Лұқаның Ізгі хабарындағы Исаның мінажаттық өміріне шолу
Әртүрлі мессенджерлер пайда болғаннан бері адамдар бір ойды жеткізу үшін алуан түрлі смайліктерді қолданады. Негізі ол өте ыңғайлы. Мысалы, бір қайғылы нәрсені түсіндіргіміз келсе қандай смайлік қоямыз? Қуансақ ше? Әлде бір нәрсемен келіссек ше?
Мәсіхшілер арасында да әртүрлі рухани смайліктер жиі пайданалуда. "Мен сен үшін сиынамын деп" айтқымыз келсе, екі алақан бір біріне қосылып тұрған, бәрімізге танымал смайлікті жібереміз. Ал шын мәнісінде, бұл смайлік біз үшін нені білдіреді екен?
Лұқа жазған Ізгі хабарға қарап ойлансақ, Иса үшін осы смайліктің мәнісі қандай болар еді? Ол үшін бұл смайлік нені білдірер еді? Мен сіздермен бірге осыған қысқаша шолу жасағым келеді.
Исаның сиынуына шолу жасамастан бұрын, осы Ізгі хабардағы Мәсіхтің соңғы мінажатына назар аударайық. Бұл 22 тарау 34 аят:
Сонда Иса (көктегі Әкесіне сиынып): «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», деді
Иса жаулары үшін сиынып жатыр, дәлірек айтсақ, оны қазір ғана шегелеп тастаған адамдар үшін. Естеріңізде болса, ол түні бойы ұйықтамай, римдік жасақшыларымен сиқы бұзылған және жәбірленген кезі еді. Айқышта ішіне бір жұтым дем тартуға да шамасы келмей ілініп тұрғанда, Иса Өзін мазақ еткендер үшін сиынып тұр.
"Мүмкін емес! Ақылға сыймайтын нәрсе! Қалайша?" - деп айтарсыз. Дәл Мәсіх сияқты жасау адам қолынан келмейтін нәрсе. Бірақ біз Мәсіхтің мінажаттық өміріне мұқият қарайтын болсақ, жаулары үшін соңғы дұға - бұл Құдай Ұлының Көктегі Әкесімен тығыз қарым-қатынастың нәтижесі және шарықтау шегі екенін көреміз. Сондықтан, сиыну арқылы жүзеге асқан осы қарым-қатынасты Лұқа қалай сипаттағанын бақылау өте пайдалы болады деп ойлаймын.
Біз сіздермен Мәсіхтің мінажаттық өмірінің 7 қырына назар аударамыз:
1. Иса қызметті бастамас бұрын сиынды 3:21
Содан бұрынырақ қалың жұрт шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде Иса да сол рәсімнен өткен еді. Сонда Иса мінажат еткенде ...
2. Иса өмірі оқиғаға толы болғанда да сиынды 4:42, 5:16
Таң атқанда Иса үйден шығып, оңаша бір жерге барды. Халық Оны іздеп, қасына келіп: - Бізді тастап кетпеңіз, - деп, Оны тоқтатпақшы болды.
Ал Иса жиі елсіз далаға кетіп, мінажат етіп жүрді.
3. Иса шешім қабылдау алдында сиынды 6:12,13
Сол күндері Иса мінажат ету үшін бір таудың басына шығып, түні бойы сиынумен болды. Таң атқан соң шәкірттерін қасына шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды «елшілер» деп атады.
4. Иса жеке де, басқалармен де сиынды 9:18, 9:28
Бір күні Иса оңаша жерде мінажат етіп отырғанда шәкірттері қасында болатын. Сонда Иса оларға мынадай сұрақ қойды: - Халық Мені кім деп жүр?
Бұл сөздерді айтқаннан шамамен сегіз күн өткеннен кейін Иса Петір, Жохан және Жақыпты ертіп алып, сиынып мінажат ету үшін бір таудың басына шықты.
5. Иса сиынды және басқаларды да үйретті 11:1, 18:1
Бірде Иса бір жерде мінажат етіп отырды. Онысын аяқтаған кезде шәкірттерінің бірі Оған: - Мырза, Жақия шәкірттеріне мінажат етуді үйреткендей, Сіз де бізге үйретсеңізші
Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлы әңгімемен түсіндіріп былай деді ...
6. Иса азғырулармен күресіп сиынды 22:39-44
Сол кезде Иса қаладан шығып, дағдылы әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеп бара жатты. Шәкірттері де Оның артынан ілесті. Сол жерге жеткеннен кейін Иса оларға: «Азғырылмау үшін сиынып мінажат етіңдер!» - деп тапсырды. Өзі олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тізерлеп отырды да, мінажат етіп былай деді: «О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді. Рухани күресіп қатты қиналған Иса одан бетер сиынып мінажат етті. Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты.
7. Иса басқалардың қамын ойлап сиынды 23:34
Сонда Иса (көктегі Әкесіне сиынып): «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», - деді. Ал жасақшылар Исаның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды.
Үздіксіз сиыну мен сиынып қоя салудың арасында айырмашылық бар ма? Осылайша, жоғарыда көрсетілген барлық үзінділерде жай ғана сиыну емес, бұл созылған, жалғастырылған уақыт.
Бүкіл әлемде адамдар мессенджерлерді әртүрлі тілдерде қолданады, бірақ смайликтер тілі және олардың мағынасы бәрібір бірдей. Біз сиынғанда немесе әдеттегі смайлікті қоя отырып, "сиынамын" деп уәде еткенде, біздің мінажатымыз Мәсіхтің мінажатымен бірдей болса екен деп тілеймін. Аумин! 🙏