BigData
June 17, 2020

Back in the USSR. Бар қазаққа – бес жарым мың кітап

Желіде қаңқу әлде рас екені белгісіз бір әңгіме жүр. Бағдад көшелерінде кітаптар қараусыз жатады-мыс. Кітап ұрлағанға қайта қуанады екен жұрт.

Біздің жұрт болса, тап кітап ұрлығына ешқашан қуанған емес. Сөреден қолды болған кітап үшін сәлем қисайып, тіпті ағайынның арасына араздық түскенін бала күні жиі көретінмін. Бүгінгі, интернеттегі топан жазба мен молшылық биігінен кітапқа бола керісу қызық көрінетін шығар. Бірақ Советтер Одағындағы баспа статистикасын шолсақ, араздықтың алғышарттарын түсінгендей боласың.

Әлқисса, алдымда Бүкілодақтық кітап палатасы шығарған “Печать СССР в 1980 году. Статистический сборник” деген кітап жатыр. Бұл анықтаманың құндылығы сол, тек аталмыш уақытты емес, сонымен бірге – 1940, 1950, 1960, 1970, 1975, 1979 жылдарды қамтиды. Яғни біз аға буынды қоршаған білім қорын мейлінше дәл шамамен көре аламыз.

Сонымен, 1980 жылға дейін Советтер Одағында 3 млн 190 мыңдай түрлі баспа өнімі болған (кітаптар, брошюралар, газет-журналдар, т.б.). Олар елге 53 млрд 356 млн данамен таралған. Осылайша, одақтың баспа күшінің ғаламатын бір сезініп алайық.

Бізге бұлардың ішінде осынша баспа өнімінің мазмұны қызық. Анықтамада олар жіктеліп көрсетіліпті. Мысалы, 1980 жылға қарай – 32 893 баспа өнімі орыс тілінде, ал “одақтас халықтардың” тілдерінің барлығында – 10 482 баспа өнімі жарық көрген. Яғни орыс тіліндегі баспа одақтағы барлық халықтардың тілінде шыққан баспа өнімдерінен үш есе көп! Осылайша, орысша сөйлемек түгілі, орысшаға ойлауға бейіл толқынның шарттылықтарын түсінгендей боламыз.

1980 жылы орыс тілінде 62 750 баспа өнімі жарық көрсе, қазақ тілінде небәрі 760 баспа өнімі шыққан. Жалпы, орыс тілінің тираждық үстемдігі принцип болған сияқты. Себебі, халық санына орай деуге, бізден әлдеқайда аз эстон тілінде 1 306, грузин тілінде 1 384 баспа өнімі шыққан. Осылайша, қазақ тілінде шыққан баспа өнімдері тіпті ағылшын тілінде шыққан баспа өнімдерінен анағұрлым кем: бұл тілде 1 184 баспа өнімі жарық көріпті. Сол кезде-ақ жойылғаны анық нанай тілінде 1 ғана баспа өнімі шығыпты. Жүйеге бауырдан гөрі жаттың құны болғаны анық: дәл сол уақытта – суахили тілінде 28 баспа өнімі шыққан екен.

Осы күні Советтер Одағының біршама берік мемлекет болу себебін сан-саққа жүгіртіп жатады. Декларацияда иә – бұл “ерікті халықтардың еркін таңдауынан туған ел” болатын. Бірақ ашаршылықта, зорлық-зомбылықта қайтіп ыдырап кетпеді екен? Сонша ұлттар мен ұлыстардың желімі – идеология болды деген жорамал бар. Мына анықтамадан біз жорамалдың шындық екенін көреміз. Мысалы, Маркс, Энгельс, Лениннің кітаптары барлық халықтардың тілінде(!) болған. Атап айтқанда, “марксизм-ленинизм” – анықтаманың барлық жерінде радиоэлектроника, информатика, филология сияқты, өз алдына ілім ретінде көрсетілген. Бұл ілім тіпті “қоғамдық ғылымдар” бөліміне де кірмей, жеке-дара қарастырылады.

Көркем әдебиеттің жайын бөліп көрсеткен дұрыс болар. Себебі қазақта “кітап оқыды” деп, көбіне көркем әдебиетті оқығанды айтады. Көркем шығарманың дүниетаным қалыптастыратын қасиетін ескерсек, аға буынның портреті осы анықтамадағы мәліметтерден айқындала түседі.

Сөйтіп, 1918-1980 жылдар арасында одақта 168 301 орысша көркем шығарма жарық көрсе, қазақша небәрі 5 492 шығарма шығыпты. Тіпті орыс тілінен кейін абсолют лидер украин тілінде де болғаны 25 173 көркем шығарма. Сосын, бұл анықтаманың бұлыңғыр тұстары көп. Мысалы, Қазақ КСР деген кестеде тек қазақ тіліндегі шығармалар жарық көреді деген тұжырым жоқ. Ендеше, аға буын қазақ даласының барлық жерінде шамамен бірдей кітаптарды оқыды, көрді деуге болады. Бес жарым мың кітап кәдімгідей аз ғой.

Көркем шығарма дүниетаным қалыптастырса, күнделікті жаңалықтар мен оның ресми тәпсірі азаматтық ұстаным қалыптастырады. Әлқисса, 1980 жылы қазақ-совет адамы 161 қазақша газет, 260 орысша газет оқуға мүмкіндігі болған екен. Тек республиканың өзінде-ақ тілдік баланс болмағаны осыдан көрініп тұр. Бұған қоса 105 – журнал, бюллетень мен жинақ шығып тұрған. Әттеген-айы сол – соның 87-сі Алматыда шығып, қалғаны облыстарда шыққан. Мұның барлығын қазақ тілінде болды деп, әрине айта алмаймыз. Мысалы, сол кездегі Шымкент облысында небәрі 2 журнал ғана шыққан екен.

Әдебиет болмаса, тіпті оқулыққа дейін орыс тілінен аударылған. Мектеп оқулықтарындағы “орыс тіліндегі екінші басылымына сәйкес қазақ тіліндегі төртінші басылымы” деген атрибутты бәріміз білеміз. Яғни кітап қазақша болғанның өзінде, ұлттық болмыс, сөз саптау тұрғысынан жазылды деуге келмейді.

1980 жыл – тап бүгінгі күндермен үндес. Мұнай бағасы құлдырап, Ауған соғысы аяққа оралып, Рейганның Стратегиялық Қорғаныс Бастамасы жүйкеге тиіп, елдің болдыра бастаған кезі. Ендігәрі біз – бағынған әлде бағындыратын жаңа шың, мақсат, белес туралы әңгімелер туралы естімейміз. 1991 жылға дейін саяси-экономика арбасы тек құлдырай береді. Ендеше айтылмыш 1918-1980 жылдар аралығын қазақ баспасының алтын уақыты деуге болады. Рас, сапасы мен мазмұны жөнінде біраз сауалдың беті ашық қалады. Қазақ неліктен қоғамдық ілімдердің айналасынан шықпай қойды? Қоғамдық ілімдерді айналсоқтағанның өзінде – соның өзі қайда? Фольк-хисториден ада арғы-бергі тарих қайда? Саясатты былай қойғанда, сауаттан шамшырақ болатындар қайда?

erekepost.kz