МЕЙІРІМ - жүректі жұмсартады
МЕЙІРІМ - жүректі жұмсартады
Қайырлы таң, мейірімділер!
Бұл марафонда МЕЙІРІМ туралы сөз қозғамау мүмкін емес, өйткені Ислам - мейірімділік діні.
МЕЙІРІМДІЛІК - адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Адамның бір-біріне деген мейірімі арқылы бейбіт өмір қалыптасады.
Біз қазақ, қандай заман, қандай алапат күндері болсын бір-бірін сүйреген, тастамаған елдің ұрпағымыз, «Айналайын» деген сөздің астарында қандай мейірім жатыр! Ал бүгін ел аман, жұрт тыныш та бір-бірімізге мейірімдіміз бе?
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Алла Тағаланың мейірімінің жер бетіндегі дара өкілі ретінде осы МЕЙІРІМДІЛІК қасиетті шебер қолданып, барлық жүректерге жол таба білген. Өйткені, мейірімділік адам баласына тікелей әсер етеді де, көңіліне ИМАН НҰРЫН ұялатады.
Алла Елшісінің (с.а.у.) мейірімі мен рақымдылығы тек мұсылмандармен ғана шектелмейтін. Сенімі бөлек, исламда емес, ұлты мен тегі өзге бөтен кісілерге де, тіпті Алла Тағаланың жаратқан барлық жаратылыстарына да арналған еді. Ешкімді бөліп-жармай, бәріне мейірім шуағын төгетін. Тіпті, өзіне қастандық жасап, өлтірмек болғандар үшін де: «Аллаһым бұларды кешір, себебі олар мені әлі толық білмейді»,-деп Алла Тағалаға жалбарынып дұға еткен.
Ол (с.а.у.) жетімдер мен науқастарға, көңілі жарымдарға ЕРЕКШЕ МЕЙІРІММЕН қарайтын. Жетімдердің басын көп сипайтын.
Алла Тағала көптеген аяттарында:
«Алла – құлдарына ерекше мейірімді» (Бақара сүресі, 207-аят);
«Күмәнсіз, Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» (Хаж сүресі, 65-аят) деп, құлдарын ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНДІГІН және оларды қолдап, қорғаштайтындығын айқын білдірген.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде Алла Тағала өзінің РАҚЫМДЫЛЫҒЫН жүзге бөлгендігін, оның тоқсан тоғыз бөлігін өзіне қалдырып, қалған бір бөлігін әлемге (жер бетіне) түсіріп, оны адамзат пен барша тіршілік иелерінің арасына бөліп бергендігін білдіреді.
Тіпті биенің құлынын езіп кетпейіндей етіп, аяғын абайлап басуының өзі осы мейірімділіктен туындауда.
Алла Тағала мұсылманның өзге мұсылмандарға қалай қарым-қатынас жасағанына АСА НАЗАР аударады. Яғни олар қалай қарым-қатынас жасаған болса, Алла Тағала оған солай қарым-қатынас жасайды. Мейірімділік пен рақымдылық көрсететін болса, Алла да мейірімділік пен рақымдылық көрсетеді. Мұсылман біреудің көңілін аулайтын болса, Алла оның көкейіне тыныштық ұялатады. Ал егер, әлдебіреудің жүрегіне жара салған болса, оның да жүрегіне уайым-қайғы салады.
ТАПСЫРМА:
- Мейірім мен шүкіршілік - егіз. Алланың шексіз МЕЙІРІМІН ІЗДЕУ, яғни айналаңыздан тек мейірім мен сұлулық іздеңіз. Күйбең тіршілікпен сұлулықты көрмей жүрген шығармыз. (аспанның ашықтығын, гүлдердің сұлулығын, жапырақтардың әдемі түсін, әлемнің әдемілігін т.с.с)
- Айналаңыздағыларды барынша МЕЙІРІМГЕ ШАҚЫРЫҢЫЗ. Мысалы, дәл бүгін отбасыңызға ерекше мейіріммен қарап, оларға қуаныш сыйлаңыз. Күнделікті жасап жүрген ісіңізді ерекше мейіріммен жасаңыз (ас әзірлегенде, балаңызға сабақ оқытқанда, айналаңызбен қарым-қатынаста т.с.с.)
- Мейірім жайлы кез-келген пост жазыңыз. Постыңыз басқаларды мейірімге шақыратын әсерлі пост болсын. Ғибратты хикая жазсаңыз да болады.
- Тізімдегі 5 адамды дәптеріңізге жазып қойыңыз:
1- өзіңізді
2 - өзіңізге ең жақын, жақсы көретін адамды
3 - сізге бейтарап (нейтральный) адам (коллегаңыз, көршіңіз т.с.с.),
4 - сіз танымайтын адам (1-2 рет көрген адам, атын білмеуіңіз мүмкін, тойда көрген көк көйлекті қыз деген сияқты)
5-ші сізге мүлдем ұнамайтын, жек көретін адамды.
Бұл тапсырманың жауабын ертеңгі эфирде білесіз.
ЕРТЕҢ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ИСЛАМИ МЕДИТАЦИЯ БОЛАДЫ, НАУШНИКПЕН ДАЙЫН КЕЛІҢІЗДЕР!
ЕСКЕРТУ: Мына амалдарды күнделікті жасауды әдетке айналдырыңыз.
- АЛЛА ҚАЛАСА, АЛЛАҒА ШҮКІР, АЛЛАНЫҢ АРҚАСЫНДА, АЛЛА БІЛЕДІ, АЛЛАҒА ТӘУЕКЕЛ, АЛЛАҒА АМАНАТ деген сөз тіркестерін үнемі қосып сөйлеуді әдетке айналдырыңыз.
- Әрбір амалды бастар кезде НИЕТІҢІЗДІ жаңалауды есте сақтаңыз;
- Дәретпен жүру;
- Электронды тәспімен "Аллаға шүкір" және "Астағфируллаһ" сөзін үнемі айтып жүріңіз. Көбірек айтқан абзал.
- 21 күн тілге фильтр жасау
- Күніне 3 Алланың көркем есімдерін сипатымен жаттап жүріңіз.
Ханымдар, тапсырмадағы түсінбеген ақпараттар тікелей эфирде толық айтылады, сондықтан, эфирді міндетті түрде көріңіздер.