October 2, 2018

Ризық - Алладан. АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ ЕТУ

Ризық - Алладан. АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ ЕТУ

Қайырлы кеш, жүрегін Аллаға байлаған ханымдар!

Осы марафонды жоспарлау барысында бағдарламаға РИЗЫҚ тақырыбын қоспау мүмкін емес деп шештік. Материалдық жағдай бұл әлемде ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Себебі, адам тәнін азықтандыруы, мүшелері сау бола тұра өзгелерден қол жайып ештеңе сұрамауы қажет.

Ислам адамды мал-мүлікті болудан тоспайды, керісінше, бай әрі қабілетті, күшті болуы үшін көптеген оңай жолдарды көрсетіп береді. Бәріңіз білетіндей - мұсылманның 5 парызының бірі - ЗЕКЕТ, ал оны тек бай адамдар ғана бере алады.

Расында пенде болған соң дүниелік нәрсеге күйіп-пісіп қоямыз. Барша РИЗЫҚТЫҢ, БАРДЫҢ ДА ЖОҚТЫҢ ДА ИЕСІ ЖАЛҒЫЗ АЛЛА екенін назардан шығарып аламыз.

Көпшілік адамдар еңбегінің жемісі Алладан екенін ұмытып, өзінің қабілетіне, не бай туысының абыройына, болмаса ақшаға сеніп кетуі мүмкін. Ал мұндай сенім адамдарды орта жолда қалдырады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол, таңертең аш кетіп кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді» (Тирмизи).

Сондықтан, біз Аллаға дұрыс тәуекел етуді үйренуіміз қажет, ақылсыз торғайды ризықтандырған Алланың адамды қамтамасыз ете алмауы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?

Саналы ғұмырында адал жолмен табыс табу - адам баласына Алла Тағаланың жүктеген міндеттерінің бірі. Бүгін РИЗЫҚ БЕРУШІ АЛЛА ТАҒАЛАҒА қалай шынайы тәуекел ету жолдарын талқылаймыз.

Құранда ТӘУЕКЕЛ ұғымы жайлы бас-аяғы 61 сүреде 70 рет қайталанып айтылады. Бұның өзі ТӘУЕКЕЛ тақырыбының маңыздылығын көрсетсе керек.

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» (Имран сүресі, 159-аят)

Асыл дінімізде ТӘУЕКЕЛ етудің де дұрыс жолдары бар. Шын мәнінде, ТӘУЕКЕЛ – жүректің тек Аллаға ғана сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса, тәуекелге бару мүмкін емес. Бұл туралы мынандай оқиға бар.

Хазіреті Омар (р.а.) дәуірінде бір елді-мекенде оба ауруы тарайды. Омар бұл аймақтан тезірек кетуге бел буады. Сонда Әбу Убайда ибн Жаррах оба ауруынан сақтанған Омар ибн Хаттабты (р.а.) көріп, әзіл мен шын араластырып:

– Ей, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың? – дейді.

Иә, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын) – деп жауап береді.

Кейін Омар былай деп жауап береді. «Егер малды шөбі мол жерге жаю үшін шөл жерден көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу», – деп түсіндіреді.

Бұл оқиғадан ұғатынымыз Омар (р.а.) оба ауруы тараған жерде «Аллаға тәуекел, мен ауырмаймын» деп ол жерде тұрақтап қалған жоқ. Ауырмаудың себептерін іздеп, басқа жерге қоныс аударды.

Жалпы, қандай да бір істі жасарда Аллаға тәуекел етіп, медет тілеген жанға Жаратушы Иеміздің Өзі медет болады. Сондықтан, адал қызмет атқарып, әрбір бастаған ісімізді Алланың атымен бастайық, әрі қандай жағдай болса да сабырлы бола білейік, сонда ғана шынайы мұсылманға тән қасиеттің бойымызда сақталатындығы сөзсіз.

ТАПСЫРМА:

  1. Алла Тағаланың Мәликуль Мульк, Әр-Раззақ, Әл-Мұғни көркем есімдерінің әрқайсысын кемінде 500 рет айтыңыз.
  2. Бисмиллəһи тəуəккəлту ғəлə Алла! Лəə хəулə уə лəə қуата иллə биллəһ (мағынасы: Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш-қуат иесі жоқ) - деген дұғаны жаттаңыз. Қай кезде айту керектігі эфирде түсіндіріледі.
  3. Дайындап берілген материалды мұқият оқып, көкейіңізге түйіп алыңыз. Инстаграмға пост етіп шығарыңыз. Эфирде түсіндіріледі.
  4. Дәптеріңіздің парағын 2-ге бөліңіз. Өзіңізден жағдайы мына факторлар бойынша төмен 3 танысыңызды ойша тауып, солардың атын парақтың сол жағына тізім етіп жазыңыз. Олар: денсаулық, материалдық жағдайы және отбасы жағдайынан сізден МІНДЕТТІ ТҮРДЕ төмен болуы керек. Парақтың оң жағына соларды өзіңізбен салыстырып, ШҮКІРШІЛІК сөздерін жазыңыз.
  5. Құранның ішінен Уақиға сүресін тауып алып, ең болмағанда қазақша аудармасын оқыңыз. (Дәретпен. Дәретті қалай дұрыс алу керектігін білмесеңіз, тікелей эфирде айтылады.)
  6. Ютубтан немесе ғаламтордан РИЗЫҚТЫ АРТТЫРАТЫН ДҰҒАЛАРДЫ тауып, өзіңізге жазып алыңыз.
  7. Егер Сізде қарыз болса, мына постты оқып, дұғаларды өзіңізге жазып алыңыз. https://www.instagram.com/p/BoWSuaulgHL/?hl=ru&taken-by=almaty.aielder.ortalygy 

ЕРТЕҢ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ТАҒЫ ДА ИСЛАМИ МЕДИТАЦИЯ БОЛАДЫ, НАУШНИКПЕН ДАЙЫН КЕЛІҢІЗДЕР!

ЕСКЕРТУ: Мына амалдарды күнделікті жасауды әдетке айналдырыңыз.

  1. АЛЛА ҚАЛАСА, АЛЛАҒА ШҮКІР, АЛЛАНЫҢ АРҚАСЫНДА, АЛЛА БІЛЕДІ, АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ, АЛЛАҒА АМАНАТ деген сөз тіркестерін үнемі қосып сөйлеуді әдетке айналдырыңыз.
  2. Әрбір амалды бастар кезде НИЕТІҢІЗДІ жаңалауды есте сақтаңыз;
  3. Дәретпен жүру;
  4. Тілге фильтр жасау, зікірлеріңізді ұмытпаңыз;
  5. Күніне 3 Алланың көркем есімдерін сипатымен жаттап жүріңіз.

Ханымдар, тапсырмадағы түсінбеген ақпараттар тікелей эфирде толық айтылады, сондықтан, эфирді міндетті түрде көріңіздер.

ЭФИР 10:00-ДЕ