October 2, 2018

Жәннаттық әйел

@islammen.amal.et

Жәннаттық әйел

Қайырлы кеш, Алланың дидары мен күйеуінің разылығына ұмтылған ханымдар!

Тек қыз-келіншектерге арналған марафонымызда ЖӘННАТТЫҚ ӘЙЕЛ тақырыбын қозғамау мүмкін емес. Жалпы, Асыл дінімізде әйелдің орны қандай?

Алла Тағаланың көркем жаратылыстарының ішінде тәні нәзік, жаны сұлу жаратылыс, ол – әйел. Оның күштілігі – әлсіздігінде. Әйел неғұрлым нәзік болса, бейнесі соғұрлым көркемдене түседі.

Соған қарамастан, әйел – ерлерге қарағанда әлсіз, мейірімді әрі сабырлы келеді. Әйел болмысының ерекшелігін Алла Елшісі (с.а.у) былайша сипаттаған: “Әйелдердің еркектерден артықшылығы олардың сезімтал етіп жаратылуында. Дегенмен, Алла оларды ұялшақ етіп жаратқан”.

Ислам діні келмес бұрын әйел затының намысы тапталып, адам құрлы көрмей, кемсітілгенін білеміз. Алланың хақ діні ислам келісімен әйелдің қоғамдағы құқығы белгіленіп, ар-намысы мен абыройы қорғалып, еңсесі көтерілді. Бұл жайында Омар (р.а):  «Біз, әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Исламның келуімен біле бастадық», - деген.

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» десе, басқа бір хадисте: «Артында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері – Жұмақ» - деп ер мен әйелді өзара рухани түсіністікке шақырған.

Ислам дінінде тұрмыс құрған əйелдің мойнында, ең бірінші кезекте ерінің ақысы тұрады. Əйел бұл ақылардың Жаратқанның өзі бекіткен бұйрықтар екенін біле отырып, ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Алла Тағаланың разылығына бөленіп əрі күйеуінің көңілін табуға тырысып, құлшылық міндетін атқарғандай сезіммен орындаса, ол екі дүниенің бақытына қол жеткізеді.

Жақсы əйел туралы Құранда: «Расында, салиқалы əйелдер күйеулеріне қарсы шықпайды. Алла Тағала олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да ерлерінің құқығын (дүние-мүлкін, ар-намысы мен абыройын, отбасының құпияларын) қорғағандар», - деп сипатталады.

Бірде Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.у) былай деп сұраған екен:

– Əйелдің мойнында ең алдымен кімнің ақысы тұрады?

– Күйеуінің ақысы.

– Ал ер кісіде ең əуелі кімнің ақысы бар?

– Анасының, – деп жауап береді бұл жолы Пайғамбарымыз.

Бұл жерден байқағанымыздай, əйел үшін күйеуінің құқығы жоғары тұрады. Өз əке-шешесінің ақысынан да жоғары тұратын күйеуіне деген құрмет отбасының береке-бірлігін сақтау үшін өте маңызды.

ТАПСЫРМА:

  1. Әкеңізге өзі ұнататын сыйлық жасаңыз. Егер марқұм болса, сол кісінің атынан садақа беріңіз.
  2. Күйеуіңізге сыйлық жасаңыз. Қандай сыйлық екенін өзіңіз шешіңіз.
  3. Төсек қатынасына түспес бұрын айтылатын дұғаны жаттаңыз: "Алла Тағаланың есімімен! Аллаһым бізден және бізді ризықтандырғаныңнан шайтанды алыстат!"
  4. Еріңізге қызмет жасаңыз (эфирде түсіндіріледі).

ЕСКЕРТУ: Мына амалдарды күнделікті жасауды әдетке айналдырыңыз.

  1. АЛЛА ҚАЛАСА, АЛЛАҒА ШҮКІР, АЛЛАНЫҢ АРҚАСЫНДА, АЛЛА БІЛЕДІ, АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ, АЛЛАҒА АМАНАТ деген сөз тіркестерін үнемі қосып сөйлеуді әдетке айналдырыңыз.
  2. Әрбір амалды бастар кезде НИЕТІҢІЗДІ жаңалауды есте сақтаңыз;
  3. Дәретпен жүру;
  4. Тілге фильтр жасау, зікірлеріңізді ұмытпаңыз;
  5. Күніне 3 Алланың көркем есімдерін сипатымен жаттап жүріңіз.

Ханымдар, тапсырмадағы түсінбеген ақпараттар тікелей эфирде толық айтылады, сондықтан, эфирді міндетті түрде көріңіздер.

Ертеңгі эфирде Исламтанушы ұстаз - Жазира Кеншінбайқызы арнайы лекция оқиды.

Эфир Астана уақытымен сағат 10:00-де.