October 1, 2018

Дұға - тағдырды өзгертеді

@islammen.amal.et

Дұға - тағдырды өзгертеді

Армысыздар, жақсылықта жарысқан ханымдар!

Бүгін өте нәзік әрі Сіз бен бізге ең қажетті тақрып - ШЫНАЙЫ, ЫҚЫЛАСТЫ ДҰҒА туралы.

Сіз қашан соңғы рет Алламен тілдестіңіз? Жүрегіңізді паш етіп, барлық мұңыңызды шағып едіңіз?

Ғұсыл құйынып, əтір сеуіп, ең əдемі киіміңізді киіп, бар ықыласыңызбен, үлкен дайындықпен Алла алдына барғансыз ба?

Алла сізді жақсы көреді. Сұрамасаңыз да талай нығметті нәсіп етті. Қаншама жақсылыққа бөледі. Ал сұрасаңыз, сұрағаныңызды ин шаа Алла береді.

Тек шынайы, ықыласты болуымыз шарт.

Дұға ету – адамның Аллаға жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау. Дұға сөзі тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді.

Мұсылманның өмірінде намаз, ораза секілді құлшылықтар қандай маңызды орын алса, дұғаның да қадір-қасиеті солардан кем емес.

«Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Дұға - Алла үшін ең ұлы дүние. Егер сіз адамдардан жәрдем сұрасаңыз, олар ашуланады, шаршайды. Ал Алла Тағала керісінше сұрамасаңыз ашуланады. Алла пенделері оған дұға қылып, жәрдем сұрағанды жақсы көреді» деген хадисі бар.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Маған дұға етіңдер, мен қабыл етемін»- деген.

Дұға қылудың да өзіндік әдебі бар. Дұға жасамас бұрын Алла Тағаланы ұлықтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтқанымыз абзал. 

Дұғаларымыздың қабыл болу уақыттары да бар, олар:

  • Қадір түні;
  • Парыз намаздарының соңы;
  • Түннің соңғы бөлігі;
  • Азан мен қамат арасында;
  • Парыз намаздарына азан айтылғанда;
  • Намазға қамат айтылғанда;
  • Жаңбыр жауғанда;
  • Жұма күнінің бір сағаты;
  • Зәмзәм суын ізгі ниетпен ішкен кезде;
  • Сәждеде жатқанда;
  • Түн уағында ұйқыдан тұрып, қылған дұға;
  • Жүніс пайғамбардың дұғасымен тілесе;
  • Басқа бәле-қаза төнгенде;
  • Дәрет алғаннан кейін;
  • Арафа күні;
  • Рамазан айында;
  • Мұсылмандар жиналып Алланы зікір еткен кезде;
  • Әтеш шақырғанда;
  • Зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде;

ТАПСЫРМАЛАР:

  1. Дұғаны жасаудан бұрын салиқалы амалдар жасаңыз (эфирде айтылады).
  2. Дұғаның дұрыс жасалу ережелерін қолдана отырып, МАҢЫЗДЫ ТІЛЕГІҢІЗДІ тілеңіз.
  3. Ең қажетті дұғаларды жазып, қажетті орындарына жапсырып қойыңыз.
  4. Алланың көркем есімдерімен дұға жасаңыз (эфирде айтылады).
  5. Ата-анаға, ата-енеге дәл бүгін жақсылық жасап, қуаныш сыйлаңыз (қоңырау шалу, жағдайын сұрау, рахмет айту, сыйлық беру, өз қалауыңыз)
  6. ЖЕКСЕНБІДЕН ДҮЙСЕНБІГЕ ҚАРАҒАН ТҮННІҢ ҮШІНШІ БӨЛІГІНДЕ ҰЙҚЫҢЫЗДАН ОЯНЫП, АЛЛАДАН ТІЛЕК ТІЛЕҢІЗ.
  7. СОЛ ТІЛЕКТІ ТІЛЕП БОЛҒАН СОҢ, СӘРЕСІГЕ ТҰРЫП, ПАЙҒАМДАРЫМЫЗДЫҢ (с.а.у) НӘПІЛ ОРАЗАСЫН (дүйсенбі) БАРШАМЫЗ БІРГЕ ҰСТАЙМЫЗ.

Алла бұйыртса, барлық тапсырмаларға толық эфирде тоқталып өтеміз.

ЕРТЕҢ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ИСЛАМИ МЕДИТАЦИЯ БОЛАДЫ, НАУШНИКПЕН ДАЙЫН КЕЛІҢІЗДЕР!

ЕСКЕРТУ: Мына амалдарды күнделікті жасауды әдетке айналдырыңыз.

  1. Бүгіннен бастап, АЛЛА ҚАЛАСА, АЛЛАҒА ШҮКІР, АЛЛАНЫҢ АРҚАСЫНДА, АЛЛА БІЛЕДІ, АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ, АЛЛАҒА АМАНАТ деген сөз тіркестерін үнемі қосып сөйлеуді әдетке айналдырыңыз.
  2. Әрбір амалды бастар кезде НИЕТІҢІЗДІ жаңалауды есте сақтаңыз;
  3. Дәретпен жүру;
  4. Электронды тәспімен "Аллаға шүкір" және "Астағфируллаһ" сөзін үнемі айтып жүріңіз. Көбірек айтқан абзал.
  5. 21 күн тілге фильтр жасау
  6. Күніне 3 Алланың көркем есімдерін сипатымен жаттап жүріңіз.

Ханымдар, тапсырмадағы түсінбеген ақпараттар тікелей эфирде толық айтылады, сондықтан, эфирді міндетті түрде көріңіздер.