July 10, 2024

Шақпақ ата жерасты мешітінің суреттері

Аңыз бойынша, ислам діні Маңғыстауға ХІІ ғасырда келген, оны Қожа Ахмет Ясауидің өзінің 362 шәкіртін уағыз айту үшін осы жерлерге жіберуімен байланыстырады. Шәкірттері мұнда ұстазынан үлгі алып, көптеген жерасты мешіттерін жергілікті жартастардан ойып салды. Олар әлі күнге дейін киелі жерлер ретінде құрметтеледі. Бірақ ислам діні келгенге дейін жасалған және ежелгі мистикалық наным-сенімдерді ұстанушылар пайдаланған заттар да кездеседі. Сондай орындардың бірі - Ақтау қаласынан 130 шақырым жерде орналасқан Шақпақ ата жерасты мешіті.☝️

Аңыз бойынша қарияның шын аты Шахмардан. Шақпақ ата – жас кезінде қойылған лақап аты. Жаулармен шайқас кезінде оның қаруынан ұшқындар ұшып, жауға үрей ұялататын. Бұдан ол шақпақ тас есімімен үндес лақап атқа ие болды. Аңыздарда оның бір саусағының тырнағын екінші саусағына тигізсе от шығуы мүмкін екендігі де айтылады.

Бір қызығы, мешіттің маңы кремний шөгінділеріне толы.🔥

Құрылыс Х-ХІІІ ғасырларға жатады, дегенмен ол б.д.д. отқа табынушылар өздерінің салт-жоралғыларын жүргізу үшін пайдаланған үңгірдің орны деген болжамдар бар.

Бастапқыда мешіт орталық күмбезді залдан созылып жатқан төрт камералы крест тәрізді бөлме болды. Кейіннен бұл жерде михраб – Меккенің орналасқан жерін көрсететін орын жасалды.

Шақпақ ата мешіті – Арал-Каспий өңіріндегі қабырғалары суреттермен, жазулармен безендірілген жалғыз тарихи ескерткіш.🤗

Сызбалардың арасында осы аймақ үшін дәстүрге айналған арқарлар, жылқылар, атты жауынгерлердің бейнелері бар. Қабырғалары араб, түркі-шағатай, парсы тіліндегі жазулармен безендірілген.

Кейінен жазылған жазбалар қажылардың қай аймақтан келгенін, әрі олардың отбасы туралы әңгімелейді. Олардың ішінде ең алғашқысы 1707-1708 жылдарға жатады.

Ең қызығы, осы жерден табылған адам алақанының бейнесі, ол - сопылар қастер тұтатын және Мұхаммед пайғамбардың сүйікті кенже қызының атымен аталған Фатима алақаны деп аталатын көне тұмар.

Бұл аңыздардың бірінде былай түсіндіріледі: Отқа халва әзірлеп жатқан Фатима үйге күйеуінің екінші әйел әкелгенін естиді. Бұл хабар оны қатты ренжіткені сонша, ол қасықты тастап, ауырғанын және күйгенін байқамай, жалаңаш қолымен халваны араластыра берді. Мұны көрген күйеуі өз ойынан бас тартып, көзі тірісінде үйге басқа әйелді кіргізбеген екен.

Сондай-ақ қолдың бес саусағы Исламның бес тірегінің символы болып саналады.

Ішкі көріністен бөлек, көне қорымдар орналасқан мешіттің кіре берісінде де, батыс жағындағы тас қуыстарда да ат пен қолдың бейнелері кездеседі.

Суретті түсірген: Сергей Алексеенок