс хат алғанға өзін ең бақытты мұғалімге балап отыр. Менің оқушы, студент кезімде алған мақтау қағазым да, грамоталарым да көп. Ал қызметке тұрғалы жыл сайын облыс әкімінің Алғыс хатын, марапат қағаздарын, грамотасын да алғанмын. Бірақ марапатттау кезінде ешқашан өзімді бақытты сезіне алмаппын. Шынымен де мен бақытты емеспін бе?..

***

...Төркініме бардым. Анам біреумен телефонмен сөйлесіп отыр екен. «Өмірге кемтар, жарымжан боп келмегенің үшін бақыттымын деу керек. Денің сау, оны екі мүшең түгел. Қызметің бар. Қымбат көлік мініп жүрсің. Басыңда баспанаң да бар, ал сен өзіңді бақытсызбын деуден жалықпайсың. Тұрмысқа шыққанның бәрі бақытты деп ойлайсың ба? Тұрмыстағылар бойдақтарға, ал бойдақтар отбасылыларға қызығады. Неге асығасың, отыз жасқа дейін теңін табылар. Ата-анаң тірі, бауырларың бар. Ең басты бақыт осы емес пе?!

Ал, мен ше, әке-шешемді көрмегенмін. Айналаңа қарап, бақытыңды бағалай біл. Тұрмысқа да шығарсың, болды жетер, таусыла берме» дейді. Телефонның ар жағындағы Алматыдағы сіңлім екенін дереу ұқтым. Үйге қайтқанша, анамның сіңліме айтқан сөздерін ойлап келдім. Сонда өмірге кеміс боп келген жандар мәңгілік бақытсыз болғаны ма? Жоқ, біздің подъезде бір ерлі-зайыпты тұрады. Екеуі де мүгедектер арбасында. Екі жасар қызы бар. Олар әр күні жақын маңдағы саябаққа арбаларымен барып қайтады. Ылғи да олардың күліп, өмірге риза боп отырғанын көремін. Тіпті, он екі мүшесі сау кейбір адамдардың дәл сол көршілерім секілді риясыз күлгенін көрген емеспін. Бүгін де сол екі жарымжан жұпты көрдім. Жүздеріне қарап өте бақытты екенін аңғардым.

Меніңше, бақыт туралы анам дұрыс айтпады.

***

...Жұмысқа көптен бері көріспеген, бірге оқыған құрбым іздеп келді. Әншейінде хабарласпайтын құрбым өзінің қымбат киімдері мен алтын алқаларын бұлдап, өзін көрсету үшін келгенін сездім. Мен тұрмысқа шаққаннан соң «кәрі қыз» боп оң жақта отырып қалған сыныптас құрбыммен достығымыз ажырап қалған еді. Содан бері енді көріп тұрмын.

Ол 45 жастағы полковникке екінші әйел болыпты. Онысы үш бөлмелі пәтер әперіпті. «Ешнәрсеге мұқтаж емеспін. Менде барлығы бар. Бақыттымын» деді ол. Ұзақ әңгімеден соң ол өзін шығарып салуын өтінді. Джипін оталдырған оның көздері бал-бұл жанып, тіпті көлігіндегі әуенге қосыла әндетіп кете барды. Бұрын оның дәл осылай көңілді жүргенін көрмегенмін.

Өзімді құрбыммен салыстырдым. Оның бақытқа балаған пәтері мен көлігі менде де бар. Мен дүниені бақытқа теңемеген екенмін, тек қажеттілік деп түсінгем. Жас күнімде «Байлар да жылайды» деген сериалды көргенде, бақытсыз байлардың да болатынын көргенмі��.

Тұрмысқа шаққанымда да дәл құрбым секілді қуанбаған сияқтымын. Неге?

***

... «Адамның салмағын таразымен өлшейміз. Дене қызуы градусникпен өлшенеді. Ауа райын термометрмен, қан қысымын тонометрмен, қысымды барометрмен, ток күшін амперметрмен, жылдамдықты спидометрмен, уақытты сағатпен... біле аламыз. Мензурка деген де өлшеуіш құралы бар. Миллиардерлерді есеп-шотындағы ақшасына қарап бағалаймыз. Ал, бақытты өлшейтін аспап бар ма екен? Оны қолмен ұстап көруге бола ма? Жалпы, бақыт деген не?

***

...Қызметімді ауыстырғанмын. Енді ай сайын шетелде тәжірибе алмасуға жіберіп тұрады. Бір апта болды Түркиядамын. Қымбат қонақүйінен орын берілген. Өзімді ханшайымдай сезінудемін. Бірақ, қызықсыз.

Қазақстанды сағындым. Ата-анамды, күйеуім мен балаларымды сағынудамын. Тіпті, жұмыста күнде ұрысатын бастығымды, бақталас абысынымды, менен кемшілік іздеуге құмар құрбыларымды да қатты сағындым. Өмір солармен қызық екен ғой. Достарыңмен, көршілеріңмен, ұжымдастарыңмен сәлем-сауқат сұрасқанның өзі бақыт екен. Мен өз елімде, отбасымда ғана бақытты екенмін. Өзіңнің басқаларға керек екеніңді, сені біреудің сүйетіні – бақыт сияқты. Байлық та, мансап та... бақыт емес, меніңше.

Қазақстанда ұшақ апаты екі рет орын алғаннан соң қорқып міндім. Елге жеткенше, Аллаһтан аман-есен отбасыма оралуымды тілеп келдім. Адам өлімді ойлағанда ғана өзіндегі бардың бағасын ұғады екен. Тек қанағатшыл болу керектігін ұқтым. Қанағат етсең, шүкіршілік етсең, қарапайым нәрсенің өзінен бақыт табуға болады екен-ау.

***

...Аэропорттан күйеуім мен балаларым қарсы алды. Олар да мені қатты сағыныпты. Бақыттымын, мен күйеуімді сүйемін, мені жақсы көретін адам бар.

Бүгіннен бастап болмашыға күйеуіммен ренжісе беретінімді доғарамын. Ұл-қызыма да жөн-жосықсыз ұрыса бермеймін. Тұнжырамай күліп жүретін боламын. Қолыңда барды құрметтеп, бағалай білу – нағыз бақыт.

Құрбым Жібек осылай деп күнделігін аяқтапты. Ол өзі іздеген бақытты ақыры тауыпты. Өз қолындағыны ұзақ іздепті.

Көпшілігіміз Жібектің күйін кешіп жүрміз-ау. Ал, мен адамның бақытты болуы – бұл өзін бақытты сезінуінде деп білем.