Ерекше мақсат үшін ерекше адамдар!
«Тайм» деп аталатын өте бір танымал журнал әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізімін жариялады. Ықпалды адам туралы ойланғанда сіз кімді елестетесіз?
Әдеттегідей бұл тізімге әрине саясаткерлер, әртістер және бизнесмендер енді. Журнал осы адамдарды анықтай отырып бәрінен бұрын мына нәрсеге ерекше мән берді - кім көптеген адамдарға ықпалын тигізе алды?
Осы әлемдегі ықпалдылықтың көрсеткіштері мыналар - көп ақша мен байланыстар, билік пен қоғамдағы орын. Өкінішке орай, тіпті Құдайдын қауымда да қазыр осы «сәттілік сызғышымен» өлшеуге тырысады.
Бірақ Киелі Жазба әдеттегідей бізге тұз осы әлемде қалайша нағыз тұз бола алатыны туралы айтуды жалғастырады. Құдай мәсіхшілерге, өмір сүріп жатқан әлемнің шын мәнінде жаңаруына ықпал етудің қандай жолдарын қалдырды?
Осы тақырыпты қарастыру үшін, мен Петірдің 1-хаты 2:9-10 үзіндісін ұсынғым келеді.
Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт - Құдайдың меншікті халқы болдыңдар! Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер
Осы үзінді қауым өзін қоршаған адамдарға Ізгі Хабарды жариялауға шақырылғаны туралы айтады.
Біз Құдайдың куәгерлері болуымыз керек деген ақиқат бәріне таныс деп ойлаймын. Және бұл біздің жерде қалуымыздың басты себебі. Және бұл тапсырма қандай жағдай болмасын өзгермейді.
Бұл хат қандай жағдайларда жазылғаны қызық. Петір бұл хатын шашыраған сенушілерге жазады (1 тарау 1 аят). Мәсіхшілер өте қатты қуғын-сүргінді бастарынан кешірді. Петір өз хатында 4:12 де «өздеріннің от кешіп ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар» деп жазғаны кездейсоқ емес. Лайықсыз қудалауға қарамастан, Петір олардан қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялай берулерін сұрайды. Құдайдың Өзі қойған мақсатты жүзеге асыру үшін ешқандай кедергілер жоқ!
Біз бұған қалай қол жеткізе аламыз? Қазіргі заманда ықпалды болу үшін шынымен бізге арнайы осы заманғы әдістер керек пе? Жоқ. Бүгін біз Құдай Өз қауымына қалдырған ықпал етудің ең тиімді әдісін еске түсіріп, бекітілейік. Бұл - біздер!
Петір осы үзіндіде біздің Мәсіхтегі 4 артықшылығымыз туралы айтады.
I. Біз таңдалған нәсілміз
9 аяттан жоғары Петір Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кететін сенбеушілер туралы айтады (8 аят). Бірақ рахым бойынша құтқарылғандардың жағдайы басқаша.
«Ал» деген сөз айқын қарама-қарсылықты көрсетеді. Екі топ бар. Сіз не бірінші топтасыз, не екіншідесіз. Сіз Құдай сөзіне бағынбайсыз немесе Мәсіхке мойынсұнасыз, өйткені Ол сіз үшін құнды. Ол сіз үшін басты іргетас.
Таңдау - әрқашан біздің жетістіктеріміз бен мүмкіншіліктерімізді білдірмейді, керісінше Құдайдың мейірімі мен Оның шексіз рахымын білдіреді.
Қараңыздаршы, Петір бұл туралы қалай айтып жатыр. Құдай бізді қара түнектен тамаша нұрына шақырды. Біз қара түнекте болдық. Бұрын біз күнә жасай беретін, рухани өлі едік (Еф.2:1), бірақ Оның рахымының арқасында және оның ғолғоталық азабы арқылы енді біз Онымен бірге бола аламыз. Осы туралы ойланыңыз! Бұл өте, өте маңызды. Бұл кез келген қызметтің бастамасы.
1Қор.1:26 «Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. 27 Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. 28 Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. 29 Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды»
Егер бізде мақтанатын ешнарсе болмаса, неге мәсіхшілер ортасында іштарлық, кешіреалмаушылық, өкпе және ашулану өте көп? Мүмкін лайықты адамның ар-намысына тигендіктен болар? Бауырлар, адамдар біздің сөздерімізден шаршады, олар біздің құтқарылғанымыздың тірі күәсін көргілері келеді.
Осы хаттың авторына назар аударайықшы. Егер біз адам жетістіктеріне сенім артқымыз келсе, онда біз Петірді тандайтын едік. Әрқашан алда, белсенді, ынталы, тапқыр және батыл. Бірақ Исадан үш рет бас тартқан. Петір болашақта тірі Құдайдың қауымын бағу үшін өзінің банкрот болғанынан сабақ алуға тиіс еді. Біз ештенемен мақтана алмайтын жағдайда ғана Құдайдың қолында тиімді құрал бола аламыз.
Демек, құтқарылуымыздың тереңдігін ұғыну бізді Құдайдың мақсатына жетуге қабілетті ете алады. Біз мақсат үшін таңдалғанбыз. Бізді мақсатқа жетуге қабілетті ете алатын екінші артықшылық:
II. Біз патшаның діни қызметкерлеріміз
Біздің Мәсіхтегі жағдайымызды айта отырып елші Мысырдан шығу кітабының басты сәтіне мән береді.
Мыс.19:5 «Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім боласыңдар. 6 Бүкіл жер - Менің иелігім, ал сендер Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар»...
Исраил халық ретінде Мәсіхті мойындамай шегінгендіктен діни қызметкерлер артықшылығын жоғалтқанын білеміз. Бірақ Исаға өзінің Құтқарушысы ретінде сенетін әркім патшаның діни қызметкерлеріне айналады.
Патшаның діни қызметкерлері деген нені білдіреді?
Мұсаның заманыңда басқа ұлттар үшін киелі орын жабық болатын, онда тек діни қызметкерлер ғана бола алатын, оларға тіпті ғибадатханаға кіруге тыйым салынатын. Ал бүгінгі күнде Мәсіхтегі діни қызметкерлер Патшаға қызмет етеді, осылайша Оның киелі қатысуында бола алады. Олар Патшаға рухани құрбандықтар әкеледі.
Өкінішке орай бүгінгі күнде адамдар Исаға деген рухани қызметті тек Сиыну үйінің, яғни қауымның ішінде болып жатқан қызмет деп қабылдайды. Керемет уағыз айттым, гитарада тамаша ойнадым, өлең айттым, сенбілікте жақсы еңбектендім, Туылу мейрамына немесе Тірілу мейрамына дайындалдым, жексенбілік жиналысқа келіп көзге түстім. Жоқ! Біз рухани діни қызметкерлерміз және біздің қызмет тек Сиыну үйінің қабырғасында жасырынып қалмау керек. Қазір де карантин кезінде біздің Патшамызға қызмет етуге әр түрлі мүмкіншіліктер бар. Құдайдан сұрасақ, ниетіміз бар болса Иеміз Өзі жолдарын көрсетіп, ашып береді.
Біздің қызмет қай салалармен байланысты?
Бүткіл біздің өмірімізбен байланысты. 12 аяттан бастап жалпы біздің сенбеушілер арасындағы өміріміз туралы айтылады, 13 аятта біздің билік иелеріне қатысымыз, 18 аяттан бастап жұмыс орнындағы мәсіхші туралы, 3 тараудан бастап отбасы туралы, 3 тараудың 8 аятынан бастап бір-біріміздің қарым-қатынасымыз туралы айтылады. 2 тараудың 5 аятынан бастап Петір біз рухани сый-тартулар ұсынатын тірі тастар екенімізді айтады. Рухани қызмет әрқашан құрбандықпен байланысты. Бірақ бұл бұқа мен ешкіні құрбандыққа әкелу емес, бұл тірі құрбандық, яғни біздің өмірлеріміз. Ыбырайым өз баласын құрбандыққа әкелгенде қалайша сенімін танытты?
Бауырлар біздің Исаға деген қызметтегі құрбандығымыз Мәсіхтің біз үшін жасаған өлім құрбандығымен теңдесе алмайды, сондықтан бар өмірімізді біздің Патшаға қызмет етуге бағыштайық!
Мәсіхке қызмет ету үшінші артықшылықпен өте тығыз байланысты.
III. Біз қасиетті ұлтпыз
Біз рухани үйміз және Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудамыз. Қасиетті деген Тәңір үшін бөлектенген дегенді білдіреді. Құдай сенушілерді негізінде Өзімен қарым-қатынаста болу үшін бөліп алады, және Оған қызмет ету осы қарым-қатынастың нәтижесі болып табылады.
Петір өзінің сәлемдесуінде шашыраған сенушілерге қасиетті деп қарайтыны қызық, ал 1 тарауда 15 аяттан дегенмен оларды қасиетті болуға шақырады: «Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар! Тауратта Оның былай дегені бар ғой: «Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!» Бірінші жағдайда ақталудың нәтижесінде болған қасиеттілік туралы айтылады, ал екінші жағдайда артынан келетін қасиетті өмір сүру туралы айтылады. Қасиетті өмір сүру құтқарылумен байланысты, ол ақталусыз болмайды.
Қасиетті өмір сүру қалай жүзеге асады? Петір 2 тараудың басында жаңа туған сәбидей Құдай сөзіне құштар болыңдар дейді. Барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екі жүзді, күншіл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар дейді. 11 аятта Жазба өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар деп бұйырады.
Сіздің өміріңізде рухани өсу бар ма? Сіздің компьютеріңіз, смартфондарыңыз, кошелегыңыз, тілектеріңіз, сөздеріңіз және іс-әрекеттеріңіз қасиетті өмір сүріп жатыр ма?
Біздің үзіндіде көретін төртінші артықшылық
IV. Біз Құдайдың меншікті халқымыз
Мәсіхшілер - бұл меншікті халық. Көбінесе бір зат белгілі бір адамға тиесілі болғандықтан ерекше бағаға ие болып, құндылыққа айналады. Ең қарапайым зат атақты адамға тиесілі болса, онда ол ерекше құнға ие болады. Мәсіхшімен де дәл осылай: ол ең қарапайым адам бола тұра, Құдайдың меншігі болғандықтан, жаңа құнға ие болады.
Бұл артықшылық, сондай-ақ жауапкершілік. Біз бұрын күнәнің құлы болдық, ал қазыр ақталдық. Сенің өмірің Құдайға бағышталған деп айтуға бола ма? Кел, ең азынан бастайық. Сенің WhatsApp қондырылған телефонын Құдайдың меншігінде ме? Ал интернеттегі сенің суреттерін Құдайдың меншігінде ме?
Бірінші шәкірттер, орасан зор Рим империясын есепке алмағанның өзінде Исраил халқының үлкен санымен салыстырғанда әлдеқайда аз еді. Бірақ мәсіхшілер балықшылардан басталды.
12 шәкірттің бірде біреуі діни басшы топ немесе саяси немесе экономикалық немесе қоғамдық элита өкілі болған жоқ. Олар өте аз болды, олар сауатсыз болды, қорқақ және әлсіз болды, сенім мен ұғынуға баяу болды, жалпы жердегі кез келген беделді патшалықтың басында болуға жарамсыз еді. Бірақ олар Құдіретті Құдайдың қолында болды!
Иерусалимдегі Алғашқы өнім мейрамында сиынуға жиналған сенушілердің саны 120 болды (Елш.іст.1:15). Осынша адамы бар қазіргі заманғы қауым үлкен емес болып саналады, дегенмен ол кезде бұл алғашқы Қауымның басталуы болды.
Мәсіхтегі ерекше адамдар екенімізді ұғына отырып, осы әлемдегі халықтардың арасында ерекше мақсатты орындауға Құдай бізді баталасын! Аумин!