Уағыз
June 17, 2020

Құдай шындығы арқылы біздің Оған бағышталуымызды қалайды!

Бауырластар, егер ақырғы демдеріңіз шығар алдында сіздерге күллі адамзатқа жалғыз сөз айтуға мүмкіндік берілсе, не айтар едіңіздер? Сол жалғыз сөз Мәсіхтің аты не «тәубе ет», «Ізгі хабар» не «қауым» болар ма деп ойладым мен.

Әрине, бір ғана сөз арқылы жеткізілетін әрбір шындық өзінше маңызды, бірақ біз сол шындықтарға не арқылы қол жеткіземіз? Осы туралы ойланып көріңіздерші. Өйткені біздің Құдай жайлы іліміміздің қайнар көзі - Киелі кітаптың 66 кітабы. Бұл Өмір кітабы әлі құтқарылмаған жан үшін маңызды. Сонымен қатар Ол әр мәсіхші үшін Құдай Рухының жетелеуімен жазылған, қатесіз, жеткілікті және беделді нұсқаулық.

Өлер алдында бас діни қызметкер сияқты дұға еткен Мәсіхтің де дәл осыны айтқаны қызық.

Жохан жазған Ізгі хабар 17:17-де: «Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің - шындық» деген сөздерді оқимыз.

Иса 17-тараудың басынан Әкесінен Өзін даңқа бөлеуін сұрап сиынады. Мәсіхтің айқышқа қағылатын уақыты жақындап қалды. Күнәларымыздың орнын басатын өлім арқылы ғана біз бүгін Құтқарушымыздың алдында тізе бүгіп, Оны мадақтай аламыз. Мәсіх те Өз Әкесінің ісін аяқтап, Оны даңқа бөледі. Сол істің мәні - Құдайдың қаһарға толы тостағанынан ішу ғана емес, сол арқылы Әкені де көрсету еді. Бұл Әкесі тапсырған хабарды Исаның шәкірттеріне жеткізуі, олардың сол сөздерді қабылдап, сенгендері арқылы жүзеге асты! - 8 тарау.

Одан әрі Иса Өзінің 11 шәкірті үшін сиынып, Киелі Әкесінен оларды қорғауды сұрайды. Шәкірттердің Құдайдың қарамағында екендіктерінің кепілі - тәнге айналып келген Сөз. Құдайдың шәкірттерді қорғауы үшін оларды осы дүниеден алып кетуі керек емес пе? Бірақ Оның жоспары бойынша шәкірттер белгілі бір уақытқа дейін осы әлемде болулары қажет. Сондықтан Мәсіх Әкесінен оларды әзәзіл шайтаннан қорғауды сұрайды - 15 аят. 17 аяттағы «бөліп алу», яғни жекелеу деген мағынаны беретін «бағыштау» сөзінің «киелі» сөзімен түбірі бір. Олардың екеуінің де негізгі мағынасы - бөліп алу не жекелеу. Суға қосылған май су молекулаларымен біртұтас болып кетпейді, өйткені майдың құрамы судың құрамынан өзгеше. Сондай-ақ мәсіхшінің болмысы осы дүниенің құндылықтарынан да өзгеше. «Себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес» - 16 аят. Иса бұрынырақ Өзі «Киелі Әке» деп атағанға сиынды. Исаның қызметіне негіз болған да осы Әке Киелілігі. Иса Өз шәкірттері үшін күнәдан алыстатып, тура жолға салатын осындай киелілікті сұрайды. Тәңіріміз біздің шындық арқылы таза жүріп, Әкеге бағышталуымызды қалайды. Иса осыны сұрап сиынады. Бірақ бұл жай ғана қалау емес. Осылайша Иса бізге тура жолды көрсетеді. Біздің шындық арқылы бағыштап, таза жүру үшін не істеуіміз керек?

Берілген мәтіндегі бағышталуға шақырудың 3 түрлі жолын қарастырайық: алдымен,

I.  Бағышталудың ҚҰРАЛЫ - Құдай Сөзін бағалау 17 аят

Мәсіх 17 тарауда: «оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштай гөр» деп сиынады. Бірақ шындық деген не? Бір кезде Пилат қойған осы сұрақ әлі күнге дейін жұмбақ. Өкінішке орай, бүгінгі күні тіпті мәсіхші орталарда да шындыққа қарсы шығып жатады. Күмәнға тудыратын «Құдай шынымен солай деді ме?» деген сұрақ әзәзіл шайтанның әккі өтірігі болса керек. Өтіріктің атасы бүгін әр өсиетке сай өз шешімін ұсынуда. Ол тұғырды шайқау үшін аянбай еңбек етуде.

Егер інжілдік мәсіхшілер бұрын «Мәтіннің мағынасы неде?» деген сұраққа жауап іздесе, бүгінде бұл сұрақ «Мәтіннің мағынасы бар ма өзі?» деген сұраққа ауысты. Жазбаның қатесіз екеніне қарсы шыққан либералдар «Ал мүмкін мәтін өзі жоқ шығар» деп одан да асып түсіп жатыр. Сіздер «Қолыңыздағы түпнұсқа емес, көшірме екенін білесіз бе?» деген сұрақты да естіген боларсыздар. Бірақ, керісінше, Жазбаның көптеген көшірмелерін салыстыра келе Оның нағыз түпнұсқа екеніне көз жеткізе аламыз!

Бірде мен интернетте мәсіхші адам бөліскен «Ақиқат тек біреу ғана, алайда әркімнің өз шындығы бар» деген сөздерді оқыдым. Постмодернизмнің жаңғырығы, міне, осы сынды сөздер. Мысалы, жас жігітпен әңгімелескенде оның сіздің сөздеріңізбен келісетінін, дегенмен өз ойында қалатынын байқайсыз. Бірақ бұған таңқалудың қажеті жоқ. Бұл «Сенің өз шындығың бар, ал менің өз шындығым бар, сондықтан бір-бірімізді сыйлайық» дегенді білдіреді.

Иса мәселенің осы дүние әсерінің залалында емес, біздің шындыққа деген бұрыс көзқарасымызда екенін айтады. Уағыздаушы уағыздау үшін мінбеге шығар алдында ғана дайындала бастаса, қауымның саулығы мен оның осы дүниеге әсері туралы не айтуға болады? «Сонымен, бүгін кім уағыздайды? Келе ғой, бауырым, сен сиынар алдында бір-екі ауыз сөз айта қойшы». «Жо-жоқ, мен дайын емеспін». «Енді, тым болмаса, бірдеңе оқып берсеңші». Осылайша мадақтау кезінде уағыздаушы қолына Киелі кітабын алып, отырып уағызға дайындалады. Міне, біз шындыққа осылай қараймыз.

Ал Киелі кітапты зерттеу жиындарымыз қалай өтеді? Алдымен сөзталас туындап, ақырын -дауға айналады. Сонымен зерттеу емес, сөзбен жұдырықтасу басталады. Ал жағдайды ушықтырып алмау үшін адамдар кейде: «Бауырластар, әркім өз ойында қалсын», - деп жатады. Ақырында әркімнің өз шындығы бар болып шығады. Бірақ Мәсіх шындықтың не екенін түсіндіреді. «Сенің Сөзің - шындық».

Исаның «Сенің Сөзің шынайы немесе Сенің Сөзіңде шындық бар» демейтініне назар аударыңыздаршы. «Шындық» пен «шынайының» арасындағы айырмашылықты сезесіздер ме? «Шынайы» деген нәрсе шындықтың өзінен де жоғары деңгейіне сәйкес келеді. Ал Иса Құдай Сөзінің шынайы ғана емес, шындық екенін айтады. Құдай Сөзі – ненің шынайы, ал ненің шынайы емес екенін айқындайтын жоғары талап.

Бүгінгі күні адамның беделдігі Құдай Сөзімен теңесуге тырысуда. Бұл сезім, мол тәжірибе, рационализм, адам мұратының шындықты айқындауыш ретінде қарастырылуынан орын алып отыр. Алайда осының бәрі адамның шектен тыс бұзылған, айлакер, өз пайдасын көздейтін, адастырып әкететін жүрегін ескере алмайды.

Киелі кітап: «Құдайдың барлық сөздері пәк таза, Ол қалқандай Өзін паналайтындарға» (Нқл. 30:5), – дейді. Киелі Жазбаның кейбір бөліктері ғана емес, ондағы әрбір сөз. Құдай Сөзі туралы «Олар мәңгілікке көкте бекітілген» деп жазылғаны қызық. «Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием, Көкте тұр мәңгілікке бекітілген!» (Жыр. 118:89). Иса: «Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды» (Мат. 24:35), – деген.

Бағышталудың жалғыз құралын дұрыс бағалай алуымыз үшін Құдай бізге батасын берсін. Тек қана Құдай Сөзі. Сонда біз Бағышталудың екінші жолға құлақ асуға дайын боламыз:

II.  Бағышталудың МАҚСАТЫ - тапсырманы түсіну 18 аят

Егер бағышталудың құралы – Киелі Жазба болса, онда бағышталудың мақсатын түсіну де аса маңызды. Ол мақсат – Тәңіріміздің елшілігі. «Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін» – 18 аят. Осы дүниеге барып, жалғыз Мәсіх қана – жол, шындық және шынайы өмір екенін айту! Ол арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды (Жох. 14:6).

Шәкірттерін жерде қалдырып бара жатып Иса Әкесінен оларды белгілі бір мақсат үшін қорғауды сұрайды! Жетік білім алған, мол тәжірибесі бар білікті дәрігердің жұмыс істегісі келмегенін елестете аласыз ба? Бұл нағыз сандырақ қой.

Мәселе тек мақсатта ғана емес, біздің жұмысымыздың графикасында да екеніне назар аударайық. Осы жердегі салыстыруды да көре білу маңызды. «Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін». Қалай? «Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей». Дәл Әкесі Өзін жібергеніндей.Біз үшін Жұмыс берушінің мақсаттары мен жұмыс графигіне қарау жеткілікті! Мәсіх – елшіліктің ең жоғары үлгісі!

Иса Әкесінен шәкірттерін осы дүниеден алып кетуді сұрамайды – 15 аят. Таңқаларлық! 14-аятта күнәкар дүниенің оларды жек көретінін айтып отырып, 18-аятта Тәңіріміз оларды сол өздерін жек көретін дүниеге жібереді. Бір жағынан шындық осы дүниенің оларды жек көруінің себебі, ал екінші жағынан шындық – осы дүние үшін өмірдің қайнар көзі. Біз не осы дүниеден тығылып қала аламыз, не осы дүниеге бара аламыз. Осы дүниеге бара тұра, онымен араласып кетпеуге күш-қуатты қайдан алуға болады? Жауап қарапайым – 17-аят. Біздің шындықпен толығуымыз керек. Егер өзіміз қарастырып отырған мәтінді дәлірек аударсақ, онда «шындығың арқылы Өзіңе бағышта» емес, «шындығыңда Өзіңе бағышта» деп жазылған! Бүгінгі күні Құдай Өзіне Рухына кенеліп, шындықпен табынатын адамдарды іздейді. Біздің бағышталуымыз шындықты қабылдау мен оған бағынуға тікелей байланысты.

Ал егер біз осы дүниге бармасақ не болады? Мұндай жағдайда екі түрлі шешім бар: не шындықтың бізді өзгертпегендігі, не Құдай Сөзінің шындық еместігі. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес, себебі Киелі кітаптың шындық екеніне біз сенімдіміз. Ендеше неліктен Сөз арқылы өмір сүрсе де, осы дүниеге барғысы келмейтін қауым мүшелері мен қызметшілерді кездестіреміз? Оларды ақтап алу үшін, тіпті, «өзімізде барды жоғалтып алмауға тырысып жатырмыз» деп сылтауратсақ та болады. Мен қалай өмір сүру керек екенін біле тұра солай етпейтіндердің Киелі Жазбадағы бір ғана тобын білемін! Шындық олардың қолдарында, олар оны жаттап алады, басқаларды үйретеді, құрылтайларға барады, бірақ шын мәнінде Шындықпен күресіп жатады. Олар – парызшылдар.

Қауым жиындарына бармаудың себебі – өз тағайындалуын түсінбеу, алайда кейде бұл жиындарда шындықтың мүлде айтылмауынан да болады. Өздерін Сөз арқылы бағындырмақ болғанда адамдар мұны бірден сезіп қояды. Біздің міндетіміз – адамдар шындықпен жеке қарым-қатынаста бола алатындай етіп шындықты уағыздау. Егер бірінші уағыздаушы уағыздаса, екіншісі оны түзесе, ал үшіншісі біріншісі мен екіншісін сызып тастаса, қауым не ойлауы керек?

Шындыққа толығып, осы дүниеге жіберілген мақсатымызға сай өмір сүруіміз үшін Құдай бізге батасын берсін. Ол үшін бізге бағышталудың үшінші жолы демеу болсын:

III.  Бағышталудың ҚҰНЫ - Мәсіх екенін ұғыну 19 аят

Мәсіхтің сатқындық аясында дұға етіп жатқаны таңқалдырады. «Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды...» (Жох. 16:32). «Өзіне не боларын түгел білетін Иса...» 18:4. Сондай-ақ Иса шәкірттеріне оңай болмайтынын да ескертеді: «Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар, – деп жалғыстырады Ол, – Мен осы дүниені жеңіп шықтым» 16:33.

Бірақ өзін күтіп тұрған азаптарға қарамастан Мәсіх Әкесінен қажетті нәрселерді сұрайды. Ал шәкірттердің шындық арқылы бағышталулары үшін Иса оларға бола Өзін бағыштайды – 19-аят. Бұл Иса Әкенің еркі үшін Өзін толықтай бөліп алды, яғни жекеледі дегенді білдіреді. Бірде Мәсіх шәкірттеріне: «Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады» (Жох. 4:34), – деген болатын.

Мәсіх айқышта Әкесінің еркін орындамаса, біз ешқашан Мәсіхтің еркін орындай алмайтын едік.

Мәсіхтің бағышталуының ақырғы нүктесі – Оның Ғолғотадағы біздің күнәларымыз үшін шеккен азаптары.

Жақында мен Германияда медицинаға 10 жыл бойы оқытатынын білдім. Неліктен мұнша ұзақ деп ойлайсыздар? Онсыз да түсінікті емес пе? Жұмыстың жауапкершілігі неғұрлым ауыр болса, оны үйренуге де соғұрлым ұзақ уақыт қажет.

Сондықтан біздің құтқарылуымыз үшін өтелген құнмен, тіпті, күллі адамзаттың өмірі де теңдесе алмайды.

Бауырластар, біздің күшіміз – Мәсіх! Тәңіріміздің шәкірттері үшін байлық, билік не қызметте көтерілуді емес, оларды әзәзіл шайтаннан қорғауды сұрайтынына назар аударыңыздаршы. Бұл үшін шәкірттерге тағы да шындық демеу болады! Киелі Рухтың қызметіне қарасақ, Ол енді ешқандай жаңалық әкелмейді. «Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың – Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді» (Жох. 14:26). Сондықтан біздің ендігі міндетіміз – соған сену және жазылған Сөзге сәйкес өмір сүру.

Біз Исаның жер бетіндегі қызметінің бәрі шындығында Әкенің Ондағы және Ол арқылы жасаған қызметі екенін байқаймыз. Сол сияқты осы дүниеге Ұл жіберген шәкірттердің де қызметі олардікі емес, олар арқылы жасаған Ұлдың қызметі. Ал бүгінгі қауымның қызметі - Тәңіріміздің қызметінің жалғасы. Не арқылы? Шындық арқылы! «Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын» - 20 аят. Сонымен, біз әлі де Құдай Сөзінің күшіне күмән келтіріп отырмыз ба?

Чарльз Сперджен Құдай Сөзінің бүгінгі күні оқылмайтыны соншалық, шаң басқан Киелі кітаптың бетінде «Кісі өлтіргені үшін кінәлі» деп жазып қоюға болатынын әшкерелей айтады. Мүмкін біреуіміз үшін сол Киелі кітаптың бетіндегі шаңды сүртетін уақыт келген шығар? Біз Құдай шындығының өз өміріміздегі басты нәрсе екенін өз өмір салтымыз арқылы көрсетуіміз керек. Баланы тәртіпке салып жатқанда ол біздің мұны басқа шаруаның жоқтығынан емес, шындыққа сай болғандықтан істеп жатқанымды түсінуі тиіс. Біз мұны өзіміз сол шындыққа бағынғандықтан істейміз. Сонда бұл біздің үйімізде, тіпті, отағасы да бас иетін көрінбейтін лауазым Иесі бар екеніндігінің куәсі болмақ. Бұл біздің өміріміздің барлық салаларына да қатысты болуы тиіс.

Бірде Иса Өзіне сенген Яһудилерге: «Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар» (Жох. 8:31), – деген болатын. Бағышталудың бағасын түсініп, Забур жыршысы сияқты: «Күнә жасамауым үшін Саған қарсы, Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды» (Жыр. 118:11), – деп тәубе етуіміз үшін Құдай бізге батасын берсін.

Біз шындыққа бағышталуымыз арқылы Құдай Ие мадақтала берсін! Әумин!

https://t.me/ruh_zhan