October 7, 2020

Сыздық төре

Кенесары ханның баласы Сыздық төре кейін арада талай жыл өткен соң , Алатауға Сарыбай биді іздеп келеді.

,,Сарыеке, қасыңызға бірер адамды ертіп, мені қырғыздарға апарыңыз, әкемнің өлген жеріне құран оқып, бір бас құрбандық шалайын,, - деп, қолқа салады.

Сыздық сұлтан

Сыздық сұлтанды Сарыбай би ерекше сыйлап күтеді де, қырғыздарға ертіп барады .

Қырғыз манаптары қатты әбіржіп, бұл жайға ерекше сасады. Сұлтан келіп хан әкесінің ескі кегін аламын деген жаугершілікпен әбден қажыған елді дүрліктіре ме деп, бар жақсылары кеңес құрады. Алыстан шолғыншы қойып, қанша қолмен , қалай келе жатыр деп, іштей білдірмей әзірленеді.

Сөйтсе Сыздық төре қасына Сарыбай биді, Жамбыл ақынды және өзінің ат ұстайтын екі сарбазымен күнгей асып, Шу өрлеп, Тоқпақтың жанында ақ шағаладай киіз үйлер тігіп күтіп отырған қырғыз ағайындарына барады.

Кекілік сайы он бір жыра екен, сол жерге барып жетектеп келген ақ боз биені шалып, құран оқиды.

Бүкіл қырғыз біткен тік тұрып, ыммен ғана қызмет көрсетіп, бәйек болады. Әкесінің қаны тамған жерге бір түнеп, ертеңіне қайтпақ болғанда, қырғыз манабы сөз бастайды:

- Сыздық төре, алты атаңнан бері хан тұқымысың, қырғыз қазақ бір туған емес пе еді. Айтуға тіл кесіліп тұр, мына бір керуен түйелерді ал, үстіндегі жүгімен саған тартқан тартуымыз, оған қоса мың сәйгүлік және екі қызымызды жасауымен бермекшіміз. Бұл берер сыйлығымыздың басы ғана деп білерсің- деп кешірім сұрауға батпай, астындағы арғымағын ортаға тартыпты.

Сонда Сыздық Сұлтан:

- Мен сендерден ештеңе сұрап келгенім жоқ. Әкемнің көзі боларлық ертоқымын беріңдер. Ал мына арғымағыңды бауыздап, елге таратып жібер- депті қабағын ашпай.

Кенесарының ер-тоқымы рабайсыз үлкен ауыр екен, ерттеген жылқының арқасын алып түсетіндіктен , бір сиыршы өгізге ерттеп жүр екен, соны әкеп беріпті.

Баяғы күміс үзеңгі, сыртқы ашамай өрнектеріп жұлып тастапты, әбден тозған ерді құшақтап, артына бөктеріп Сыздық сұлтан жөнеп беріпті. Алатаудың теріскейіне ауып, бір бұлақтың басына келгенде, аттан түсіп, сыздап түнеріп келген сұлтан қасындағы серіктерін ұзатып жіберіп, ақын мен биді ғана қасына алып қалып, қалмақбас ерді құшақтап өкіріп жылаған екен.

“Мынау найзаның түбін тіреп қоятын қасы, мұны төріме іліп қоямын, ұрпағымнан ұрпағыма қалсын,,

- деп, қасын шауып алып қоржынына салады да, ерді қылышымен жармалап бөлсе, ағаштың ішіне құйма алтынды толтырып тастаған екен.

Раушан Жакешбай.